Кітап – ең үлкен қазына

Жазушы Ш.Мұртаза «Мәдениет-мәйегі кітап» десе,  Ғабит
Мүсірепов  «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», — деген.  «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Кітап — өмір ұстазы» деген ұлағатты сөздерді негізге ала отырып жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Себебі адамзат баласына керекті рухани байлықтың бәрі кітаптан табылады. Бүгінгі балалардың кітапты, көркем әдебиетті оқып, шығармадан өмірлік маңызды сұрақтарына жауап табуы, қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсе білуі, оның іскерлік қабілетін қалыптастырып, рухани жан дүниесін байытады. Абай ақын ақыл, білім туралы  «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», — деген болатын. Білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, кітап оқу – тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Білім – адамзат мәдениетінің ең көрнекті және ауқымды ұғымдарының бірі. Сонымен қатар, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтап тұрушы негізгі фактор. ХХІ ғасыр – руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры. Қай қоғамның да тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, біздің рухани – мәдени тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапхана. Мектеп кітапханаларының өз ерекшеліктері мен өзгешелігі бар. Бір жағынан олар жалпы кітапхана нормалары мен қағидаларын ескерсе, келесі жағынан және бастысы қазіргі заманның мектептің оқу-тәрбие процесінің талаптарын басшылыққа алады. Бүгінгі мектеп кітапханасы өз уақытының деңгейінде болып, мектептің дамуына үлгеріп, оған балалар мен жеткіншектерді тәрбиелеуге белсене көмектесуі тиіс. Балалардың кітап оқуға құштарлығын арттыру мақсатында Мемлекеттік деңгейде «Оқуға құштар мектеп» деген жоба  қолға алынған болатын.

Жуырда Оқу-ағарту министрлігі бекіткен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында республикада «Менің сүйікті кітабым» тақырыбында челлендж өтті.  Шараға республикамыздың барлық өңірі және Алматы, Шымкент қалалары тікелей байланыс арқылы қатысты. Әр оқу ордасы челендж аясында белгілі бір кітапты атап өтіп, оқуға шақырды. Іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Республикалық ғылыми — педагогикалық кітапхана қолдауымен өтті, барлық аймақтар ZOOM платформасы арқылы қосылды. Челлендждің мақсаты: еліміздің оқушыларын кітап оқуға шақыру арқылы оқу белсенділіктерін арттыру. Еліміздің әр өңірінен келген мектеп оқушылары Қазақстан жазушылары мен ақындарының шығармаларымен танысып, ақпарат дәуірінде маңызы зор шығармаларды оқуға араласады.

Кітап  адамды ізгілікке, ізеттілікке, адам болуға, арды аттамауға, жат қылықтарға бармауға тәрбиелейді. Кітап — өмір ұстазы, адамдарды болашаққа бастайтын бағдаршам. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті дағдылы істерінің біріне  айналдырса деп армандаймын. Онсыз өмірді түсіну, білім алу  мүмкін емес. Рухани тарихта ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінің, әдет-ғұрпын тануда кітаптың берер көмегі ұшан – теңіз. Ыбырай Алтынсарин: «Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар» деп, алдағыны көрегендікпен болжаған. Осынау білім деген шамның жарқырай түсуі үшін кітаптың,  сол кітаптың жинақталар жері – кітапхананың қашанда тұғыры биік болуы тиіс.

Шынайы білім – жарқын болашақ кепілі. Еңкейген қария да, еңбектеген бала да өз құндылығын кітаптан таба алады. Әрбір жас жарқын болашағы өзінің ғана қолында екенін естен шығармағаны жөн.

 Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

ПІКІР ЖАЗУ