Келешегінен көп үміт күттіретін дарынды оқушы

Жамбыл облысы, Меркі ауылында орналасқан №44 жалпы орта білім беретін мектебінің жарты ғасырдан аса тарихы бар. Қасиетті білім ошағында білім алып, түлеп ұшқан атақты спортшылар, өнер адамдары бүгінде ел игілігі үшін қызмет етіп, ауданымыздың абыройын асқақтатып, беделін асыруда.
Бүгінгі таңда да осы шаңырақта оқып, облыс, республика көлеміне танылып жатқан талантты, дарынды оқушылар жетерлік. Солардың бірі – білімге құштар талантты өрен, 9 «Б» сынып оқушысы Ардаққызы Жанаида. Жанаида жастайынан кітап оқуға, сурет салуға, ертегі тыңдауға, мүсіндер жасауға әуес болды. Білсем, көрсем, оқысам деген қызығушылығы оның талабын шыңдай түсті. Соның нәтижесінде талапты оқушы көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ұстаздарының мерейін асырып отыр. Биылғы оқу жылының өзінде жеткен жетістіктері аз емес.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мырсейтова Лаура Ерлікқызының жетекшілігімен 5-11 сынып оқу-шылары арасында өткен аудандық Төлеген Айбергенов оқуларына қатысып, «Шын дос болсаң бір келіп сырласып кет» бағыты бойынша 1-орын иеленсе, облыстық кезеңінде осы бағыт бойынша 2-орын иеленді. «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру аясында өткізілген «Білімге құмарлық — кітаптан» атты кітап оқу сайысында топ жарып 2-орынды жеңіп алды.
Тарих пәнінің мұғалімі Мукашева Жанар Серікқызының жетекшілігімен жас зиялыларға арналған Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының ұйымдас-тыруымен өткен ақын, көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жа-зушысы Мұзафар Әлімбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» атты Республикалық шығармашылық байқауына қатысып жеңімпаз атанып, жүлделі 2-орынға ие болып, бағалы сыйлықпен марапатталды. Сұлулыққа, әсемдікке жаны құмар Жанаида Республикалық «BIG ART» жас суретшілер байқауында «WINTER» тақырыбында жасаған көркем шығармашылығы үшін І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Математика пәнінің мұғалімі Баубеков Нұрланның жетекшілігімен Республикалық «Кенгуру» ойын-конкурсына қатысып, жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталса, 9-сынып оқушылары арасында математика пәні бойынша өткен «Дарынды математик» атты облыстық олимпиадасының жүлдегері атанып, 3-орынды иеленді.
Ардаққызы Жанаида – келешегінен көп үміт күттіретін дарынды оқушы, мектеп мақтанышы. Талабыңа нұр жаусын, қанаттарың талмасын дей отырып, алда да биік белестерді бағындыруыңа тілектеспіз.

Жанар Серікқызы Мукашева,
Жамбыл облысы, Меркі ауданы,
№44 ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі

ПІКІР ЖАЗУ