Бәйге алған шығармалар

«Рух» халықаралық әдеби байқауында жеңімпаз болған Айсұлу Әлмаштың эссе-этюдтері оқырмандарды ойға жетелейді. Шығармаларын қазақ тілінде де, ағылшын тілінде де жазатын жас қаламгер бүгінде оқырман қауым мен сыншылардан лайықты бағасын алып келеді.

Жапырақтар да жылайды

Ерте көктемде ағаштар бүр жарады. Бүр арасынан жапырақтар жарық әлемге сығалап қарайды. Жарып шығуға асығады. Алдағы күндерінен көп қызықтар күтеді. Өйткені көктемнен соң жаз келмекші.
Ал жаздыгүні бүршіктер жайқалған жасыл жапыраққа айналады. Жел соқса желпілдеп-желпілдеп алып, үнсіз ән салады.
Бірақ жапырақтар әнін әлі күнге ешкім де естіп көрмеген болар! Мен естідім. Қалың тоғай ішіне кіріп барсам, сыңсыған жапырақтар маған сыбдырлап ән шырқап береді.
Жапырақтар расымен де әнші! Олардың сыртқы бейнесі де жүрек тәріздес, ал ішкі әлемі де жүрекпен тағдырлас! Жүрекше лүпіл қағып, жүрек болып тіл қатуға бейіл. Соны тыңдайтын, яки түсінетін жан болса ғой…
Жаз қызығы да әп-сәтте өте шығады. жапырақтардың ең бақытты өмір салтанаты артта қалады.
Алда — күз! Күз күңгірттеу. Қатулылау! Күзде табиғат та аз-мұз сыздана бастайды. Су салқындайды. Ағаштар сидия түседі. Ал жапырақтар… жел тұра бастаса, қалтырап қоя береді.
Күз күндерінде жапырақ біткен желп-желп етіп, еріксіз ұшып бара жатады. Сырттан қарағанда — жапырақтардың ұшып түскені әсерлі-ақ. Ал бірақ жапырақ үшін…
Мен оны да түсінуге тырысып бағамын.
Жапырақтар күз келген кезде жаны қиналып, кеудесіне мұң орнап, тұншыға жылап алады екен. Олардың көз жасын кім көріпті?
Жоқ, жапырақ ешқашан көзінің жасын тірі пендеге көрсеткен емес. Жыласа да ішінен тынып, тым-тырыс жылайды. Ешкімге өкпелемейді.
Өйткені жапырақ-ғұмыр күз келгенде бәрібір аяқталуы тиіс.
Бұл — табиғат заңы!

 

Тасбақаның тырбаңы

Сырт көзге тасбақалар өте баяу, мимырт қозғалады. Жүрісіне қарап тұрып ішің пысып кететіні де рас.
Бірақ тасбақалар олай ойламайды. Өздеріне тіл бітсе ғой, қалай-қалай сайрай жөнелер еді. Олардың біз білетін «тырбаңы», түптеп келгенде, салмақтылықты байқатса керек. Расымен де, тым сылбыр қозғалысына ұза-а-а-қ қарап тұрсаң, әрине, алдымен шыдамың таусылмаса, біздің осы айтқанымызды дөп түсіне алар едіңіз.
Тасбақалар ойлайтын болар:
«… Жер бетіндегі ең салмақты, ең сабырлы жәндік бізбіз. Басқалар қашан көрсең де, әлдебір жаққа асығып бара жатқаны. Бірақ олар жеткен жерге тырбаңдап жылжып біз де жетеміз…».
Содан соң тасбақалар тағы да ойлар:
«Біздің үйіміз арқамызда. Кез келген жерге тоқтай қалып, көз шырымын аламыз. Бұл деген айтып жеткізгісіз жетістік емес пе?.. Теңдессіз сый ғой…».
Менің кей-кейде тасбақа-тағдырға да қызыға қарап, ерекше мейірленетінім бар. Осындай өте сабырлы табиғат жаратылысын түсінуге тырысу әрқайсымызға ләзім шаруа емес пе!
…. Әне, тағы бір тасбақа тырбаңдап кетіп бара жатыр.

 

Құмырсқа құрметке лайық-ақ!

Құмырсқа жайынан сөз етелік.
Оны ешкім де елеп жатқан жоқ. Өйткені ол — небәрі кіп-кішкентай жәндік. Тіпті анықтап қарамасаң, көзге көрінуі де қиынырақ. Кей-кейде Құмырсқа өзінің тым майда, өте ұсақ болып жаратылғанына шамданатын.
«Мен неге осынша кішкентаймын?..».
Алайда Алла Тағала оған ересен зор күш пен қайрат сыйлаған. Өзінен елу, тіпті жүз есе үлкен заттарды да көтеріп кете алады. Біз осыны білеміз бе?
Құмырсқалар өміріне ешкім де қызығушылық байқатпайтыны, әрине, өкінішті! Әйтпесе нағыз мықтылық пен қайсарлықты, ғажап еңбекқорлықты осы кішкентай құмырсқалардан үйренсе де болар!
Олар жалқаулықты жек көреді, сосын да қашан көрсең тынымсыз қозғалыс үстінде. Не бара жатады, не келе жатады.
Тек ол ғана емес, құмырсқалар өте бауырмал, ұйымшыл жәндік. Байқап қарасаң, топ-топ болып, бірінің ізімен бірі жүріп отырады. Ешқашан бірін-бірі баса көктемейді. Бұл не? Бұл — шын тәртіпке бағынғандықтың белгісі! Тәртіптілік — басты қағида!
Ал тәртіп пен еңбек бар жерде ұлы жеңіс те бар!
Демек, құмырсқа деген жәндік нағыз құдірет десе де артық бола қоймас, сірә!
Құмырсқалар құрметке лайық-ақ!

ПІКІР ЖАЗУ