Бокстан жасөспірімдер арасында турнир өтті
Астанада бокстан 2009-2010 жылғы жасөспірімдер арасында ашық турнир өтті.
26-28 қыркүйек күндері «Ұлытау» спорт кешенінде жасөспірімдер атақты, ағайынды Манашевтардың жүлдесі үшін жұдырықтасты.
Осы орайда турнирдің ашылу салтанатына ағайынды Манашевтар, бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов, Сидней Олимпиадасының қатысушысы Нұржан Кәрімжанов, ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, «Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ төрағасы Азамат Қарлығашев арнайы қатысты.
«Үш ағайынды – Қайрат, Жанат, Марат Манашевтардың отандық боксты дамытудағы үлестері зор. КСРО-ның спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары деген атақтары бар. Жаттықтырушы ретінде олар спортшыларымызды Олимпиадаға да апарды. Мерей Ақшалов, Валентина Хальзова сынды әлем чемпиондарын тәрбиеледі.
Бұл турнир елімізде алғаш рет өтіп жатыр. Жарыстың көп болуы жасөспірімдердің де тәжірибесін арттырады. «Спорттағы достық – өмірлік достық» демекші, қазірден бастап әр облыстың жасөспірімдері бір-бірімен араласа бергенін дұрыс деп санаймын. Алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарымыз бар», — деді жарыс ұйымдастырушысы Рахат Манашев.
Бокс ол нағыз қазақтың спорты десек, артық айтпаспыз. Кезінде ат үстінде қоян-қолтық шайқаста ата-бабаларымыз талай жауларға тойтарыс берген.
Аталған жекпе-жек түрі отандық көрнекті спортшылардың арқасында пайдаланушылардың арасында ерекше жоғары орын алады. Оған дәлел Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өз ісінің білілкті де білекті шеберлерінің бірі саналатын Геннадий Головкин, Әли Ахмедов, Жәнібек «Қазақ стайл» Әлімханұлы, Жанқош Тұраров тағы басқалары. Арасында темір жұдырықты қыздарымыз да, жас боксшылар да әлемдік бокс тұғырына тез көтеріліп келеді.
Бокс – арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ереже бойынша жекпе-жек күш сынасатын спорт түрі. Жекпе-жекке шыққан екі ойыншы қарсыласының денесінің белгілі бір жеріне дәл соққы беруді көздейді. Жекпе-жек аумағы 4,9×4,9 м немесе 6,1×6,1 м, жан-жағы 1,3 м биіктікте арқанмен керілген рингте өтеді.
Үш күнге жалғасқан бәсекеде Ақмола, СҚО, Қостанай облысы, Астана қаласынан келген 180-ге жуық спортшы 7 салмақта бақ сынады.
Қыркүйек айының соңында Испанияның Леоне қаласында ауыр атлетикадан өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Астана қаласының спортшысы Едіге Емберді алтыннан алқа тақты. 89 келіге дейінгі салмақта сынға түскен ол қоссайыс қорытындысы бойынша 352 (153+199) келіні бағындырды.
Екінші орынды ирандық Алиреза Абаспур (351 келі), үшінші орынды колумбиялық Джоксер Альборнос (350 келі) иеленді.
Бұған дейін де жастар мен 17 жасқа дейінгі кіші жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған болатын.
Г.Тұрлыбекова