Қуғын-сүргін құрбандары – ел жадында

31 мамыр –саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1997 жылдан бері бұл күні атылған, жазықсыз лагерьлерде абақтыға жабылған адамдар еске алынады. Астана қаласы, Байқоңыр ауданының әкімдігінің ұйытқы болуымен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай аудан аумағындағы Қараөткел қорымындағы Смағұл Сәдуақасов жерленген зират басында қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиыны өтіп, марқұмдардың рухына бағышталып құран оқылды. Іс-шараға ғалымдар мен ардагерлер, Алаш зиялыларының ұрпақтары, студент-жастар қатысты. Еске алу рәсімін ашқан «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, құрбан болған Алаш зиялыларының есімін ел жадында қалдыру, жазықсыз «халық жауы» атанған өзге де айтулы азаматтардың есімін ақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып өтті.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр қыста қорытындысын шығарды. Қолға алынған жемісті жұмыстың нәтижесінде 311 мың адам ақталып, 2 млн 500 мыңдай құжат құпиясыздандырылды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Өкінішке қарай Алаш қайраткерлерінің көбінің бейіті жоқ. Олардың әрбірінің аты-жөндері, қайғы-қасіреттері, ауыр жолдары туралы естеліктер мен оқиғалар тарихта толық жазылмайынша ғылыми жұмыстар тоқтамайды. Смағұл Сәдуақасов атамыз айтқандай, артымызға анық көңілмен, алдымызға ашық көзбен қарайық, – деді Д.Қамзабекұлы.
Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді де сөз сөйлеп, Алаш қайраткерлеріне көрсетілер құрмет, жастардың санасына отаншылдық рухты сіңіру бағытындағы осындай іс-шаралар бұдан кейін де жалғасын табатынына сенім білдірді.
Астана төрінде бой көтерген өткеннің сан тарам беттерінен сыр шертетін ескерткіштер өте көп. Соның бірі – қуғын-сүргін жылдары жазықсыз айып-талып, атылып кеткен қазақтың біртуар сыршыл ақыны Сәкен Сейфуллинге қойылған ескерткіш. Сәкен Сейфуллин мұражай-үйінің қасынан орын тепкен бұл ескерткіш – ел тәуелсіздік алған жылдары бой көтеріп, Астананың тұтастай тарихы мен өсіп-өркендеу жолына куәгер болып келе жатқан жәдігерлердің бірі.
Астанада сонымен қатар «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» еңселі ескерткіш-монументі бой көтерген. Ескерткіщ авторы В.Пирожков туындысының негізгі идеясын былай деп түсіндіреді «Тарихтың небір тарам жолдарында, тауқыметті кезеңінде адамдарды аман алып қалған, келешегіне деген сенімін жоғалтпауға иландырған жалғыз күш үміт болатын. Үмітін үзбей, болашағына сеніммен көз тігуінің арқасында қазақ елі талай тауқыметті кезеңді артқа тастап, бүгініне жетіп отыр. Сондықтан да мен жұмысыма үміттің символдық белгісі ретінде баланың бейнесін алдым. Бала – үміт. Келешегіне үмітпен көз тігіп, перзентіне болашақты нұсқап тұрған Ана бейнесі өткен мен бүгінді байланыстырушы алтын көпір десек те болады. Ал артқы пландағы ақсақал бастаған бір қауым ел – ол аруақ, нәубет жылдардың құрбаны, яғни тарих. Осы үштік арқылы өткеніміз, бүгініміз және ертеңімізді жалғайтын тарихымыздың тұтастай панорамасын жасап шыққым келді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жерде ақсақал мен ана бейнесі басқа материалдан жасалған да, баланың мүсініне өзгеше рең берілген. Себебі бала – бүгініміз және ке¬лешегіміз. Ол – реалистік әлемдегі біздің өзіміз, яғни болашаққа деген үмітіміз бен сеніміміз. Сондықтан да аруақтарды өзгеше түс пен формада бердім де, баланы басқа реңкте бейнеледім».
Тарихқа көз жүгіртсек, 1937 жылдары Қазақстанда жүргізілген репрессия 11 айға созылып, 25 мың адам ату жазасына кесілген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекеттік комиссия құрамына ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Барлығы Комиссия құрамына 49 адам кіреді. Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.
Кеңес Одағы аумағында өмір сүрген және жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған барлық халықтар мен әлеуметтік топтардың өкілдері. Қуғын-сүргін 1918-1920 жылдардағы азамат соғысы аяқталғаннан кейін жиырма жылдан астам уақыт бойы жалғасты.
1921-1954 жж. аралығында тек Қазақстанда 100 000-ға жуық адам саяси айыппен сотталып, оның 25 000-ға жуығы атылды. Бұл сан «хат алмасу құқығынсыз» деген үкіммен жазаға тартылған қуғын-сүргінге ұшырағандардың үлкен бөлігін әлі көрсетпейді — бұл көбінесе туыстарына сотталғанның өлім жазасы туралы хабарламасы болды. Тарихшылардың деректері түрлі болғанмен, сталиндік қуғын-сүргін кезінде зардап шеккен ондаған миллион тағдырларды қамтиды.
Бұрынғы КСРО-ның барлық халықтары сол оқиғалардан зардап шекті, бірақ қазақ елі үшін бұл тарих кезеңі ең қасіретті болды: қазақ зиялылары саяси қуғын-сүргіннің құрбандары болды, ал бұл 1917 жылғы төңкеріс кезіндегі бірнеше мыңдаған білімді қазақтар.
Саяси қуғын-сүргін ең жоғары шегіне азамат соғысынан кейін жетті. 1920 жылдардың аяғында Қазақстан аумағында «халық жауларын» үнемі іздестіру нәтижесінде олар Алаш Орданың ең белсенді қайраткерлерімен, соның ішінде біршама жоғары лауазымды қызмет атқарған және елге сіңірген еңбегімен күресті.
1928 жылдың аяғында «Алаш» партиясының белсенді мүшелерінің барлығы дерлік жалған айыппен тұтқындалды: Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров, Сұлтанбек Ходжанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Әбдірахман Байділдин және т.б. Бұлар, басқа да көрнекті қайраткерлер сияқты «буржуазиялық ұлтшылдар» деп аталды. Олардың кейбіреулері атылып, басқалары лагерьде қайтыс болды.
Жазықсыз жапа шеккен алаш арыстарының есімдері мен ерен ерліктері үздіксіз үнемі дәріптелетін болады. Өйткені, уақыт өткен сайын тарихта өшпес із қалдырып, ел үшін құрбан болған бабаларымыздың ерліктері мен мұралары болашақ ұрпақ үшін темірқазық іспетті болары анық. Алаштың алыптары қазақтың жерінің қасиетін кетірмей, бүгінгі ұрпағына қалдырды. Бабалардан қалған аманатты, оның қасиетін білу әр адамның азаматтық парызы.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ЖАЗУ