Балаларға базарлық

Шаяхмет Қалиұлы 1959 жылы Іле Қазақ облысы, Үйсінтау етегінде дүниеге келген. Үрімжі қаласындағы Шынжаң Университетін 1984 жылы бітірген. 1984-1997 жылдары Іле педагогикалық университетінің математика факультетінде оқытушы болып қызмет етті. 1997-2000 жылдары Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің «Механика-математика» факультетінің аспирантурасында оқыды. Жоғары математика ғылымы бойынша 20, «Шипагерлік баян» бойынша 20 мақаласы баспасөзде жарық көрді. «Ар-Ақиқат», «Намыс» қатарлы екі жыр жинағының авторы. Осы кезге дейін жалпы бес кітабы жарық көрді. Елуге тарта өлеңінің сөзіне ән жазылды.

 

АНА ТІЛІМ

Ана тілім – бақытым,
Асылым һәм жақұтым.
Ел болған да еншіме,
Сақтан қалған сарқытым.

Ана тілім – қорғаным,
Жанашырым, қормалым.
Ар-ұятым, намысым,
Ана тілім – зор бағым.

Ойымда ылғи тұратын,
Құдіретім, қуатым.
Ана тілім – мұратым,
Шөліркесем, суатым.

Елдігімнің тірегі,
Жан ұлтымның жүрегі.
Сені мәңгі ұлықтау,
Халқымыздың тілегі!

 

ҒЫЛЫМ, БІЛІМ СЕНГЕНІМ

Ғылым, білім сенгенім,
Сертім берік ергенім.
Өлең – өнер бергенім,
Өнер өлсе, семгенім.

Қайрат, күшім, жігерім,
Ар-ожданым білерім.
Ұят, намыс, өр рух,
Өзек алған тірегім.

Тілім – мөлдір бұлағым,
Ділім таза құрағым.
Ақтық демім біткенше,
Ақыл – сөнбес шырағым.

Халқым – құтым, қуатым,
Шөліркесем, суатым.
Жеткізетін жеңіске,
Арман – ұлы мұратым.

Отан ұлы – Ай, Күнім,
Көкбайрағым айбыным.
Елтаңбасы ертүрік, —
Бостандығым айдыным!

 

АЙТ

Жаманды жасырмай айт,
Жақсыны асырмай айт.
Ханға да сөз ұқтырып,
Құтыңды қашырмай айт!

Нені айтсаң да, анық айт,
Ақ-қараны танып айт.
Кешегі өткен даналар,
Жосынына салып айт!

Жауыңа ақырып айт,
Досыңды шақырып айт.
Түлейді түртсе, білмес,
Жанына батырып айт!

Балаға ақырын айт,
Бабаның нақылын айт.
Мәні жоқ бос сөйлемей,
Көсемнің ақылын айт!

Не айтсаң да, біліп айт,
Қыран құстай бүріп айт.
Сұмпайының су жұқпас,
Екі езуін тіліп айт!

 

ОТЫЗ ЖЫЛ

Отыз жыл маған не берді,
Бермеді дейсің нелерді…
Парасат, пайым тереңнен,
Ойларды берді кемелді.

Селдетіп сөздің бұрқағын,
Әнімді еркін шырқадым.
Қиырға тартып қиялдың,
Жүйткіттім жүйрік тұлпарын.

Құрдымға кетіп тылсым күн,
Арманның құсын ұшырдым.
Өксікпен өткен өмірдің,
Оңалған шағын түсіндім.

Дініме таза оралдым,
Тілімді түзеп оңалдым.
Орнына қайта жайғасты,
Жойылып кеткен жоралғым.

Татқаным жоққой бекер мұң,
Бодауын оның өтер кім?
Үш ғасыр езген еңсемді,
Егемен елмен көтердім.

 

НАМЫС

Жеріңді қорғамасаң намыс,
Еріңді қолдамасаң намыс.
Жан алып, жан беріскен жағалас та,
Жауыңды қорғаласаң намыс!

Отанды сүймегенің намыс,
Отанға күймегенің намыс.
Азғындап ақылыңнан ақымағым, —
Рухыңнан күйрегенің намыс!

Тіліңді білмегенің намыс,
Дініңмен жүрмегенің намыс.
Ұлықтар ұлы болсаң, ұлтыңды,
Көзіңе ілмегенің намыс!

Еліңе ермегенің намыс,
Пейіліңді бермегенің намыс.
Торғайдай тоз-тоз болып ұясы жоқ,
Отанға келмегенің намыс!!

 

Ақын болсаң

Ақын болсаң, арлы бол, ұятты бол,
Жеңе білер нәпсіңді қуатты бол!

Ақын болсаң саналы, сауатты бол,
Әр сөзіңе айтылған жауапты бол!

Ақын болсаң иманды, ибалы бол,
Діннен, тілден, ғылымнан жиғаны мол.

Ақын болсаң айбынды, айбатты бол,
Халықшыл қара нардай қайратты бол!

Ақын болсаң, батыр бол тік қараған,
Шындықтың тіліменен от жалаған.

Ақын болсаң ойлы бол сөз бастаған,
Таңырқап, тәнті болсын көз, қаптаған.

Ақын болсаң мақсатты, мұратты бол,
Майданың да күресер тұрақты бол!

ПІКІР ЖАЗУ