Қаржылық сауаттылық мектептен басталады

2020 жылы 30 мамырда «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген болатын. Қаржылық көрсетілетін қызметтердің серпінді дамуының, бөлшек өнімдердің онлайн-форматқа және жаңа цифрлық технологияларға ауысуының, неғұрлым күрделі әрі сонымен бірге тәуекелді қаржы құралдарына деген сұраныстың өсуінің қазіргі заманғы жағдайында халықтың қаржылық сауаттылығы мәселелері жандандыруды талап етеді. Халықтың қаржылық білімін арттыру қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі, халық пен бизнестің қаржылық көрсетілетін қызметтерге үздіксіз қол жеткізуінің, қаржылық орнықтылықты және қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз етудің шарты болып табылады.

 

Қаржылық сауаттылық қаржылық білім берудің үздіксіз процесі арқылы іске асырылады, ол халықтың хабардар болуын, қаржылық білімі мен дағдысын, жеке немесе отбасылық бюджетті басқару бойынша дұрыс әрі сараланған шешімдер қабылдауға көмектесетін әрекет ету модельдерін жақсартуға бағытталған. Ата-анасы балаға ерте жастан ақшаны дұрыс ұстаудың жолдарын, оның қайдан алынатынын және қалай дұрыс жұмсау керектігін түсіндіре отырып үйретуі қажет. Отбасылық бюджет үйге келетін барлық кіріс пен отбасының толық шығынынан құралады. Кіріс – бұл отбасы мүшелерінің жалақылары, зейнетақы, жәрдемақы, ақшалай сыйлықтар, материалдық көмек. Отбасының шығыны – тамаққа, киімге, тұрмыстық химияға, коммуналдық төлемге, егер бар болса, кредит төлеуге, сонымен қатар демалысқа, оқуға, ойын-сауық пен тағы басқаға жұмсалған қаражат.

Экономист-сарапшы, блогер Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі парақшасына балаларға ақша жұмсауды үйрету, қаржы үнемдеу туралы жазба жариялаған.

1. Ақшаны саналы түрде беріңіз.
«Түскі асыңа жұмса» деп ақша беру “есепсіз ақша беру” тәрізді пайдасыз. Екі жағдайда да бала ақшаны өздігінен жұмсай алмайды. Бірінші жағдайда «самсадан басқа ештеңеге жетпейді» деген ой қалыптасса, екінші жағдайда ақша «барлық қажетіне жарайтын» болып көрінеді.
Балаға ақша беру оның қаржылық сауатын ашуға жәрдемдесуі керек. Ол тек жұмсауды емес, артығын алып қалуды, жинауды да үйренуі тиіс. Сол себепті белгілі мөлшерде санап бергеннен гөрі, өзімен бірге есептеп, ақшаны қалай жұмсауды үйрету керек. Ақшаны, дұрысы, төмендегідей есептетіп үйретіңіз:

• Қажеттіліктер – бұл міндетті түрде жұмсалатын шығындар (жолға, мектепте тамақтануға, т.б.).
• Қосымша қажеттіліктер – жоспарсыз туындайтын шығындар. Мектепте мерекелік кешке дайындық болып, балаңыз үйге әдеттегіден кеш келуі мүмкін. Ол кезде кететін қосымша жол шығыны, тамақтану тәрізді ойламаған жерден шығатын жағдайлар үшін қосымша ақшасы болуы керек.
• Қорға ақша жинау – бұл ең маңызды пункт. Әрбір баланың өз арманы болады: бірі велосипед алғысы келсе, бірі бренд қуыршақты сатып алғысы келеді. Қалағанын алу үшін, балаға ақша жинауды үйретіңіз. Мысалы, күніне 100 теңге үнемдесе, 50 күннен кейін қуыршақ сатып ала алатынын түсіндіріңіз. Ал егер 200 теңгеден үнемдесе, 25 күннің ішінде мақсатына қол жеткізетінін түсіндіріңіз.
Баланың қолына ақша ұстатарда, осы қағидаларды ұғындырсаңыз, шығындарға басқаша көзқараста қарайтын болады.
2. Ақшаны аптасына не айына
бір беріп отырыңыз.
Қаржыны дұрыс басқартып үйретудің бір жолы – ақшаны күнделікті емес, аптасына немесе айына (жасөспірімдерге) беріп отыру. Алайда бұл қадамға қосымша шығындарды есептеп, қорға ақша жинауды үйренгеннен кейін көшіңіздер.
Алдағы аптаға арналған ақшаны қолына алғаннан кейін, бала өздігінен жоспар құрып, шығындардың орнын толтыруы керек.
Ақшасын ерте жұмсап тастаса, ашуға бой алдырмаңыз.
Балалардың көбі ақшасын ерте жұмсап тастайды. Мұндай кезде оған қосымша ақша бермеңіз. Ақшасыз жүрген күндері қателігінен сабақ алуға көмектеседі.
Егер мүлдем ақшасыз қалса, «қарызға» беріңіз. Бұл қарызын келесі аптада берілетін ақшасынан есептеңіздер.
Балаға ақшаны белгілі мерзімде әрі белгілі сомада беріп отырыңыз. Мысалы, жексенбі «ақша беретін күн» болсын.

3. Ақшаның құндылығын
түсінсін.
Кішкентай кезінде бала ақшаны мақсатсыз жұмсайды. Бірақ өсе келе оған қаржыны басқару өте маңызды екенін түсіндіре бастаңыз.
Мысалы, аптаның басында бала бәрін 0-ден бастайды да, апта бойы «еңбек етеді». Бұл еңбегінің ішіне қосымша кітаптарды оқу тәрізді пайдалы істерді кірістіріңіз. Алайда үлкендерге көмек етуді, кішілерге қарасуды міндетсініп кетпеуі керек. Сол себептен «еңбекақы» тек өзіне пайдалы, қосымша істерге арналсын.

4. Өзіңіз үлгі болыңыз.
Баланы ақшаны басқаруға үйрету үшін өзіңіз үлгі болыңыз. Шығындар мен кірістеріңізді есептер кезде, балаңызды қасыңызға отырғызыңыз. Зерігіп кетпес үшін, оған да ақша есептетіңіз.
Мысалы, отағасы мен отананың еңбекақыларын қосыңыз, бұл – кірістер. Шығындар қатарына коммуналды қызметке, азық-түлікке, жол шығындарына, балаларға жұмсалатын, басқа да шығындарды бірге есептеңіздер. Баланың санасында ақшаны қалай дұрыс басқару керектігі қалыптасады. Мұндай сабақтан кейін, “маған ойыншық алып бер” деген тәрізді еркелігінің де сап тыйылуы ғажап емес.

5. Қайырымдылық жасаңыздар.
Ақшасының белгілі бөлігін бала өз қалауымен жұмсауы керек. Ата-аналар бұл кезде де балаға дұрыс бағыт беруі тиіс. Мысалы, балалар қайырымдылық жасауға өздерін «кіші» санайды. Бірақ олар жастайынан жақсылық жасауға үйренуі керек.

Қайырымдылық көрсету баланың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады. Бұл оның ересек ғұмырына да оң әсер етеді әрі қайырымды болып өсуіне себеп болады.

Қаржыны дұрыс жұмсай білу үшін үнемшіл болыңыз — бұл саналы тұтынудың басты қағидасы. Телефонның, компьютер мен планшеттің зарядкасын да дәл солай өшіріп жүрген абзал. Саналы тұтыну қағидасын өмірдің барлық саласында, сондай-ақ ақшаға қатысты да пайдалануға болады, әрі пайдалану қажет. Жарнамаға сақтықпен қараңыздар. Теледидар экрандарында, телефондарыңызда, көшедегі жарнама қалқандарында күндіз-түні сатып алуды ұсынып жататын заттарды сатып алуға асықпаңыздар. Оның өзіңізге қаншалықты керек екенін ойлануға уақыт беріңіз.

Ата-анаңызбен дәл қазір сізге нені сатып алу маңызды екенін, ал нені қоя тұруға болатынын кеңесіңіз. Тағы да естеріңізге сала кетейік, керекті шығындар болады және қалаулы
шығындар болады.

Оқуға инвестиция салыңыздар. Шетел тілдерін оқып, пайдалы ермек табыңыз. Қаржы туралы, табысты адамдардың автобиографиялары жайлы көбірек кітаптар мен материалдар оқыңыз.
Артық ештеңе алып қоймау үшін дүкенге не сатып алатыныңызды жоспарлап барыңыз. Сауда орталықтарында заттар оларды барынша көп адам алатындай етіп орналастырылған. Оның үстіне менеджерлер көздің алдына ең қымбат заттарды қояды, ал арзанырақтары әдетте алысырақ, шетке қарай, бұрышқа қойылады. Касса маңындағы тәттілер де бала оны көріп, қолына алып, ата-анасынан сатып әперуді өтінуі үшін төмен қарай қойылады.
Қаржылық сауаттылық деңгейін жоғарылату эконо-микалық, әлеуметтік және қаржылық көрсетілетін қызмет-терге қолжетілділікті кеңейтеді және әлемдік практикада болашақтағы дағдарыстардың алдын алуға бағытталған қаржылық реформалардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тұтастай алғанда, қаржылық сауаттылық мәселелерінде көптеген елдердегі әлеуметтік топтар мен нысаналы аудиториялардың басым бөлігінде қажылық білім мен құзыреттіліктің жетіспеуіне байланысты біртекті проблемалар байқалады.

Халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жоғары болуы азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына құйылуына, қаржы нарықтарында бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Гауһар Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ