Бар ғылымның бастауы…

Мектеп табалдырығын аттап, білім алу жолындағы бірінші қадамдарын жасаған балаларды алғашқы қоңыраумен қарсы алып, Әліппенің күтіп алары қуантарлық жағдай. Ғылым қуып, білім алып тұлға болып қалыптасуының бастауы міне, осы әліппеде жатыр.

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Саймасай ауылында орналасқан А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің 1 «Ә» сынып оқушылары «Әліппемен» қоштасып, «Ана тілін» құшақ жая қарсы алды. Сынып жетекшісі Мөлдір Даникулованың жетекшілігімен ұстаздар мен ата-аналардың алдында оқыған білгендерінен есеп беріп, ән айтып, өлең оқып, би билеп қошеметке бөленді.


1 «Ә» сыныбының оқушысы Кәусар Нүсіпжан сахнада қойылған әнге де, биге де белсенді қатысып алғырлығын көрсете білді.
Кәусар: «Әліппеден алған білімінің арқасында әріптерді танып, оқи алатын болдым. Күнделікті кітаптарымды өзім дайындап, үй тапсырмасын да шамам жеткенше өзім орындайтын болдым. Анамды немесе әпкемді орынсыз мазаламаймын» — деп қуанышын жасыра алмады. Оқушылар үйренген ән-жырларын мәнеріне келтіріп орындап, мың бұрала билеп мерекенің сәнін келтірді. Балаларға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу – келешегіміздің кемел болуының айғағы.

Айдана Байтұрсын, «Мөлдір бұлақ»

ПІКІР ЖАЗУ