Саят Қамшыгер оқулары өтті

Абай облысы, Жарма ауданы, Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінде ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, “Серпер” сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Саят Қамшыгердің өлеңдерін оқудан аудандық байқау өтті.

Байқауға аудан мектептерінде білім алатын 7-8 және 10-сынып оқушыларынан 40-тан астам бала қатысты. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқау 3 бағытта болды. Атап айтар болсақ, «Ойлар мені тереңіне батырар» бағыты ақынның 10 өлеңін мәнерлеп, жатқа оқу бойынша. Бұл бағамда қазылар алқасы сайыскер оқушылардың сахна мәдениеті, ұлттық үлгідегі киімдері әрі нақышына келтіре мәнерлеп айту сынды талаптарға баса назар аударды. Ал екінші бағам «Жырлар жазсам, жүк түседі иықтан» деп аталған екен. Бұл бөлімде байқауға қатысушы оқушылар өз өлеңдерін оқып, бақтарын сынады. «Бар сенім мен үмітім ұрпағымда» атты бағамда оқушылар Саят Қамшыгердің шығармашылығы бойынша эссе жазудан сайысқа түсті.


Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінің алғы сөзінде аудандық білім бөлімінің басшысы Шаймұратов Қанат Рымханұлы байқауға келген оқушылар мен ұстаздар қауымына сәттілік тілеп, сөзін айтты. Биылғы жылы екінші рет ұйымдастырылып отырған Саят ақынның өлеңдерін оқу байқауына Алматыдан мейман ретінде келген жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, республикалық «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары Серік Нұғыман; ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Қайырбек Шағыр; драматруг Мырзабек Нәсіпханұлы және Абай ауданының орталығы – Қарауылдан келген ақын Нұржан Байтөс сынды арда азаматтарға ризашылығын білдірді. Балалардың шығармашылығын шыңдауға, әдебиетке деген ынтасын ашуға, кітап оқуға деген құштарлығын арттыра отырып, сөз құдіретін тереңнен түсінуге жол ашатын тағылымға толы шараны қолдай келген Саят ақынның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.


Өз кезегінде Жарма ауданының жас ақындары арнау өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты. Олар Бірлік орта мектебінің 11-сынып оқушысы Сәбит Аружан, К.Шәкенов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Төлеутай Айсана, Т.Көбдіков атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Түсіп Раджан Саят. Өлеңмен өрілген әдемі жырларын тарту еткен жас ақындар, өздерінің жүрекжарды жыр шумақтарын шоқ гүлдерімен қоса ақынға сыйлады.


Шараның салтанатты рәсімінен соң оқушылар байқау бағамдары бойынша бақтарын сынады. Әр бөлім бойынша ауданның кіл мықты ұстаздары мен шараға келген меймандар оқушылардың жұмысына қазы болды. Бірнеше сағатқа созылған байқау нәтижесінде мәнерлеп өлең оқудан «Бас жүлде» Қаражал негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы Өнербек Ақеркеге бұйырды. Ал 1-орынды Б.Тұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Әкімбай Абзал жеңіп алды. 2-орынды Ақтайлақ би атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Рахимбердиев Алихан; Бірлік орта мектебінің 10-сынып оқушысы Келден Айгерім; 3-орынды Суықбұлақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Асқарбекқызы Балауса; Ақтайлақ би атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Ихтисат Асылжан мен №236 орта мектептің 8-сынып оқушысы Кабдулмубараб Гүлім иеленді.


Байқаудың 1-бағамы бойынша бас жүлдені иеленген оқушыға ақын Саят Қамшыгер 100 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындады.
Байқаудың екінші бағамында өлең жазудан өнерлерін ортаға салған балалар арасынан «Бас жүлде» К.Шәкенов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Саяқан Азаматқа бұйырды. 1-орынды Ақтайлақ би атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Мұратбек Жігер; 2-орынды К.Шәкенов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Төлеутай Айсана; Бақыршық орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мансұрқызы Әмина; 3-орынды Қажыкелді мектебінің 8-сынып оқушысы Серікхан Шаhарбану; Н.Крупская атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Абенова Амина; Т.Көбдіков атындағы атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Орысбаев Асылбек еншіледі. Арнау-өлең жазу бағамында жүйріктер қатарынан көрінген жас ақын Сәбит Аружанның өлеңдерін Саят Қамшыгер жинақтап, баспадан шығаратынын жеткізді.


«Бар сенім мен үмітім ұрпағымда» бағытында «Бас жүлде» жеңімпазы болып Ақтайлақ би атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Айтказина Алмагүл танылды. Бұл бағам бойынша 1-орынды Абай атындағы көпсалалы мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Үсенов Фархат; 2-орынды Бірлік орта мектебінің 10-сынып оқушысы Рысбек Меруерт; Ш.Уәлиханов атындағы негізгі мектептің 8-сынып оқушысы Ұлан Бағжан алды. 3-орынды Т.Көбдіков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жүністай Жанасыл; №236 орта мектептің 8-сынып оқушысы Оралбек Мөлдір иеленді. Эссе бағамы бойынша алдыңғы орыннан көрінген жүлдегер оқушылардың да шығармалары жеке жинақ ретінде басылып шығатын болды.
Аудандық байқау соңында рухани азық арқалаған барлық жеңімпаз оқушыларға Алматы қаласынан арнайы жасатып әкелген статуэткаларды сыйлаған ақын Саят Қамшыгер өзінің кітаптарын да қолтаңбасымен үлестірді.
Драматург Мырзабек Нәсіпханұлы ақын Саят Қамшыгердің сөзіне жазылған Асланбек Ылымның «Елге сағыныш» әнін қазақтың қара домырасымен күмбірелете әуелетіп, орындап берді.
Жалпы Шар қаласындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешені күрделі жөндеуден өткен, ішкі безендірілуі талапқа сай, жинақы, жарық, әдемілігімен де келген меймандардың назарын аударды. Қонақтар жан-жақты жабдықталған әрі оқушыларға барлық жағдай жасалып отырған мектеп-балабақша кешенін басқарып отырған Меруерт Бейсембаева мен мектеп ұжымына, ұстаздарды ұйыстырып отырған аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Рымханұлына да өздерінің ризашылықтарын жеткізді. «Ұлттың келешегі үшін атқарылып жатқан кемел істердің қадамы қарымды болсын, шәкірттеріңіз білімнің биік шыңдарын бағындыра берсін» — деген ақжарма тілектерімен аузы дуалы ақын-жазушылар оқушыларға ақ батасын берді.

Кәусар Арықханқызы

ПІКІР ЖАЗУ