АБАЙ АМАНАТЫ – ҰРПАҚҚА ЖОЛ КӨРСЕТЕР РУХАНИ ТЕМІРҚАЗЫҚ

Қазақ халқының рухани әлемінде Абай Құнанбайұлының орны айрықша. Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы, композитор әрі ұлттық әдебиеттің биік тұлғасы ретінде Абайдың шығармашылық мұрасы ғасырлар тоғысында да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Оның өлеңдері мен қара сөздері адамды білімге, еңбекке, адалдыққа, талап пен ізденіске үндесе, әндері қазақтың музыкалық мәдениетінің алтын қорына айналды.

Жыл сайын 10 тамызда елімізде Абай күні аталып өтеді. Бұл – ұлы тұлғаның туған күнін ғана еске алатын атаулы дата емес, ақынның рухани мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармаларындағы адамгершілік қағидаларды жас ұрпақтың санасына сіңіруге мүмкіндік беретін маңызды күн.

Биыл да ел көлемінде Абай мұрасын дәріптеуге бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық шаралар ұйымдастырылды. Астанада ұлы ақынның мұрасын ұлықтаған тағылымды мәдени-ағартушылық шаралар өтті. Елордада ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен танытуға арналған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылды. Бірнеше күнге созылған мәдени шаралар легіне әдеби-музыкалық кештер, кітап көрмелері, поэзия сағаттары, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, шығармашылық алаңдар, зияткерлік ойындар, ұлттық спорт жарыстары және театр қойылымдары енгізілді.
Бұл іс-шаралардың басты мақсаты – Абай мұрасын жаңа буынға жақындата түсу, ұлы ойшылдың шығармаларындағы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды кеңінен түсіндіру.
Абайды тану – өзіңді тану
Абай шығармашылығына үңілген сайын қазақ қоғамының тарихын, ұлттық дүниетанымын, халықтың арман-мұратын, адамның ішкі жан дүниесін тереңірек түсінуге болады. Ақын өз заманындағы қоғамдық мәселелерді ғана көтеріп қойған жоқ. Ол адам болмысының мәңгілік сауалдарына жауап іздеді. «Қайрат», «ақыл», «жүрек» ұғымдарын қатар қойып, адамды кемелдікке жеткізетін қасиеттерді саралады. Оның білім мен ғылымды дәріптеуі, еңбекті бағалауы, жалқаулық пен надандықты сынауы бүгінгі қоғам үшін де өзекті.
Абайдың қара сөздері – осы ойлардың терең философиялық жалғасы. Қара сөздерінде ақын ел мінезін, адамның қасиетін, білім мен тәрбиенің маңызын, еңбек пен талаптың қажеттілігін сөз етеді.
Абай күнін атап өтудің мәні де осында. Бұл күн – ұлы ақынның шығармаларын қайта оқып, оның айтқан ойларына жаңаша көзқараспен үңіліп, ұлттық құндылықтарымызды бағалайтын уақыт.
Елордадағы іс-шаралар бағдарламасы да осы бағытты көздеді.

Абай күніне арналған мерекелік шаралар 6 тамыздан басталды. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Атауының өзі ақынның адам жанын, жүрек сырын, рухани дүниені терең түсінуге шақыратын шығармашылығымен үндес бұл кештің мазмұны да тағылымды болды. Шара барысында «Абайтану» ғылыми-ағартушылық орталығының жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алмахан Мұхаметқалиқызы Абай мұрасының рухани маңызы туралы ой бөлісті. Ақын шығармашылығына қатысты қызықты деректер айтылып, оның қазақ әдебиеті мен ұлттық ой-санадағы орны кеңінен сөз болды. Әдеби-музыкалық кеште мектеп ұстаздары мен оқушылары Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып, ақынның әндерін орындады.
Мұндай шаралардың мектеп қабырғасында өтуінің маңызы зор. Себебі Абайды тану баланың әдеби білімін арттырып қана қоймай, оның дүниетанымына әсер етеді. Ақынның «талап», «еңбек», «білім», «ғылым», «ар», «ұят», «адамдық» туралы ойлары жасөспірімдердің өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға ықпал етеді.

«Көңілім әнді ұғады»: Абайдың музыкалық мұрасы
6 тамызда Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебінде «Көңілім әнді ұғады» шығармашылық алаңы жұмыс істеді. Абайды қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттық музыка өнерінің де ірі тұлғасы ретінде тану – маңызды бағыттардың бірі.
Ұлы ақынның көптеген әндері халық арасында кеңінен таралып, бүгінге дейін орындалып келеді. Оның әндерінен сыршылдықты, табиғатқа деген сүйіспеншілікті, адамның ішкі сезімін, өмірге деген философиялық көзқарасты аңғаруға болады.
Шығармашылық алаң барысында өнер мектебінің дарынды оқушыларына Абайдың мәдени және шығармашылық мұрасы таныстырылып, оның музыкалық шығармаларының мәні мен ұлттық мәдениеттегі орны түсіндірілді.
Жас өнерпаздар үшін мұндай кездесулердің берері мол. Себебі ұлы композитордың шығармаларын орындау арқылы олар қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінің тереңдігін сезінеді.
Ұлттық спорт пен Абай мұрасы
Абай күнінің бағдарламасында әдебиет пен музыка ғана емес, ұлттық спорт та қамтылды. «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында тоғызқұмалақтан «Арқа Alan кубогы» қалалық турнирі өтті. Тоғызқұмалақ – халқымыздың ежелден келе жатқан зияткерлік ойындарының бірі. Абай мұрасымен ұлттық ойынды қатар алып жүрудің өзіндік символдық мәні бар. Себебі Абай шығармашылығында ақыл, ой, зерде, білім мен ізденіс мәселелері ерекше орын алады.
Тоғызқұмалақ адамның есептеу қабілетін, логикалық ойлауын, сабырлылығын, алдағы жүрісті болжай білуін дамытады. Сондықтан бұл ұлттық ойынның жастар арасында кеңінен насихатталуы – ұлттық мәдениетті жаңғыртудың маңызды бөлігі.
Абай күнінің аясында өткізілген турнир қатысушыларға спорттық бәсекемен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеудің ерекше мүмкіндігін ұсынды.
Кітапхана – рухани білімнің ордасы

Абай мерекесіне арналған шаралардың басым бөлігі елорданың кітапханаларында ұйымдастырылды. 6 тамызда №6 көпшілік кітапханада «Абайдың тылсым жолдары» атты поэзия сағаты өтті.
Кітапханадағы мұндай кездесулер оқырманды ақын шығармаларын қайта оқуға шақырады. Абайдың әрбір өлеңінің астарында терең ой бар. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жолдардың өзінен философиялық тұжырым, адам мінезіне қатысты байлам, өмір туралы толғаныс табуға болады. 7 тамызда №10 көпшілік кітапханада «Абай – ұлттың рухани темірқазығы» атты мәнерлеп оқу кеші ұйымдастырылды. Ал №3 көпшілік кітапханада «Ұлы Абайдың әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі ашылды. №3 балалар кітапханасында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты поэзия сағаты өтті.
Бұл шаралардың барлығы бір мақсатқа – кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, Абай шығармашылығына деген қызығушылықты арттыруға бағытталды.
Әсіресе балалар кітапханаларындағы іс-шаралардың орны бөлек. Өйткені ұлы ақын шығармаларын бала кезден оқып өскен ұрпақтың сөздік қоры да, ойлау қабілеті де, әдеби талғамы да қалыптасады.
«Абай әлемі»: қара сөзден тағылым
7 тамызда Р. Қошқарбаев даңғылы, 50 мекенжайындағы «Руханият» орталығында «Абай әлемі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуде курс тыңдаушыларына ақынның қара сөздері мен өсиеттерін насихаттау мәселесі қозғалды.
Абайдың қара сөздері – ұлттық философиялық ойдың аса құнды үлгісі. Ақын қара сөздерінде адамды өз-өзіне есеп беруге, мінезін түзетуге, білімге ұмтылуға, еңбекті қадірлеуге шақырады. «Руханият» орталығындағы кездесу барысында да осы мәселелерге басымдық берілді. Сол күні Ш. Қосшығұлұлы көшесі, 8/1 мекенжайындағы «Руханият» орталығында «Ұрпаққа өнеге» тақырыбында Абай өлеңдерін талдау сабағы ұйымдастырылды.
Өлеңді жай ғана жаттап алу мен оны түсініп оқу – екі түрлі дүние. Абай шығармаларының тәрбиелік мәні де оның әрбір сөзінің астарын түсінгенде ашыла түседі.
Абай әндері – елорда төрінде
7-9 тамыз аралығында елордалық Арбатта «Әнді сүйсең, менше сүй» атты қазақ тіліндегі караоке ұйымдастырылды. Кешкі уақытта қала тұрғындары мен қонақтары бас қосқан Арбатта Абайдың әндері орындалып, халықтың ұлы ақын шығармашылығына деген қызығушылығы тағы бір мәрте көрінді. Абайдың әндерін көпшілік ортада орындау – ақын мұрасын заманауи форматта танытудың тиімді тәсілдерінің бірі. Әсіресе жастардың караокеге белсенді қатысуы ұлттық музыкалық мұраны жаңа буынға жақындата түседі.Абайдың әндері уақыт өткен сайын жаңаша орындалып, түрлі музыкалық бағыттармен сабақтасып келеді. Бұл – ұлы ақын шығармаларының өміршеңдігінің айқын белгісі.

«Абай әлеміне саяхат»
8 тамыз күні №6 балалар кітапханасында «Абай әлеміне саяхат» атты өлеңдерді мәнерлеп оқу іс-шарасы өтті. Балалардың мәнерлеп өлең оқуы – әдеби мұраны насихаттаудың қарапайым әрі әсерлі түрі. Абай шығармаларын оқыған бала ақынның табиғат лирикасымен, адамгершілік туралы толғамдарымен, білім мен ғылымға үндейтін өлеңдерімен танысады. Мұндай шаралар балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ана тіліндегі сөздің қадірін түсінуге мүмкіндік береді. Ал «Абай әлеміне саяхат» атауының өзі оқушыларды ақынның шығармашылық әлеміне қызығушылықпен енуге жетелейді.

Зияткерлік акция: білім сынға түскен сәт
8 тамыз күні «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-ақпараттық акция ұйымдастырылды. Қатысушылар өз білімдерін сынап, викторинаға қатысты. Сонымен қатар қазақтың мақал-мәтелдерін білу деңгейін көрсетті. Бұл – мәдени шараны интерактивті форматта өткізудің жақсы үлгісі. Қазіргі уақытта жастардың назарын белгілі бір тақырыпқа аудару үшін дәстүрлі лекциялармен қатар, қызықты ойындар мен интеллектуалдық тапсырмаларды да тиімді пайдалану қажет. Абай мұрасын осындай форматта таныту оның шығармашылығына деген қызығушылықты арттыра түседі.
Ұлы ақынның өзі де адамды ойлануға, ізденуге, білім алуға шақырған. Сондықтан зияткерлік ойындардың Абай күні бағдарламасына енуі оның ағартушылық идеяларымен үндеседі.
10 тамыз – қазақ руханияты үшін ерекше күн. Дәл осы күні ұлы ақынның туған күніне орай елімізде Абай күні аталып өтеді. Астанадағы негізгі шаралар осы күні ерекше мазмұнмен жалғасты. Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бұл – ұлы тұлғаға деген халық құрметінің белгісі. Ескерткішке гүл қою рәсімі арқылы Абайдың есімі мен еңбегі ұлықталып, оның ұлт тарихындағы орны айшықталды. Абай ескерткішінің алдына жиналған жұртшылық үшін бұл күн – ақын шығармашылығына тағзым ететін, оның ұлағатты сөздерін еске түсіретін ерекше сәт.
Жас қаламгерлердің басын қосқан форум
10 тамыз күні сағат 10:30-да Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» атты жас жазушылардың республикалық форумы ұйымдастырылды.
Форумға аға буын қаламгерлер, әдебиет сыншылары, әдебиеттанушы ғалымдар, сондай-ақ Астана, Алматы, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан келген жас ақындар мен жазушылар қатысты.
Бұл форумның Абай күні аясында өткізілуінің символдық мәні зор. Абай – қазақтың жазба әдебиетінің жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашқан ұлы тұлға. Ол әдебиетті тек өнер ретінде ғана емес, халықты оятатын, адамды тәрбиелейтін, қоғамды алға жетелейтін күш ретінде бағалады. Бүгінгі жас ақындар мен жазушылар үшін Абай шығармашылығы – үлкен мектеп. Жас қаламгерлердің басын қосқан форумда әдебиеттің қазіргі бағыттары, шығармашылық ізденіс, көркем сөздің қоғамдағы орны, ұлттық әдебиеттің болашағы туралы пікір алмасуға мүмкіндік туды. Бұл басқосу әдебиетке енді қадам басқан жас буынның шығармашылық әлеуетін арттыруға, тәжірибелі қаламгерлерден тағылым алуға жол ашты.
«Қара сөзден ой түйген дана Абай»

10 тамыз күні сағат №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты оқу кеші өтті. Абайдың қара сөздері – ұрпақ тәрбиесінде ерекше маңызға ие рухани мұра. Балаға Абайды түсіндіру үшін оның шығармаларын жас ерекшелігіне қарай ұсыну қажет. Балалар кітапханасында өткен оқу кешінің ерекшелігі де осында. Абайдың қара сөздеріндегі ойлар оқушыларға адам болудың, жақсы мінез қалыптастырудың, білім алудың, еңбек етудің маңызын түсіндіреді. Ұлы ақынның «адам болу» идеясы – барлық кезеңге ортақ құндылық. Абай күніне арналған елордадағы негізгі мәдени шаралардың бірі сағат 17:00-де қала әкімдігі алдындағы амфитеатрда өтті. «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби-музыкалық кеш қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мәдени атмосфера сыйлады. Кеш барысында ашық микрофон ұйымдастырылып, ұлттық ойындардан турнирлер өткізілді. Ал Абайдың өлеңдері мен әндері дәстүрлі және заманауи үлгіде орындалды. Абай шығармаларын заманауи музыкалық өңдеулермен орындау – ақын мұрасын қазіргі аудиторияға жеткізудің бір жолы.
Ұлы ақынның әндері мен өлеңдері жаңа буынның орындауында жаңа сипат алғанымен, шығарманың негізгі рухы сақталады. Кештің «Желсіз түнде жарық ай» деп аталуы да бекер емес. Абайдың табиғат лирикасы қазақ әдебиетіндегі табиғат суретін адам көңілімен байланыстыра бейнелеудің биік үлгісіне айналды. Оның табиғат туралы өлеңдерінде жыл мезгілдері ғана суреттелмейді. Табиғат пен адам, қоғам мен тіршілік, көңіл күй мен өмір шындығы қатар өріледі.
Абай және табиғат
Абай шығармашылығындағы табиғат тақырыбына арналған арнайы шаралар да ұйымдастырылды. 14 тамызда «Руханият» орталығында «Абай лирикасындағы табиғат» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақ барысында тыңдаушылардың сөздік қорын Абайдың «Жаз», «Күз», «Қыс» және «Жазғытұры» өлеңдері негізінде дамыту көзделді. Абайдың табиғат лирикасы – қазақ поэзиясының көркемдік деңгейін жаңа белеске көтерген құнды мұра. Ақын табиғат көрінісін жай ғана суреттеп қоймай, оны адам өмірімен сабақтастыра бейнелейді.
«Қыс» өлеңінде қыстың қаталдығын жанды бейне арқылы танытса, «Жазғытұрыда» табиғаттың жаңаруын, тіршіліктің жандануын суреттейді. «Жаз» бен «Күз» өлеңдерінде де табиғат көрінісі мен адам тіршілігі астасып жатады. Сондықтан Абайдың табиғат лирикасын оқыту – көркем әдебиетті танытумен бірге тіл үйретудің, сөздік қорды байытудың, ойлау қабілетін дамытудың тиімді тәсілі.
18 тамыз күні Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында «Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасы және рухани әлемі» атты ашық сабақ ұйымдастырылды. Абай шығармашылығының ауқымы кең. Оның поэзиясы, қара сөздері, аудармалары, музыкалық мұрасы – бір-бірімен сабақтасып жатқан тұтас рухани әлем.
Абайдың орыс және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне аударуы да оның ағартушылық ұстанымының бір көрінісі. Ол қазақ оқырманының дүниетанымын кеңейтуді көздеді. Әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін таныстыру арқылы халықты білімге, мәдениетке, өркениетке ұмтылуға үндеді. Абайдың бұл ұстанымы бүгінгі күні де өзекті.
Абай күніне арналған шаралар тек тамыз айымен шектеліп қалмайды.
2026 жылдың соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтары Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған театр қойылымдарын тамашалай алады.
«Қанаттылар» инклюзивті театрында «Abai-La» драмалық спектаклі, Жас көрерменнің музыкалық театрында «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, Ә. Мәмбетов атындағы драма және комедия театрында «Жас Абай» және «45» спектакльдері сахналанады.
Театр – тарихи тұлғаның бейнесін көрерменге жеткізудің әсерлі құралдарының бірі. Сахнадағы Абайды көру арқылы көрермен ақын өмірінің белгілі бір кезеңдерімен, оның айналасындағы адамдармен, шығармашылық ізденісімен танысады. Әсіресе жастар үшін театр қойылымдарының тәрбиелік мәні зор. Өйткені сахнадағы көркем образ арқылы
Абай және бүгінгі ұрпақ
Абайды ұлықтау – өткенді ғана еске алу емес. Ұлы ақынның шығармашылығы бүгінгі қоғамға да бағыт-бағдар бере алады. Абай ең алдымен адам болу мәселесін көтерді. Ол адамның білімді, еңбекқор, талапты, әділетті, мейірімді болғанын қалады. Қазіргі заманда технология қарыштап дамып, ақпарат көлемі еселеп артқанымен, адамгершілік құндылықтардың маңызы кеміген жоқ. Керісінше, ақпарат көп заманда дұрыс бағытты таңдау, шынайы білімді жалған ақпараттан ажырату, еңбек пен жауапкершілікті бағалау бұрынғыдан да маңызды. Абайдың білім мен ғылымға шақырған ойлары осы тұрғыдан ерекше мәнге ие. Ол жастарды уақытты бос өткізбей, ізденуге, талаптануға үндеді. Адамның өз қабілетін жетілдіруі үшін үздіксіз еңбек ету қажеттігін көрсетті. Бұл ойлар қазіргі білім алушы жастар үшін де маңызды бағдар бола алады.
Абай мұрасын сөз еткенде «толық адам» ұғымына тоқталмау мүмкін емес. Ұлы ойшыл адамның рухани кемелденуін ақыл, қайрат, жүрек үйлесімімен байланыстырды. Адамда білім болуы жеткіліксіз. Білімді дұрыс мақсатқа жұмсайтын жүрек, сол мақсатқа жетелейтін қайрат, дұрыс пен бұрысты ажырататын ақыл қажет. Бұл – бүгінгі тәрбие жүйесі үшін де аса маңызды ұстаным. Балаға тек білім беріп қана қоймай, оның бойына адалдық, жауапкершілік, мейірімділік, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді сіңіру қажет. Абайдың мұрасы осы құндылықтарды ұрпақ санасына жеткізудің қуатты құралы.
Абай күні аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың әртүрлі форматта өтуі – ұлы ақын мұрасын қазіргі заман талабына сай насихаттаудың бір көрінісі. Әдеби кеш – сөз өнерін дәріптейді. Музыкалық шара – Абайдың ән мұрасын танытады. Кітап көрмесі – оқырманды шығармаларымен жақындастырады. Зияткерлік ойын – білімге қызығушылықты арттырады. Ұлттық спорт – дәстүрді жаңғыртады. Театр қойылымы – ақын бейнесін сахна арқылы көрсетеді. Ал ашық сабақтар мен форумдар – Абай шығармашылығын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Осының барлығы бір арнаға тоғысады. Ол – ұлттық рухты жаңғырту, жас ұрпаққа өнеге беру және ұлы тұлғалардың мұрасын келешекке жеткізу.
Абай мұрасы – ұлттың ортақ қазынасы
Абай Құнанбайұлының есімі бүгінде Қазақстанның әр өңірінде құрметпен аталады. Оның атымен көшелер, мектептер, кітапханалар мен мәдени орталықтар аталады. Ақын шығармалары мектеп бағдарламасына енгізіліп, жоғары оқу орындарында зерттеледі. Бірақ Абайды тек оқулықтан танып қою жеткіліксіз. Абайды түсіну – адам табиғатын түсінуге ұмтылу. Абайдың сөзін қабылдау – өмірге жауапкершілікпен қарау. Абайдың өлеңін оқу – ана тілінің байлығын сезіну. Абайдың әнін тыңдау – ұлттық музыканың тереңдігін тану. Абайдың қара сөзін оқу – ойлану. Сондықтан Абай күні – әр азамат үшін рухани жаңғыруға себеп болатын маңызды дата. Елордада өткен мәдени-ағартушылық бағдарлама Абай мұрасының сан қырын қамтыды.

Бірнеше күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары әдеби кездесулерге қатысып, ақын өлеңдерін тыңдап, әндерін шырқады. Балалар кітапханаларында поэзия сағаттары ұйымдастырылып, жастар арасында зияткерлік ойындар өткізілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, театр сахналарында Абай тұлғасына арналған қойылымдар ұсынылды. Бұл шаралардың барлығы Абайдың шығармашылық мұрасын әртүрлі аудиторияға әртүрлі тәсілмен жеткізуге бағытталды. Бала үшін – өлең мен ойын. Жасөспірім үшін – кітап пен пікірталас. Жастар үшін – форум мен шығармашылық орта. Ересектер үшін – әдеби-музыкалық кештер мен ашық сабақтар. Ал жалпы қоғам үшін – рухани мұраны қайта зерделеу мүмкіндігі. Осы тұрғыдан алғанда, елордада ұйымдастырылған шаралар легі Абай күнінің мазмұнын кеңейтіп, атаулы датаны шынайы мәдени-ағартушылық мерекеге айналдырды.
Абайдың өмірден өткеніне бір ғасырдан астам уақыт өтті. Алайда оның сөздері әлі де халықпен бірге өмір сүріп келеді.Бұл – ұлы шығарманың уақытпен шектелмейтінін көрсетеді. Абай өз дәуірінің мәселелерін жазды. Бірақ сол мәселелердің астарындағы адам табиғаты өзгерген жоқ. Адамның білімге ұмтылысы, еңбекке көзқарасы, достық пен адалдықты бағалауы, әділет іздеуі, өз мінезін түзетуге талпынысы – бүгін де маңызды. Сондықтан Абайдың шығармалары жыл өткен сайын жаңаша оқылады. Бір буын Абайдан білім мен ғылым туралы ой түйсе, келесі буын оның адамгершілік туралы пікіріне назар аударады. Бірі табиғат лирикасынан эстетикалық әсер алса, енді бірі қара сөздерінен философиялық ой табады. Абайдың құдіреті де осында. Ол әр оқырманға өзіне қажетті ойды табуға мүмкіндік береді. Ұлттық тәрбие мәселесі бүгінгі таңда қоғам үшін аса маңызды. Жаһандану жағдайында жас ұрпақ түрлі мәдениеттер мен ақпараттық кеңістіктердің ықпалында өсіп келеді. Мұндай кезеңде баланың өз ұлтының тарихын, тілін, әдебиеті мен мәдениетін білуі ерекше маңызды. Абай шығармашылығы – осы бағыттағы үлкен рухани тірек. Ол қазақ тілінің көркемдік мүмкіндігін биік деңгейге көтерді. Қазақтың қарапайым сөздерін терең философиялық ойды жеткізетін көркем құралға айналдырды. Абайды оқыған бала қазақ тілінің байлығын сезінеді. Абайды таныған жас ұлттық әдебиеттің тарихын түсінеді. Абайдың қара сөздерін оқыған адам өзін-өзі бағамдауға үйренеді. Ал Абайдың адамгершілік туралы ойларын бойына сіңірген ұрпақ қоғамға жауапкершілікпен қарауға бейімделеді.
Астана қаласында өткен Абай күніне арналған іс-шаралар аяқталғанымен, ұлы ақынның мұрасын насихаттау жұмысы жалғаса береді. Себебі Абай мұрасы бір күнге немесе бір мерекеге ғана сыймайды. Оны жыл бойы оқу керек. Мектепте оқыту керек. Кітапханада талқылау керек. Театрда сахналау керек. Әндерін орындау керек. Жастар арасында пікірталас өткізу керек. Зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Отбасында балаларға Абай туралы әңгімелеу керек. Ұлы ақынның мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет.
Түйін
Абай күні – қазақ халқының рухани тарихындағы маңызды атаулы күндердің бірі.
Астана қаласында ұйымдастырылған ауқымды мәдени-ағартушылық бағдарлама ұлы ақынның әдеби, музыкалық, философиялық және рухани мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді.

Әдеби-музыкалық кештер, форумдар, кітап көрмелері, поэзия сағаттары, шығармашылық алаңдар, ұлттық спорт жарыстары, зияткерлік ойындар, ашық сабақтар мен театр қойылымдары – барлығы Абай әлемін әр қырынан танытты. Абай – өткеннің ғана емес, бүгіннің де, келешектің де ақыны. Оның «адам бол» деген ұстанымы уақыт өткен сайын өз мәнін тереңдете түсуде. Білімге ұмтылу, еңбек ету, әділетті болу, арды сақтау, ғылымды қадірлеу, ұлттық мәдениетті құрметтеу – қай кезеңде де адамзатқа ортақ құндылықтар. Абай күнінің басты мәні – ақынды бір күн еске алу емес, оның сөзін өмірлік бағдарға айналдыру. Ұлы ақынның мұрасы ұрпаққа аманат болып қала береді. Абайды оқу – рухани кемелденуге ұмтылу. Абайды тану – ұлттық болмысты тану. Абай сөзін түсіну – адамдықтың биік өлшемдерін түсіну. Ал Абай аманатын сақтау – елдің рухани болашағына қызмет ету. Абайдың сөзі барда – қазақтың рухани әлемі бар. Абай мұрасы барда – ұлттың ұлы жолы жалғаса береді.
Г.Тұрлыбекова

ПІКІР ЖАЗУ