Төл валютамыздың күні
15 қарашада Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің маңызды атрибуттарының бірі –«Ұлттық валюта» теңгеге 31 жыл толды. Қазақстандық теңге осы 31 жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. 31 жыл бұрын біздің Ұлттық валютамыз кеңестік рубльді алмастырды.
Ұлттық валюта – бұл елдің заңмен белгіленген ақша бірлігі. Өзінің ұлттық валютасын енгізу Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және дербес дамуында маңызды рөл атқарады. Теңге елдің қаржылық Тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Теңгенің тарихы ең алғаш қазақ даласында күміс монета XV-ғасырда Отырар қаласында «таньга» деген атаумен пайда болған. Ал Ұлттық валютамыздың тарихы 1992 жылдан бастау алады. 1992 жылдың 27 тамызы күні Қазақстаның Ұлттық банкі теңге купюрасының үлгілерін бекіткен болатын.
Отандық суретшілер Тимур Сүлейменов, Қайролла Әбжәлелов, Меңдібай Алин және Ағымсалы Дүзелханов Англияда қазақ валютасының дизайнындағы портретін бекітті. Дизайнерлердің жаңа валюта кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы дизайнерлерден басқа мемлекет басшылығындағы санаулы адамдар ғана білген. Осылайша, теңге алғаш рет Ұлыбританияда Harrison & Sons фабрикасында басылып шықты.
Алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалған. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалып шығарылды.
Президентпен 1993 жылдың 12 қарашасы күні «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойылып, 15 қарашада ұлттық валютамыз айналымға енгізілді. Ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат таңғы 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталды.
Ұлттық Банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі 1000 рубльге бағалаған болатын. Дегенмен, еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп 1 теңге 500 сомға бекітілді. Теңге бірінші айналымға кірген күні 1 доллар 4,75 теңге болып бекітілді.
Алғашқы валюталарымызда, ағартушы әл-Фараби, күйшілер Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, ғалым Шоқан Уәлиханов, ақын Абай Құнанбаев, Әбілқайыр хан мен Абылай хан бейнелері бейнеленген.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді. Қазір банкнот — Ұлттық Банктің Алматы қаласындағы Банкнот фабрикасында, ал монета — Өскемендегі Монета сарайында шығарылады. 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.
Ұлттық валюта кескіні 2006 жылы түбегейлі өзгертіліп, онда бұрынғы үлгіде болған даңқты тұлғалардың бейнелері алынып тасталып, жаңа үлгідегі банкноталар бірыңғай стильде орындалған.
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары қолданысқа жіберілді. Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеулер ірі қаріптермен басылған. Мәдениет пен ғылымның және саясаттың әр түрлі салаларындағы Қазақстанның ірі қайраткерлерінің портреттерін ұлттық ою-өрнекпен үйлестіріп шығару туралы шешім қабылданған. Ал артқы бетінде сәулет ескерткіштері мен Қазақстанның әсем көріністері орналасқан.Бұл серияның дизайны қарындаш, акварель және темпер көмегімен қолмен жасалған.
2011 жылдан бастап ұлттық валютаның төртінші буыны қазақстандықтардың қолына түсе бастады. «Самұрық» сериясына 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелік банкноттар кіреді. Олардың алдыңғы жағында «Қазақ елі» монументі және ұшып жүрген көгершіндер бар. Артқы жағында суретшілер елорда панорамасын (биліктің бөліну принципін бейнелеуге арналған), Алматы панорамасын, Ертіс өзені мен Үстіртті орналастырған. Теңге 17 қорғаныс дәрежесіне ие: сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер.Сондықтан теңге әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына кіреді.
Қазақстандық ақша әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі болып табылады. Үш жыл қатарынан олар әлемнің үздіктері деп танылды: 2011, 2012 және 2013 жылдары (10 мың, 5 мың және 1000 теңгелік банкноттар). 2007 жылы Ұлттық Банктің 2006 жылғы үлгідегі банкноттарының жаңа сериясы Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) берген Жылдың үздік жаңа сериясы үшін жүлдені жеңіп алды. 2007 жылы Бангкокта «Optiks» элементі бар 10 000 теңге номиналы үшін «үздік жаңа банкнот» номинациясында бірінші орын берілген. Сондай-ақ, 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында номиналы 20 мың теңгелік банкнот та марапатқа ие болды. Ол 2015 жылдың ең үздік аймақтық банкнотасы деп танылды. Сол жылы Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) оны валюта саласындағы ең жақсы техникалық жетістігін айрықша атап өтті. Қасиетті, қастерлі Отанымыздың символы — төл теңгеміз, әлемдік қаржы нарығында – жоғарыдан көріне берсін.
Елмұра Батырхан, Астана қаласындағы І.Есенберлин атындағы №67 мектеп гимназиясының 7 сынып оқушысы