Астана – салауатты қала

«Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және балаларға басымдық беру қажет. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт секциялары ашылуы керек»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында елімізде саламатты және салауатты өмір қалыптастыру үшін алдымен бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, халыққа қолайлы спорттық орта құру мен спортшыларды даярлауға тиісті жағдай жасау туралы үнемі айтып келеді. Сонымен қатар Президент спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажеттігін де ескерткен болатын. Егер бұқаралық спортты дамытуды және саламатты өмір салтын насихаттауды қаржыландыруға аталған мекемелер тарапынан да көмек болса, спорт саласындағы материалдық-техникалық базаның заман талабына сай жасақталуына зор септігі тиетіні белгілі. Спорттың дамуы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне және байрақты бәсекеде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге, халықтың саламатты, салауатты өмірін қамтамасыз етуге әсер етері сөзсіз. Осы орайда елімізде спорт кешендерін дамыту, аула клубтарында, көшелерде жаттығуға қолайлы орта құру күн санап өркендеп келеді.
Сәйкесінше, Астана қаласында денешынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің саны мен сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Ресми ақпарат бойынша бүгінде елорда тұрғындарының 37,26 пайызы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Сондай-ақ аула клубтарында балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Қалада барлығы 33 аула клубы жұмыс істейді. Онда 3100-ге жуық бала cпортпен тегін айналысады. Ал қаланың 91-ден астам жалпы білім беретін мектебіндегі 52 спорт секциясында 30 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады.
Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаевтың айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда елордада бұқаралық спортты қаржыландыру 3 есеге артқан. Қ. Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы мен «Қазақстан» спорт сарайын қайта құру және жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоспар бойынша 2024 жылы барлық жөндеу жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы бағдарламасы аясында қаладағы «Толқын», «Жеңіс», «Барыс» спорт кешендерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Үрмелі футбол манежі» ауыстырылып, «Астана Арена» стадионының футбол алаңы жаңартылып, нысан қазір халықаралық футбол қауымдастығының (FIFA) талаптарына сай жарақтандырылды.


Былтыр мамандандырылған спорттық медициналық орталық және «Арғымақ» ат-сауықтыру кешені ашылды. Спорттық медициналық орталық спорт медицинасын, оңалту және қалпына келтіру саласындағы ең заманауи жабдықтармен жабдықталған. Түрлі деңгейдегі жарыстарға, оқу-жаттығу процесіне медициналық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Ат спорты кешені ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерін (конкур, көкпар, аударыспақ, бәйге, теңге ілу, жамбы ату) дамытуға, сондай-ақ иппотерапия әдісімен мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар елорда тұрғындары үшін арнайы «Қолжетімді спорт» жобасы қала әкімдігінің қолдауымен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен қолға алынды. Соның нәтижесінде, қала тұрғындары спорттың 11 түрі бойынша таза ауада жаттығып жүр. Жыл бойы қала тұрғындарының, соның ішінде балалардың демалыс уақытын тиімді өткізу және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның мәні мен маңызы зор. Жоба жоспары бойынша жаз айларында жүгіру, йога, зумба, воркаут, скандинавиялық жүріс, тыныс алу гимнастикасы, стритболдан тегін жаттығулар мен сабақтар ұйымдастырылса, қыс мезгілінде шаңғы және коньки тебуден тегін жаттығулар өтеді. Жоба қаланың шет аймақтарының тұрғындарын да қамтыды.
Қала тұрғындарын спортқа бейімдеп, бұқаралық спортты дамыту үшін тұрғын алаптарында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, саябақтар, скверлер, аулалар спортпен айналысуға қолайлы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қалада спорт кластерін қалыптастыру жұмыстары жүзеге асып жатыр. Спорт мекемелері тек кәсіби ойындар мен қойылымдарды өткізуге ғана емес, сонымен қатар балаларды, қарттарды жаттықтыру үшін де арнайы жобаларды жоспарлауда. Белгілі спортшылар жаттығатын кәсіби алаңда жаттығу жастарды ынталандырады. Биыл қалада спорт колизейі ашылды. Триатлон паркі, ЕҰУ ғимараты жанындағы көпір астында арнайы спорт алаңдары жасақталды. Қаладағы барлық саябақта Street Workout алаңдары мен жаттығуға арналған құрал-жабдықтар қойылды.


Елордада олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрімен айналысатындар қатары да жыл санап артып келеді. Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қалада олимпиадалық спорт түрлерімен айналысатындардың жалпы саны 142725 адамды құраса, олимпиадалық емес спорт түрлерімен жалпы 341103 адам айналысып жүр. Ең танымал ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақ болса, жалпы ұлттық спорт түрімен қала бойынша 11128 адам айналысады. Былтыр қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты екі мекеменің жұмыс жүйесі өзгеріп, «Толағай» жоғары спорт мектебі» – «Спортты олимпиада спорт түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып, ал «Жігер» спорттық клубы» – «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып қайта құрылды. Осы өзгертулердің нәтижесінде, Олимпиадалық және Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекцияларының құзыреті артты. Астаналықтар арасында ең танымал спорт түріне жүгіру, велосипед тебу, футбол, стрит воркаут, скандинавия жүрісі, шахмат, баскетбол, балалардың фитнес жаттығуы, зейнеткерлерге арналған жаттығулар, йога, дойбы және басқа да спорт түрлері жатады.
Осылайша, Астана тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және азаматтарды бұқаралық спортқа баулу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ