Әлидің әлемі

Алматы қаласындағы Сапарғали Бегалин атындағы республикалық балалар кітапханасында «Әли мен оның ішкі әлемі» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл кітаптың басты ерекшелігі – Қазақстанда сирек кездесетін «гемофилия»дерті бар балалар туралы жазылуында. Әли есімді қарапайым бала туралы шытырман оқиғалы жанрда жазылған шығарма.

 

Әли ерекше және қызықты сапарға аттанады. Достары Лиза және Филмен бірге жұмбақтар мен тосынсыйларға толы, белгісіз елді зерттейді. Кішкентай Әли мен оның достарының басынан өткен оқиғасын Ольга Огай қызықты етіп жазып шығыпты. Қазақ тіліне аударған ғалым, ұстаз Орынай Жұбай. Кітапты орыс және қазақ тілдерінде жарыққа шығарып, таратқан Қазақстандағы «TAKEDA» биофармацевтикалық компаниясы. Гемофилиямен ауыратын қазақстандық мүгедектер қауымдастығымен серіктестікте бірлесіп шығарған екен. Қазақ және орыс тіліндегі ертегі-повесть бастауыш және орта мектеп жасындағы балаларға, сондай-ақ олардың ата-аналарына арналалған.
«Әли мен оның ішкі әлемі» кітабында гемофилиямен ауыратын баланың оқиғасын баяндай отырып, жұртшылықтың назарын осы аурумен ауыратын балаларға аударады. Кітап қарапайым өмірлік жағдайлар арқылы осы аурумен өмір сүрудің ерекшеліктері туралы көркем түрде түсінікті етіп суреттейді. Аталған дертке шалдыққан балалардың физикалық және әлеуметтік бейімделуі туралы түсінік қалыптастыруға көмектеседі. Ауруға байланысты кейбір шектеулерге қарамастан еркін, толыққанды өмір сүруге болатынын көрсетеді. Өмір сүру салты, айналасындағы дүниемен үйлесімді қарым-қатынас жасау жолдары көркем түрде қызықты оқиғалармен суреттелген.
С.Бегалин атындағы кітапханада өткен кітап таныстырылымына кітаптың авторы, аудармашы, медицина саласындағы арнайы мамандар, ата-аналар жиналды. Шараны «Takeda» компаниясының өкілікіріспе сөзбен ашып, қонақтарға сөз берді. Журналистердің сұрақтарына жауап берді. Осылайша тұқым қуалау сипатындағы «гемофилия» ауруымен ауыратын балаларды қоғамнан оқшауламай қатар өмір сүрудің жалпыға ортақ қағидаларын көпке түсіндірді.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

ПІКІР ЖАЗУ