МЕНІҢ СҮЙІКТІ КЕЙІПКЕРІМ (Б.Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Он алты жасар чемпион» повесіндегі Мұрат бейнесі)
Балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаев атамның туғанына 100 жыл толуына орай облыс көлемінде оқушылар арасында үлкен ойтолғау байқауы өтілетіндігін қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі сыныпқа келіп хабарлап өтті.
Тыныштық… Үнсіздік… Мұғалім осы хабарландыруды айтты да сыныптан шығып кетті. Мен де іштей ойланып отырмын. Жай уақытта, «сен, сен, сен жазып көрерсің» деп айтатын Салтанат ұстаз ешнәрсе демеді, бәріміздің ортамызға тастады. Үйге келдім. Біраз ойланып, кітап сөрелерін ақтарып қарай бастадым.
Әрине, қазақ әдебиетінде әр ақын-жазушының орны бөлек. Ал, атамыздың шығармалары тіпті өзгеше, қаламынан шыққан кез-келген туынды оқырманды баурап алады. Соның дәлелі: «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Қайдасың Гауһар?», «Аяжан» т.б. шығармалары.
Менің ойымша, әр адамның жүрегіне жақын, үнемі есінде болатын, жадында ерекше орын алатын сүйікті әдеби кейіпкері болады.
Иә, мен сүйікті кейіпкерімді Бердібек Соқпақбаев атамыздың шығармасынан таптым. Жазушының туғанына 100 жыл толуына орай өткізіліп отырған мерейтой құтты болсын демекшімін. Атамыздың бірнеше шығармасын оқып шықтым. Оның барлық туындыларында шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті де өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портетін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлете білген. Соның ішінде жүрегіме жақын келгені, «Он алты жасар чемпион» немесе «Жекпе-жек» шығармасы. Ал, сүйікті кейіпкерім – Мұрат. Неге десеңіз, айтар уәжім бар. Ендеше, шығарма мазмұнына тоқтала отырып, неліктен Мұраттың менің сүйікті кейіпкеріме айналғанын ашып айтқым келіп отыр.
Біріншіден, ерінбей еңбектенген, жалықпай жаттыққан, ең бастысы арманына адал бола білген жан ғана, міндетті түрде жеңіске жетеді. Бұған дәлел сол «Жекпе-жектің» басты кейіпкері он алты жасар жеткіншек Мұрат.
Екіншіден, дене тұрқы әлжуаз, жұқалтаң келген Мұрат өзі жете түсінбесе де боксты таңдайды. Онысын анасы да, әкесі де құп көрген жоқ, біріқ, өз таңдауында тұрып, мақсатқа жету жолында аянбай тер төгеді. Мақсатына жету үшін талмай еңбек ету керек, өз-өзіңе сенімді болу керек,-деген осы болса керек.
Үшіншіден, жастық – арман, сенім, ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Жастық – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Болашақ атаулының бастауы. Иә, жеңіс оңайлықпен уысқа түскен емес. Мұрат үшін де солай болды. Аудандық жарыста жіберген қателігінің салдарынан оңбай жеңілді, бірақ тауы шағылған жоқ, сағы сынбады. Керісінше, жаттығуын көбейтіп, алға ұмтыла түсуіне күш бергендей болды. Асқақ арманы оны Алматыға жетелеп әкелді.
Төртіншіден, «Жекпе-жек» үлкенге де, кішіге де тартымды, қызғылықты шығарма болып табылады. Өмірдің кейбір түбірлі шындықтары, шыншыл, толыққанды адам бейнелері көрсетілуі повестің құндылығын арттырады. Бұдан қазіргі таңда да, біздің қоғамымызда алдына үлкен мақсат қойған адамдардың дегеніне жете алатындығын, сонымен қатар өмір жолының тақтайдай тегіс болмайтындығын, ол қайшылыққа толы екендігін, кедергі, кесапаттар әр кезде өзінің түсін өзгертіп, сан бояуға малынып алдыңнан шыға беретінін көреміз.
Ойымды қорытындылай келе, Бердібек Соқпақбаев – әлем таныған жазушы, жан-жүректі елжірете мүсіндеген алғыр ойлы, қайсар мінезді, қайтпас рухты шоқтығы биік ұлы тұлға екенінің бір дәлелі. Тарихтың тозбайтынындай, шындықтың өлмейтініндей Бердібек Соқпақбаевтың да бүкіл шығармалары сан мыңдаған, миллиондаған оқырманның жүрегіне жылы жазылып, өшпестей сақталып, жатталып қалатыны анық. Оның бір дәлелі бүгінгі өткізіліп отырған байқау.
Медетхан Аяулым Бақытжанқызы,
Тараз қаласы,
№47 орта мектебі КММ,
9-сынып оқушысы
Жетекшісі: Алипбаева Салтанат Нұраханқызы