Мұнайды жақсы көретін жәндік

 

Ызыңдаған шыбындар. З -з-з-з… Даусы бірден құлағыңды тесіп өтті ме? Шыбындар сондай мазасыз, дегеніне жетпей қоймайтын тіршілік иесі. Біз білетін шыбыннан басқа, табиғатта мұнайдың арасында мекен ететін шыбын туралы естуің бар ма?
«Мұнай шыбыны» құлаққа таңсық, қызық естіледі. Мұнай арасында тіршілік ететін шыбындар – мұнай шыбыны деп аталады. Аталмыш шыбындар Калифорния эндемиктері, Лос-Анджелестен алыс емес мұнай шалшықтарында өмір сүреді. Мұнайдың арасында өмір сүру мүмкін емес сияқты, бірақ бұндай ерекше тіршілік иелері үшін бұл қолайлы орта. Мұнай шыбынының қанаты мен терісі қара, мұнай түсті болып келеді. Оның ұзындығы 5 мм. Ол екі қанатты жағалау шыбындары тұқымынан шыққан. 1989 жылы американдық энтомолог Дэниель Уильям Кокиллет зерттеп, сипаттаған. Мұнай шыбынының бір ерекшелігі, мұнай бетінде еркін қозғалып, жүре алады. Алайда, жүрісін тоқтатса, аяғымен немесе ішімен шалшыққа жабысып қалады. Мұнай шыбыны өз ұрығын мұнайдың арасына қалдырады екен. Нақ осы себептен, олар мұнаймен қоректенеді. Ересек мұнай шыбыны шөпқоректі, кейде микроскопиялық балдырлар мен бактериялармен қоректенеді.
Мұнай шыбындары туралы әлі де көп зерттеулер жасалуы тиіс, олар туралы алда білетін боламыз. Табиғатта біз білмеген тағы да бір құпияның ашылуы адамзатқа тың ой салады.
Садық Медина,
Астана қаласы, №86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы

ПІКІР ЖАЗУ