Ер есімі – ел есінде

Еліміздің тарихында 1937-1938 жылдар репрессия құрбандарымен есте қалды. Қызыл үкімет қазақ халқының зиялыларын қынадай қырып салды. Қасірет қанына боялған қаралы күндерді қазақ халқы ешқашан ұмытқан емес. Өз ұлты үшін оққа ұшқан батыр бабаларды жыл сайын еске алу дәстүрге айналды. Атаулы күннің белгісі іспеттес бұл күні Астана қаласында орналасқан Сәкен Сейфуллин ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар ақынның рухына тағзым етеді. Ел тарихын білу үшін мұражайлардың орны бөлек. Астана қаласындағы музейлердің бірегейі Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайы. Астанадағы М.Әуезов пен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында осыдан 150 жылдай бұрын бой көтерген ағаш үйде Сәкен Сейфуллин музейі орналасқан. Мұражайдың ашылғанына 36 жыл толды. Ол 1988 жылы 21 ақпанда Ақмола қаласында (қазіргі Астана) облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылған. Бөренеден салған екі үйдің бірінде Сәкен Сейфуллиннің өзі бір кездері жұмыс істеген. Ал мұражайға қойылған жеке заттар мен кітаптар ақын Сәкен жайлы және 1920-1930 жылдардағы Ақмола қаласының өмірі жайлы мәлімет береді.

1937-1938 жылдарда сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын құрбан етті. Қазақ зиялылары «халық жауы» деп айыпталып, атылды. Әйелдері де қамалып, бірнеше жылын лагерьлерде өткізген. Басына қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі – қазақтың біртуары, халық арасында «Сәкен сері» атанған Сәкен Сейфуллин. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин «халық жауы» деген жаламен түрмеге қамалады. Оған орынсыз айып тағылып, өлім жазасына кесіліп, жалған жаланың құрбаны болып кете барды. Сәкен мен жары Гүлбаһрам соңғы рет 1938 жылы ақпанда түрмеде кездеседі. Бір жылдан кейін Сәкен Сейфуллин атылып, Гүлбаһрам АЛЖИР-ге (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) жіберіледі. Гүлбаһрам жарының атын ақтап алу үшін бармаған жері жоқ. 1940 жылы КСРО бас прокуратурасына арыз жазған, бірақ ол қаралмаған. Соған қарамастан ол ондаған жыл бойы түрлі мекемені аралап, арыз, өтінішін тоқтатпайды. Нәтижесінде 1957 жылы наурызда Сәкен Сейфуллинді ақтап алады.


Сәкеннің шығармашылығы мен өмірін зерттеп жүрген жастарымызда жеткілікті. Жыл сайын жоғары оқу орындарында көптеген дипломдық жұмыс пен диссертациялар қорғалып жатыр. С.Сейфуллин туралы еңбегі жарық көруде. Әлі де зерттелуде. Музейдің орналасқан ғимаратының өзі сәулет өнеріне жататын ескерткіш болып табылады, ХІХ ғасырдың тарих және сәулет ескерткіші болып саналатын қос ғимаратта орналасқан. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары С.Сейфуллин Ақмолада уездік атқару комитетінің қызметін атқар-ған еді. Әкімшіліктің кабинеттері осы ғимаратта орналасқандықтан С.Сейфуллин осында қызмет еткен. Сәкен Сейфуллин мұражай-үйінің қасы¬нан орын тепкен бұл ескерткіш – ел тәуелсіздік алған жылдары бой көтеріп, Астананың тұтастай тарихы мен өсіп-өр¬кендеу жолына куәгер болып келе жатқан жәдігерлердің бірі.
Сәкен Сейфуллин өте сыршыл әрі эстет адам болған. Ол кісінің сұлулығына, ішкі тереңдігіне әйел заты түгілі ер адамдар да сүйсіне қарайтындығы көзкөргендер естелігінде жиі айтылып, жиі жазылады. Архивтерден табыл-ған фотосуреттері де соны айтады.
Бойына бар өнерді тоғыстырған Сәкен Сейфуллиннің өмірі, шығармашылығы, оның сұлу болмысындай асқақ та, нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек.

Әділет Қабиденұлы, Мөлдір бұлақ

ПІКІР ЖАЗУ