«Өлең — сөздің патшасы»

minbay_aga_20111(Жас талапкер ақындарға ақыл-кеңес)
«Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы»,  — деп ұлы ақын Абай бекерге айтпаған. Өлең жазушыға қатал талап қойып айтылған. Бүлдіршінсің бе, жігітсің бе, қариясың ба, кім болсаң да Абай ақын талабынан шыға алмасаң, өлең жазамын деп әуре болудың қажеті жоқ.
М. РӘШ, ақын,  Жазушылар одағының мүшесі.

Достыққа арналған жырлар
Адамға ата мен ана қандай құрметті ұғым болса, жақсы дос, аяулы жолдас та сондай қастерлі екені өмірден жиі байқалып жүр. Алматы облысы Райымбек ауданының Қызылшекара ауылындағы мектептің 5 «А» сынып оқушысы Рысбек Альбина «Дос» деген тақырып қойып жазған шағын мақаласында «Қайран достыққа не жетсін. Қасыңда нағыз досың болса не арманың бар? Шіркін-ай мына заманда досыңа келіп өз арман, қиялыңды ортаға салып бөліскенге не жетсін» дейді. Дұрыс-ақ! Рысбек жүрегінен шыққан адал сөз екені аңғарылып-ақ тұр.
Ал, осы тақырыпты ол өлеңмен де жазыпты. Айтар ойы дұрыс болғанымен, өлеңге қойылатын талап ақталмапты. «Дос болайық бәріміз» деген өлеңін оқып көрейік:
«Әрқашан, дос, біргеміз,
Ажырамас іргеміз.
Ту қып ұстап бірлікті,
Ілгері жүріңіздер.
Достық жырын біліңіздер,
Еңбекті сүйіңіздер» деп, жаза берген. Осы өлеңде алғашқы екі жолдан басқалары үйлеспей, қабыспай, ұйқаспай тұр. Жеңіл жазыла салған. Асылы Рысбек өлеңнен гөрі мақала тұрғысында қара сөзбен жазғаны дұрыс шығар.
Қара сөзбен жазу – проза жанрына жататынын ескертеміз. Ойланар деп топшылаймыз.
Атырау облысының Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан жазған Л.Есболатқызы «Дос» деген өлеңінде достық туралы ойын былай түйіндейді:
«Досың болған қандай жақсы,
Сырды бірге бөлісетін.
Шын көңілмен ақтарылып,
Бір шаттанып келісетін».
Тәп-тәуір өлең. Ләситә Есболатқызына айтар тілек: Талабың өрістей берсін. Кітаптарды көп оқып, көп үйрен. Өлеңді мықты дайындықпен жазған ләзім демекпіз.
Осы тақырыпқа арналған өзге де оқушылардың өлеңдері баршылық. Десе де, көбісінің көркем-дік сапасы көңілден шықпай жатыр. Ойлары шашыранды, жалпылама да, ұзақ сонар төпей береді. Асылы өлеңнің көлемі ықшам, автор ойы ұшқыр да мағыналы, тапқыр болса ғана оқырманын елең еткізетінін ұмытпаған абзал. Әйтпесе шөп те өлең, шөңге де өлең болып кетуі мүмкін.
Іске сәт! Жас талапкерлер!

ПІКІР ЖАЗУ