БАСТЫ МІНДЕТ: Оқушылар арасында «бауыр», «бауырластық», «бауырмалдық» деген қазақы тәрбиені қалыптастыру
Қоғам дамыған сайын адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгеріп, бала құқығы, ана құқығы, әке құқығы деген сияқты түрлі түсініктер алға шығып, күрделеніп, күнделікті қадағалауды қажет ететін мәселеге айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе мектептердегі орын алатын зорлық-зомбылыққа қатысты «Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану керек. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс» деп ескерткен болатын. «Ауруын жасырған өледі» дейді халқымыз. Сондықтан ащы болса да шындыққа тура қарап, жас оқырмандарымыздың өзінің құқығы, мектептегі тәрбие мен білімнің мәні мен мағынасын парасат пайыммен түсініп, қабылдауы үшін осы тақырыпта ұстазбен сұқбаттасып, ой бөліскен едік.
Журналымыздың кезекті қонағы Ақмола облысы білім басқармасының Астана қаласындағы №2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернат директоры Шамұратова Рысжан Шерниязқызы.
– Өзіңізге белгілі, ана мен бала құқығын қорғау мемлекеттің негізгі басым бағыттардың бірі. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы ҚР «Қазақстан Республикасының ана мен бала құқығы мәселелері жөніндегі заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы» Заңына қол қойды. Осы Заң бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі де балалардың дұрыс тәрбие алуы мен құқығының қорғалуына жауапты. Яғни мектептерде де баланың құқығының сақталуына басшылық белгілі дәрежеде жауапты деген сөз. Жалпы оқушылардың құқығын қорғауға байланысты мектептің міндеттері қандай?
– Қазіргі мектеп қабырғасында отырған оқушы – елдің ертеңі, болашағы, қоғамның бір мүшесі. Қазақстанда балалар құқығын қорғау заңмен белгіленіп, әр бала мемлекеттің қамқорлығында. Адамзат баласының туған кезінен 18 жасқа толғанға дейінгі құқықтары мен бостандықтарын бекітетін халықаралық құқықтық акт – Бала құқықтары туралы конвенциясы да мектептегі баламен жұмыста ұстанатын негізгі құжат болып табылады. Айталық, осы конвенцияда балалардың кім екендігі түсіндіріледі, сондай-ақ олардың барлық құқықтары мен үкіметтің міндеттемелері тізіліп көрсетіледі. Барлық құқықтар өзара байланысты, олардың бәрі бірдей маңызды және оларды балалардан бөлек қарастыру мүмкін емес. Яғни барлық балалар бірдей біліммен қамтамасыз етілуі, өмір сүруге, есімінің болуы, мәдени дамуы, аман-сау болуы, ата-анасының қамқорлығын-да отбасында өмір сүруі, денсаулығын сақтауына, нығайтуға, төтенше жағдайлардан қорғалу құқығы қарастырылған.
Мен өзім басшылық ететін мектепте оқушыларға өз ойын еркін білдіруге, айтуға, өзінің болашақ азаматтық көзқарасын қалыптастыруда дербес болуына мүмкіндік беремін. Сондықтан да кез-келген уақытта бала өзін ойландырған сұрақтарына жауап алуы үшін менімен қолжетімді байланыс жасауына қарсы емес екенімді ұжымым, оқушыларым біледі.
Менің ұстанатын негізгі қағидаларымның бастысы – балаға сенім арту, оған қауіпсіз орта туғызу. Балаға көбірек уақыт бөліп, оған мейіріммен байланыс жасап, өзіңнің қамқор екеніңді сезінгеннен артық бақыт жоқ. Балаға сенім артқан сайын, өзіме сенімді болатынын білдім. Бірнеше жыл директордың тәрбие және оқу орынбасары қызметтерінде жүрген тәжірибемнің ең маңыздысы – баланың қауіпсіздігі мен құқығына арналған уақыттарым. Балаға мектепте қысым көрсететін орта емес, керісінше баланы шабыттандыратын, қызықтыратын, қанат бітіретін киелі орта болуы тиіс.
Мен басшылық жасайтын мектеп-лицей-интернат – ол «Өмірдің өзі» десем болады. Баланың құқығын бұзбас үшін мектепте әр бала өзінің оқушылық міндеттері мен құқықтарын жақсы білу керек. Оны білдіретін де, үйрететін де әрине өзіміз. Баланың заңмен қорғалған құқықтарын бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Ол үшін барлық ұстаздар әр баланы өз баласындай жақсы көре алатын жанашыр болуы керек. Балалардың міндетті – білім алуына қолайлы орта туғызу әрбір мектеп басшысының міндеті.
Конвенцияның 54-бабында өктемдік көрсетуден қорғау туралы анық айтылған. Бала тек мектепте ғана емес қоғамдық ортадан да, отбасынан да, ұстаздан да қысым көрмеуі керек. Мектепке жұмысқа қабылданған әрбір ұстазға қоятын алғашқы сұрағым да осы – «баланы жақсы көресіз бе?».
Өзім басшылық жасайтын білім ордасында оқушылардың құқығын бұзуға жол берілмейді. Қандай шара болмасын ата-анасының қатысуымен жүргізіледі.
– Құқықтық тәрбиенің мәні мен міндеттері қандай? Оқушыларға түсіндіру жұмыстар қалай жүзеге асады?
– Қазіргі уақытта балаға бірінші білімнен де бұрын тәрбие беру маңызды. Оның ішінде құқықтық тәрбиенің орны бөлек. Оның мақсаты: тұлғаны жан-жақты үйлесімді дамыту, қоғамның әр азаматы бағынуы тиіс мемлекеттік заң талаптарынан бастау алатын әр баланың күнделікті мінез-құлық қылықтарын қалыптастыру болып табылады. Бірінші кезекте құқықтық санаы тәрбиелеу. Тәрбие жұмысының барлық құрылымында құқықтық тәрбиеге аса мән беріп, оны ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін үздіксіз жетілдіріп келеміз.
Бала не істеуге болатынын, болмайтынын, өзіне өзі қызметтің маңызы, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп өсуі тиіс. Біздің мектепке оқушылар 7-сыныптан бастап қабылданады. Келген сәттен бастап мектеп жарғысына негізделген мектептің ішкі тәртіп ережелерін таныстырамыз. Жатақхана өмірінде ұстанатын арнайы ережелер, күнделікті күн тәртібі, тамақтану ережелері барлығы таныстырылады. Бастысы, балаға дұрыс бағыт-бағдар берілуі тиіс. Таныстыру жұмыстарын жасау үшін арнайы жиындар, қыздар және ер балалар жиналыстары (ерекшеліктеріне қарай) өткізіледі. Осы ережелер ата-аналарға да таныстырылады. Таныстырылып қана қоймай орындалуын да бақылап, талап ету де маңызды. Бала өзінің алдындағы, отбасы алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, қажетті құндылықтардың орын алуына жол ашып, қоғамға, жан-жағына кесірі тиетін қатынастарды шектеуді міндеттейміз.
– Мектепте зорлық-зомбылық, әлім-жеттіктің алдын алу шаралары қалай жүзеге асады?
– Алдымен баланың келеңсіз, жағымсыз әрекетпен айналысуына мүмкіндік бермеу. Баланың мектептегі уақыттары қызықты әрі дұрыс ұйымдастырылған болуы керек. Мектеп өміріндегі балалардың танымын арттыратын үздіксіз жұмыстар болу керек. Сынып сағаттарында үнемі балаларды ынтымақ пен адамгершілікке үндейтін әңгімелер көп қозғалуы керек. Бастысы, балаға жүрекпен жеткізу маңызды. Атүсті қалай болса, солай бұйыру жағдайында емес әрбір сөз жүректен шығып жүрекке жету маңызды. Ол үшін ұстаз да сол талапқа лайық болса деймін. Әр түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерден мамандарды шақырып балаларға үздіксіз дөңгелек үстел, кездесулер көптеп жүргізілуі тиіс. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп өсиет етеді, Абай хакім. Сондықтан алдымен баланың тыңдау дағдысын қалыптастыруға маңыз беру керек. Тыңдай алған оқушы ғана берген білім мен тәрбиені қабылдайды.
– Мұғалімнің оқушымен қарым-қатынас құқықтары қандай? Баланың ұстазбен қарым-қатынасы қалай реттеледі?
– Бұл жерде ең бірінші ұстаздың біліктілігі маңыз береді. Қандай оқушы болса да, қандай сынып болса да өзгеріс енгізе алатын жақсы ұстаз. Отбасында құрмет қағидасы дұрыс орныққан отбасы балалары ұстазды да құрметтейді. Керісінше, ұстазды тыңдамайтын оқушылардың отбасында осы қасиет көрініс таппаған. Бала көргенін жасайды. Біздің мектептің тағы бір ерекшелігі «ұстаз бен оқушы» «ана мен бала» қағидасында десем артық болмайды. Балалар ұстаздарын жақсы көреді, құрметтейді. Ұстаз бен шәкірт арасында құрметсіздік немесе құқық бұзушылық болмайды, оған жол бермеуге тырысамын. Ол мүмкін де емес. Ең бірінші, үлкен әріппен «ҚҰРМЕТ» деген ілім бірінші орында тұрады. Ізгілік, ізет, имандылық инабаттылық, ибалылық мәселелерін ұрпақ бойына сіңіру – басты мақсаттарымыздың бірі. Бұл әр мектептің өзінің тәрбие берудегі өзіндік ерекшеліктері мен тәжірибесі деп ойлаймын.
– Балалар арасында әлімжеттік мәселелерін шешуде нақты қандай заңдылыққа сүйену керек?
– Оқушылар арасында «БАУЫР», «БАУЫРЛАСТЫҚ», «БАУЫРМАЛДЫҚ» деген қазақы тәрбиені қалыптастыру. Бұл мектепке келген күннен бастап ұлттық құндылықтар беруге бағытталған мектеп жобаларын қолға алдым. Негізі қазақы тәрбиеге ештеңе жетпейді.
Мектебімізде әлімжеттік деген болмайды, ол да мүмкін емес. Қандай мәселе болмасын шешу жолдарын арнайы заңдылыққа негіздейміз. Қазіргінің тілінше «буллинг» деп жатамыз. Егер әлімжеттік жасалған зорлық-зомбылық орын алса, бірінші ата-анасына хабарланады. Заңды тұлғаның қатысуынсыз баламен жеке жұмыс жасауға жол берілмейді.
Балалар мен жасөспірімдерді зорлық-зомбылықтан және қатігездіктен қорғау, оларға қатысты қылмыстың алдын алу шешімі тәртіп аралық сипатты иеленетіні маңызды, әлеуметтік мәні бар және өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Зорлық-зомбылықты бұлтартпау қызметіне құқық қорғау, қамқоршылық және қорғаншылық қызметкерлері, әлеуметтік және педагогикалық аймақ өкілдері, медициналық және психолологиялық қызмет өкілдерін жұмылдыру тиіс. Бірақ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және бұлтартпаудың тиімді жүйесін құру және қатігездіктен зардап шеккен құрбандарына көмек көрсету жөніндегі күш кездестірілетін кедергілерге байланысты жүзеге аспай қалып жатады.
Жалпы, зорлық-зомбылық болған жағдайда не істеуге болады? Ең алдымен балалардың заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін білу қажет. Әрбір бала полицияға арыздана алады. Заң бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты күшкөрсету істері арыз бермей-ақ қозғалады. Егер қандай да бір себептермен кәмелетке толмаған баланың полицияға баруға мүмкіндігі болмаса анасына, достарына, мұғалімдерге оқиға туралы айтуы қажет немесе сенім телефонына қоңырау шалу керек деймін.
Бастысы, салдарынан бұрын болдырмау үшін алдын-алу жұмыстарын сапалы жүргізу керек деп ойлаймын.
– Баласын ұратын ата-аналар бар ма? Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме?
– Бала-әрбір отбасының айнасы десем қателеспеймін. Себебі, отбасындағы барлық жағдайды баласының қас-қабағынан-ақ оқып отырамын. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, төменгі сынып оқушылары ешқашан жасыруды білмейді. Қазір ата-аналар әлеуметтік жағдайды жасаймын деп жұмысбасты болып, өз баласына уақыт бөле алмайды. Бірақ ол сылтау болуға тиіс емес.
Бұл тұрғыда айтайын дегенім, Көкшетау облысына іссапармен барып жолда келе жатып Кенесары деген ауылға жолым түсіп 17 бала асырап отырған Кабылбаев Мұрат деген ағаның шаңырағында қонақ болдым. Өз баласынан артық көретін өзге ұлт өкілдері балаларын да сол бір жүрегіне сыйғызған. Барлығына жағдай жасап қана қоймай, ұлттық тәрбие беріп, қазақ тілін үйреткен. Бірлігі жарасқан осы отбасын өз ата-аналарыма үлгі етіп, айтып бердім. Бала отбасында мейірімге бөленіп өсуі тиіс. Бұл әр ата-ананың міндетіне кіретінін еске салғым келеді. Балалардың құқықбұзуға баруының ар жағында осы ата-ана тәрбиесіндегі мейірімнің жетіспеушігі жатыр.
Ал мектепте баланың ең жақын досы – мектеп психологы. Әртүрлі отбасылардың бар болатыны секілді, олардың тәрбиелері де әртүрлі. Таяқ жейтін, өз баласын ұрған ата-аналар тәжірибемде кездесті. Ондай ата-аналарды шақыртып жеке түсінік жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Әрине, жұмыс мектеп құқықтық білім беру мамандарының, психологтардың қатысуымен жүргізіледі. Хаттама толтырылады. Егер мұндай жағдайлар орын ала берсе, зорлық-зомбылықты бұлтартпау қызметіне, құқық қорғау, қамқоршылық және қорғаншылық қызметкерлері, әлеуметтік және педагогикалық аймақ өкілдері, медициналық және психолологиялық қызмет өкілдерін жұмылдырып мәселеге жан-жақты қарап баланың құқығын қорғауға тиістіміз.
– Адамның жалпы мәдениеті мен құқықтану мәдениеті арасындағы байланыс туралы оқушыларға қандай ақыл-кеңес бересіз?
– Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Бұл данышпан, ұлы Абайдың сөзі. Былтырғы оқу жылының басында білім ордаларында жүргізілетін тәрбие жұмысына Абайдың «Толық адам» ілімін тәрбие тұжырымдамасына енгізіп, сол бағыт бойынша ұрпаққа тәрбие беріп жатырмыз. Ал, биылғы жылы енгізіліп жатқан «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» бойынша жалғастырамыз. Абай айтқан қасиеттерді бойымызға ұялату, сіңіру сіздің қойған сұрағыңыздың жауабы болмақ. Балалар осы жақсы қасиеттерді бойына дарытқанда ғана, жүрегіне құндылық деген рухани қасиеттерді жинағанда ғана мәдениетіміз де құқықтық сауттылығымыз да өз орнында болады.
Кітап оқуға, телефонмен емес кітаппен дос болуға шақырамын. Мен өз оқушыларыма үнемі «ағыста болыңдар» деп айтамын. Бір орнында тұрып қалған су саситыны секілді. Ойсыз бірсарынды тірліктен жетістікке жету қиын, су ағыста болған сайын тазарып, мөлдірленіп отыратыны секілді адам да үнемі жаңалыққа ұмтылып, білім алуға құштар болуы керек. Оқушыларыма өзіңді дамытуға ұмтыл дер едім.
Қандай өсімдік ексең де ол күнге зәру, оның жүрегі саналатын тамыры ылғалға мұқтаж. Бала да сол секілді. Тек қана ата-анасының ғана емес ұстаздың, қоғамның мейірімімен өсуі тиіс. Қорыққаннан емес, ұяттан өліп кетпес үшін қызмет ету маңызды екенін ұжымның есіне салып отырудан жалыққан емеспін. Сонда ғана ұлтқа қызмет жасауға адалдық танытамыз.
Ұлтқа қызмет жасау – әр адамның өз ісіне адалдығынан көрініс табары сөзсіз. Оның ішінде, мектептегі ұстаздардың әр оқушыны өз баласындай көріп, ертеңгі күні өмірден таяқ жеп жылап отырмайтын жағдайын ойлап қабылдауы. Ол үшін Абай атамыздың «кез-келген ортаға біліміңмен емес мінезіңмен сыясың» дегенін, Әлихан атамыздың «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенін еске түсіргім келді.
Шын мінез қабырғаңды біртіндеп сөгіп жатса да отбасыңа, ұрпаққа, халқыңа пайдасы тиюі үшін адал қызмет ету деп түсінемін. Олай болса, балаларға құқықтық болсын, барлық құндылықтарды, сіңіруде қалыптастыруда бірінші ұстаздар өзіміз үлгі болуымыз керек деймін!
– Өте әсерлі, жүректен шыққан әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ