«Шаттық-2024» – балаларға шабыт сыйлады

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы XVII қалалық «Шаттық-2024» ашық шығармашылық қалалық байқауында Астана қаласы әкімдігінің «Нәзір Төреқұлов атындағы № 35 мектеп-лицейінің» өнерпаздары ерекшеленді. ”Ұлттық аспап” номинациясы бойынша Домбыра ансамблі күміс жүлде иеленді. Жеке соло номинациясы бойынша 7 «В» сынып оқушысы Аманбай Інжу дипломант атанды.

Аталған шараның ашылу салтанаты Астана қаласының Білім басқармасының ұйымдастыруымен Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында өтті. «Шаттық» балалар мен жастар өнерінің бірегей жобасы елорданың жас тұрғындарының өмірінде орын алатын айрықша іс-шара. Бұл шығармашылық сайыс қатысушыларға батыл жоспарларын, арман-мақсаттарын жүзеге асырып, өнерлі өрендердің кәсіби сахнада өнер көрсетуге, көрермендердің шынайы сүйіспеншілігіне ие болуға мүмкіндік береді.
Алты мыңға жуық қатысушы 11 жанрдың 20 номинациясы бойынша бақ сынайды. Оның ішінде халық шығармашылығы, эстрадалық және хор әні, халық биі, заманауи хореография, аспаптық орындаушылық, театр және бейнелеу өнері, сондай-ақ фотошығармашылық, 3D-модельдеу секілді қызықты номинациялар бар. Жас құрақтай өсіп келе жатқан ұрпақ арасында медиа-мәдениетті дамыту, тақырыптық бейнероликтер жасау дағдыларын жетілдіру мақсатында «Tik-tok» номинациясы енгізілгеніне де биыл үшінші жыл.
Байқау күндері 4-26 сәуір аралығында 67 алтын, 89 күміс, 111 қола медальдар иелерін тауып, 375 дипломант марапатталады, жүлдегерлерді дайындаған педагогтарға 267-ден астам сертификат беріледі. Байқауда мәдениет, өнер, білім және қоғамның көрнекті қайраткерлері қазылық етеді. Оқушылар сарайындағы салтанатты ашылу салтанатында «Халық биі» жанрына қатысатын хореографиялық ұжымдар 7 жас пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер сахнада өз өнерлерін паш етіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Әділет Қабиден, «Мөлдір бұлақ»

ПІКІР ЖАЗУ