Инклюзивті білім беру – кедергісіз келешек

Астана қаласында жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу жөнінде жағдай жасалуда. Білім алудың маңызды шарттарының бірі – кедергісіз білім алуға қол жетімділікті ұйымдастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды», деген еді.

Жуырда Астанада мектеп мұғалімдерінің жұмысын сүйемелдеуге бағытталған  қалалық инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды. Жаңа орталық елордалық Ж. Тәшенев атындағы № 10 мектеп базасында ашылды, онда көру қабілеті төмен 168 оқушы, оның ішінде 28 көру қабілетінен айырылған бала оқиды. Ресурстық орталық елорданың басқа мектептеріне ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім беру процесіне қосу бойынша осы мектептің тәжірибесімен бөлісу үшін ашылды. Ресурстық орталықтың мамандары елорданың жалпы білім беретін мектептеріне консультативтік және әдістемелік көмек көрсететін болады. Тифлопедагог, логопед, психолог және дефектолог сияқты арнайы педагогтар практикалық семинарлар, консультациялар ұйымдастырады, сондай-ақ мектеп педагогтері үшін ақпараттық материал дайындайды. «2015 жылдан бастап біз ерекше балалармен жұмыс жасауда үлкен тәжірибе жинақтадық, енді басқа мектептердің педагогтарымен бөлісуге дайынбыз. Білім алуда ерекеше қажеттіліктері бар оқушыларымыздың 16% ғана мектептің жанында тұрады. Қалғандары үйлеріне жақын мектептерде білім алса, бұл ерекше баласы бар отбасына ыңғайлы», – деді № 10 мектеп-гимназиясының тифлопедагогы Сәуле Сағымбаева. Орталықты «Дара» қайырымдылық қоры MARS компаниясының қолдауымен ашты. Компанияның көмегімен ресурстық орталық қажетті тифлотехникамен, арнайы жиһазбен, сондай-ақ балалармен жұмыс істеуге арналған дамытушы және әдістемелік материалдармен жабдықталған. «Инклюзия тақырыбы – біздің қоғам алдында тұрған үлкен және маңызды мәселе. Mars компаниясында біз әр адам – бірегей және дарынды деп санаймыз және ертең көргіміз келетін әлем бүгінгі істерімізден басталады деп сенеміз. «Дара» қайырымдылық қорымен ынтымақтастықтың арқасында біз балаларға лайықты білім алуға көмектесіп жатқанымызға қуаныштымын», – деді Арман Сүтбаев, Орталық Еуразия, Беларусь және Түркиядағы Mars бас менеджері.

Ақпан айында да  Астанада жаңа инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылған болатын. Жаңа мекеменің міндеті – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды құрдастарының арасында тең сезіну үшін дамыту үшін қолайлы кеңістік құру. Инклюзия кабинеті №43 қосымша білім беру мектеп-орталығы базасында ашылды. Ол 4 аймаққа бөлінеді: әдістемелік бөлім, демалыс аймағы, логопед және дефектолог. Онда арнайы жиһаз, оқу ойыншықтары, сенсорлық интеграциясы бар жұмсақ жастықтар, мұғалімдерге арналған техникалық жабдықтар бар. «2020 жылы біз жаңа корпусқа көштік, осыған байланысты инклюзия кабинетіне қажеттілік туды. Қазіргі уақытта мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар 16 бала оқиды, сондықтан кабинет олардың дамуына баға жетпес көмек көрсетеді», — деді Астана әкімдігінің «№43 қосымша білім беру мектебі-орталығы» ШЖҚ МКК директоры Нұртас Жағабаев. Кабинетте психолог, педагог-ассистент, логопед және дефектолог сияқты мамандар жұмыс істейтін болады. Бүгінде елордада 28 инклюзияны қолдау кабинеті, 2 оңалту орталығы, сондай-ақ 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек жыл сайын аутизммен ауыратын балалар саны артып келеді. Бүгінгі таңда логопед, дефектолог, сурдопедагог кадрлар тапшылығы бар, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары жеткіліксіз. Абилитация – балалардағы патологиялық жағдайларды ертерек алдын-алып, емдеу мақсатында жұмыс істейтін емдеу-педагогикалық шаралар жүйесі. «Абилитация» ұғымын «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына енгізу қажеттігі туындап отыр. Қоғамда инклюзия кабинеттерінің қажеттілігі артып келеді. Бүгінгі таңда Астана қаласында 0-ден 18 жасқа дейінгі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 19 500 бала тіркелген. Қазір ата-аналар сауатты болып, уақтылы түзетудің маңыздылығын түсінеді.  Әрбір балаға, оның қажеттіліктеріне және басқа да жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік беру қажет.

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

ПІКІР ЖАЗУ