Бекзат болмысы – қуыршақ бейнесінде

Аты аңызға айналған біртуар боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Сидней Олимпиадасының чемпионы – Бекзат Саттархановтың азаматтық болмысы мен асқақ рухын дәріптейтін «Чемпион» қойылымы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде сыр шертті. Арманға деген адалдық, мақсатқа жету жолындағы қажырлы еңбек, елі мен жеріне деген сүйіспеншілік көрініс табатын қойылым жас жеткіншектерді қайсарлыққа, өжеттілікке, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен.

Қойылым Бекзаттың қысқа ғана ғұмырында жүріп өткен жолын, жеңісті күндерін баяндайды. Мұндай қойылым театр сахнасында алғаш рет сахналанды. Бұған дейін жасындай жарқ еткен боксшы жайында талай ақын-жазушы қалам тербеді, деректі фильм түсірілді. Бекзат туралы ғұмырнамалық сериал да бар. Қуыршақ театры да олимпиада чемпионын жас ұрпаққа үлгі етуді жөн көрген. Осы қойылым арқылы балаларға ұлт мақтанышы, болмысы бөлек боксшы Бекзатты жақынырақ таныстыруды көздеген.


Қуыршақ театры сахнасында тұңғыш рет ұсынылған қойылымның ерекшелігі – болмысы бөлек бокс шебері, ұлт мақтанышы, небәрі 20 жылдық ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген біртуар боксшының асқақ рухын қуыршақ образында көрсету. Кинематография элементтерін ұтымды пайдалана отырып, әр дәуірдегі қазақ халқының жеңісі мен жеңілісін түрлі символикалық образдар арқылы тарихи фактілермен байланыстыра қабыстырған қойылым Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.
Жасөспірімдер аудиториясына арналып дайындалған драма жанрындағы қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр ардагері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, авторы – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының жүлдегері, драматург Әлібек Байбол, суретшісі – Юлия Чернова, Ануар Бүркітбаев, музыкамен көркемдеуші – Бақберген Байшығаш, хореографы – Анна Цой.

Ешқашан ұмытылмайтын батыр бейне Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жарқын жолына арналған қойылым барша қазақ еліне ұлттық рух, биік патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлап қана қоймай, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры репертуарында ойып орын алатын тағылымды да мағынасы терең туынды болмақ.
Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, режиссер: Біз ринг арқылы қарамаймыз, біз сахна арқылы қараймыз. 20 жастағы бозбаланың олимпиада чемпионы болуы бұл құдырет. Оның ар жағында бүкіл халықтың тарихы тұр. Оның ар жағында сақтар тұр. Оның ар жағында ғұндар тұр. Оның ар жағында мың өліп мың тірілген Алқакөл сұлама тұр, оның ар жағында көкбөрінің рухы тұр. Ия, қойылымда кинематография элементтері қолданылған. Әр дәуірдегі қазақ тарихын символикалық образдар арқылы көрсетеді. Тарихи деректер келтіреді. Осының бәрін байланыстыра отырып Бекзат Саттархановтың күресі арқылы күллі ұлт тарихын баяндайды.


Шоқан Құлназаров, актер: Мұндай азаматтарды ұмытуға болмайды. Сол себепті, бүгінгі қойылым біздің кішкентай бүлдіршіндерімізге, ұрпағымызға мұра етіп қалдыратын аманатымыз. Бекзаттың қалай жеңіске жеткені, рухының мықтылығы. Оның қайдан шыққаны, қазақ жерінің бай екенін көрсете білген.
Сырлыгүл Шойбекова, Б.Саттархановтың анасы: 20 жасар бала небәрі 5 жылда чемпион болу деген үлкен спортта ертегі былайша айтсақ. Бекзат небәрі 5 жылда барлығын бағындырып әлем шыңына қазақтың көк туын желбіреткен ұл ғой. Мен келешек ұрпағымыз Бекзаттай ұлтын сүйетін ұлдар, қыздар болса деп тілеймін. Бекзаттай болып өсейікші, Бекзаттай өсірейікші деген ата-аналарды көргім келеді қазақ елінен. Қазақ халқы Бекзаттай ұлын ұмытпайды. Оған осындай туындылар дәлел. Оның спорттағы жарқын жолы қазақ еліне ұлттық рух, патриоттық сезім, жалынды жігер сыйлады.
Сондай-ақ, кішкентай бүлдіршіндерді адами асыл қасиеттерге тәрбиелеп, ізгілікке үндейтін театр ұжымы ақпан айында әлемге әйгілі «Етік киген мысық» ертегісінің де премьерасын ұсынбақ.

Гүлім Көпбайқызы

ПІКІР ЖАЗУ