Ана тілім — айбыным!

Санат Шерубаев, Жетісу облысы Талдықорған қаласында орналасқан «Айналайын» ҚӨЖБҚО-ның ең ақылды, ең өнерлі, өте зерек, білімқұмар балақаны 7 сыныпта оқитын Санат оқу үздігі, көркемсөз оқу шебері, әнші, биші, суретші, өзі тәрбиеленетін «Айналайын» шаңырағындағы «Пана» театрының белді актері.
«Қазақстан – менің алтын бесігім» республикалық балалар фестивалінің жеңімпазы және «Ең үздік ер адам рөлі» аталымының иегері, эко блогер балалар арасында өткен республикалық эковидео байқауының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, «Білім-өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «Қазақстан, біз сенің балаларыңбыз! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты республикалық эссе байқауында «Ана тілі – айбыным!» аталымы бойынша І орын иегері.
Жетісу облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық қалалық балалар кітапханасында өткен мақал-мәтел сайысының жүлдегері. «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған республикалық «Ғасырлар перзенті» балалар шығармашылығы байқауының «Поэзия, менімен егіз бе едің?» көркемсөз оқу бағытының жеңімпазы.
Гүлбақыт Қасен, ақын, Талдықорған қаласы

 

Біздің мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ана тілі – біз үшін қасиетті сөз. Өйткені ата-бабамыздың, ата-анамыздың, қазақ халқының тілі. Қазақстандықтар мемлекеттік тілді білуі керек. Біздің мақсатымыз сан ғасырлық құндылықты сақтау. Мемлекетіміздің мәртебесі биік болуына біз де үлес қосамыз. Тіл – ұлттың жаны. Барлық халықтар өз тілін сүйіп, қадірлей білуі керек. Ал егер де олар қадірлеп, ардақтап жүрмесе олар өз тілін, мәдениетін жоғалтады.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте! — деген Қадыр Мырза Әли ақынның сөзіне терең үңіліп көрсек, ана тілдің рухын біз ана сүтімен бірге сіңіріп өстік. Ана тіліміз біздің арымыз, біздің намысымыз, біздің ұятымыз! Қазіргі заман талабына сай көптілді полиглот болу, өзге тілді білу – біздің мәдениеттілігіміз, біздің сауаттылығымыз! Ал өз тілімізді құрметтеу – азаматтық борышымыз!
«Тілге құрмет – еліңе құрмет» деген сөзді бұрын түсінбейтінмін. Қасымдағы достарым орыс ұлтынан Артем мен Никита, татар досым Ринат, корей Кириллдің қазақ тілінде таза сөйлеп, мемлекеттік тілімізді құрметтеуі, қазақ еліне деген құрметі екен ғой. Мен «Ұлан» тобындағы жалғыз қазақ баламын. Ұлтымыз бөлек болса да, жанымыз бір, дініміз бөлек болса да, тіліміз бір 15 бала тату-тәтті өсіп келеміз. Біз алтын ұямызда «Отбасым бар әдемі – Айналайын әлемі» деген ұранмен ана тіліміздің айбынын асқақтатуға, үйіміздің жақсы атының шығуына атсалысып жүрміз.
Менің ойымша тіл – Алла тағаланың берген сыйы. Тілді құрметтейтін адам ол еліміздің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтейтін жан. Қазақ сөзге тоқтаған, оның қадірін білген халық. Мәңгілікке ұрпақтарды жалғастыратын, мәдениетті, әдебиетті жеткізетін адам баласын бір-бірімен ұғыстыратын осы тіл.
Біздің тіліміз өте бай, бір сөздің өзі бірнеше мағына бере алса, бір затты бірнеше түрлі атауға болады. Мен бұрын Санат деген есімімді ұнатпай, мағынасыз сөз деп ойлайтынмын. «Санда бар, санатта жоқ» деген тіркесті естіп, көңілім құлазып, мұңайып қалатынмын. Тәрбиеші анам – Толқынай Берікқызы Санат сөзінің мағынасын былай түсіндірді: «Санат» сөзі парсы тілінен енген «сәнәд», «документ» мағынасын білдіреді. Яғни, «санда бар, санатта жоқ» дегеніміз «есепте бар, документте жоқ» мағынасын білдіреді. Ал Санат есімі араб тілінен алынған өнер, сәулет, жарасым, ұлылық, дәреже деген мағына береді екен. Сөздің түп төркініне ену, мағынасын түсіну үшін көп кітап оқыған дұрыс. Біз ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адам ретінде ең көркем, ең бай, айтылуға орамды, ана тілімізді дамытып, тіл байлығын игеруіміз керек.
Үйіміздің іргетасын қалаған, балалардың ең сүйікті үлкен анасы – Жамал Қасымбекқызы бізге үнемі: Сендердің әрқайсыларыңның азаматтық қасиеттерің өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметінен өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметін білуге болады. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұрасы. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та, таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі, — деп отырады.
Мен өз елімнің, жерімнің, Қазақстанымның жас патриотымын. Мен барша өскелең ұрпақты өз еліне, тіліне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарауға шақырамын! Біз Қазақстанның болашағымыз! Біз ана тіліміздің сақшысымыз! Ана тіліміз – біздің айбынымыз!

Санат Шерубаев, «Айналайын» ҚӨЖБҚО-ның тәрбиеленушісі, 7 сынып оқушысы.
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы.
Жетекшісі: Тұрдахынбаева Толқынай Берікқызы

ПІКІР ЖАЗУ