Әсем қала – ару қала Алматы
Алматы дегенде көз алдыма әсем де, ару биік таулары, мұнартқан Алатаудың бауырында жатқан түнгі Алматы елестейді. Өйткені, Алматы Алатаудың ару қызы іспеттес. Сол Алатаудың етегінде жасыл кілемдей болып төселіп, жасыл желектер көмкерілген. Әсіресе, түнгі Алматы жақұт шамдарын жаққанда, тіпті, құлпырып кетеді. Әсіресе, көзге оттай басылатын ақ шамдары маған аппақ арманға алып ұшатын ақ қанат тардай көрінеді.
Мен осы қалада туып өстім. Алматы менің – сүйікті қалам. Мен – Алматымен мақтанамын, марқаямын. Өйткені, біреуді қолтығынан демеп, арманын – асуларға, биіктерге жеткізген қала. Алматы – қып-қызыл апортымен аты шыққан әсем қала. Ол кез келген адам жанына рахат сыйлап, адамды өзіне әсемдігімен баурап алатын мәдени орындарымен де көрікті. Жері қандай байтақ болса, жаны да сондай дархан қала, жұмақ қала десек те артық емеc. Алматы үлкен белестерді бағындырған қала. Оның тарихына көз жүгіртсек, басынан сан-қилы тарихи кезеңдерді өткерген. Табиғаты да өте керемет. Жетісудың еркесіндей елітіп, еркелей түседі. Арманыңды арманға жалғайды. Қаланың табиғаты, зәулім үйлері барлығы да бейне бір әсем әуендей. Әрқайсысының өз орны бар, әр ағашы да, үйі де жарасымды. Алайда, бұл сұлулық мәңгілік жасай бермейді. Соңғы кездері қаламыздың экологиялық жағдайы нашарлап бара жатыр. Экологиялық апатты аймақтардың бірі екендігіміз де рас, егер әрбір тұрғын өзінің ауласын, жүрген жерін таза ұстап, Табиғат — Ананы естен шығармай жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Алматы қаласының болашағы өзіміздің қолымызда. Ғажайып әсем көркімен кісіні баурап алатын Алматы, күннен-күнге құлпырып, жайнай түскендей. Бұл қаланың тарихи, табиғи және мәдени орны да ерекше екеніне ешкімнің күмәні жоқ. «Таланттар далада туып, қалада өседі» демекші, жан-жақтан өнер іздеп, білім іздеп келетін жастар Алматыда топшысын қатайтып, қанатын қомдайды. Сондықтан да Алматы өнер мен білімнің қайнап жатқан ордасы, әдебиет пен мәдениеттің ошағы. Талай жастың көкірек көзін ашуға жол нұсқаған, талай қайраткерлерді, талантты тау тұлғаларды тәрбиелеген, аялы алақанға салып әлдилеген сұлу қала.
Қуаныш Аружан,
Алматы қаласы
№147 мектеп-гимназиясы
6-сынып окушысы