Менің сүйікті кейіпкерім

Кітап оқу, кітаптағы шығарма оқиғасына кіріп кету, кейіпкерлерімен бірге қуанып, бірге қайғыру – өзінше бір ғажап дүние. Әр шығарманы оқыған сайын жаңа дос тауып марқайып қаласың. Сондай кітаптан тапқан, мен үшін басқа кейіпкерлерден өзгеше әсер еткен кейіпкер – Бердібек Соқпақбаевтың «Он алты жасар чемпион» повесіндегі Мұрат. Бұл кейіпкер несімен менің сүйікті кейіпкеріме айналды, соған тоқталайын.

Шығарма басында әлжуаз, аурушаң, бірақ «Мұрат өзін ешкімнен кем санамайтын. Жүректі, батыл еді. Тәуекелшілдігі мен батылдығы да бар болатын» деп, автор суреттегендей батыл баланың мақсатына жетпей тынбайтын табандылығына тәнті болдым. Қарт ата-анасының өбектегеніне де, қарсылығына да, жолында кездескен түрлі қиындықтарға да қарамастан, тынымсыз еңбектену, тер төгудің арқасында қарапайым ауылдан шыққан баланың, бүкіл Одақты әлемге танытқан чемпионға айналуы – Мұраттың менің сүйікті кейіпкерім болуының бірден-бір себебі.
Сондай-ақ, Мұраттың мен бас иетін қасиеті – Отанына, туған халқына деген адалдығы. Парижде капиталистік елге кетуге үгіттеген америкалық тілшіге: «Ата-анамдай көретін қымбатты Отаным бар. Мен — оның адал ұлымын», — деген жауабы, меніңше, жасөспірім бала үшін ерлікпен тең.
Қорыта келе, балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туған осындай шығармаларды менің замандастарым көбірек оқыса, күндік жолға шыққанда апталық азық болар еді, Мұраттай кейіпкерден үлгі алса, елі мақтанар азамат болар еді дегім келеді.

Амангелді Аяулым Қадырқызы,
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
№47 орта мектептің
7-сынып оқушысы
Жетекшісі: Нұргүл Байжұманқызы

ПІКІР ЖАЗУ