Көк маймыл (ертегі)

Абдырақын Аруна

Ну орман. Орман күндізгі қым-қуыт тірлікті аяқтап, тып-тыныш ұйқы құшағына сүңгіді. Барлық аңдар енді ауыздарынан суы ағып түс көре бастағаны сол еді, тосын бір дыбыстан мазасы кетті… Бұл қотиын көк маймыл еді, орман іші ұйықтағанда басқалардың тыныштығын бұзу оның кәнігі әдеті.
Ағаштан-ағашқа кезек-кезек секірді. Бұлақ суын кешеді, шалпылатып шашады, шыңғырады. Одан қала бере ормандағы биік ағаштың үстіне шығып жағымсыз дауысымен ән салды. Ормандағы аңдар оның бұл ерсі қылығын көре-көре шыдамы таусылған еді. Олар енді төзбеді, бұған жәй қарауға болмайды деп, аң патшасы Арыстанға шағымданды.
Аң патшасы ертесі өз ордасына көк Маймылдан басқа барлық аңдардың басын қосып жиналыс ашты.
– Мына орманда көк маймыл бар. Түнде тыныштықты бұзады. Біз оны орманнан қуып жіберуіміз керек немесе өзіміз кетейік!
– Жо, жоқ бір маймыл үшін өзіміздің жерімізді, отанымызды тастамаймыз! Біз кетпейміз, сол маймыл кетеді!.. Жазаның үлкені «етегін кесіп елден қуу» деген деп аң патшасы зор даусымен гүр етті.
– Дұрыс айттыңыз, – деп Аю қостады.
– Иә, маймыл кетсін! Біз кетпейміз! Деп Қарсақ үн қатты.
Аңдардың бәрі бір ауыздан «көк маймыл орманнан кетсін!» деген шешім шығарды.
Маймыл өзіне байланысты жиналыс ашылғанын естіп, сол түн тыныштықты бұзбай ертелеп ұйықтаған еді. Түн ортасында оның есігі қағылды. Маймылдың бал қаймақ ұйқысы кенеттен бұзылды. Маймыл ыңырси зорға оянды, балдай тәтті ұйқының қалай бұзылатынын енді түсінді. Көзін уқалай жүріп есік ашты.
– Мен сізге Арыстанның бұйрығымен келдім. Сізді орманнан кетсін деген шешім қабылдады. Сіз жақын арада орманнан кетесіз.
– Бұл менің жерім, отаным! Мен қалай туған жерімді тастап кетемін? Кете алмаймын. Ешқашан! Ешқашан да!..
– Бұйрық солай, – деді де, есікті тарс жауып, қызыл түлкі қылымси үн қатып, құйрығын бұлаңдатып кетті де қалды. Өз ісінің қате екенін енді сезген Маймыл, қатты өкінді, дөңбекшіп жүріп зорға таң атырды, қателігін мойындап кешірім сұрау керек деп шешті.
Ертемен тұрып, далаға шықты. Аңдар екі метр қашықтықтан оған алакөзденіп қарайды. Аңдардың ашуынан Маймыл тұрмақ Қасқырдың өзі шошиды. Маймыл байқұс қайтіп төзсін.
Ол аң патшасы Арыстанға барды. Күзетшілер оны тергеп кіргізбей быраз әуреледі. Ақыры ішке кіріп Арыстанның алдына келді. Өзінің істеген ісіне қатты өкінетінін. Істеген ісі қате екенін. Кінәлі екенін қиылып тұрып айтты.
Содан Арыстан орманда әр аңның өз орны бар екенін, Маймыл болмаса күзгі уылжып піскен жемістердің тез сасып, жұқпалы ауыру тарайтынын іштей ойлап, тағы жиналыс ашуды ұйғарды. Аңдардың бәрі «маймылдың кеткенін айтатын шығар» деп қуанып келді. Жиналыс басталды. Аңдарға қарайтын беті жоқ Маймылдың басы салбырап ортаға шықты. Ұялғаннан кірерге тесік таппай:
– Бәріңнен кешірім сұраймын. Мен кінәлімін. Тыныштықты бұздым. Істеген ісіме қатты өкінемін!.. Енді ешқашан тыныштықтарыңды алмаймын. Тек орманнан қумаңыздаршы?!.. Бұл жер маған өте қымбат! Сіздерді жақсы көремін, сондықтан да еркелеп жүрген едім деп жылап жіберді.
Аңдар маймылға жаны ашып, оны кешірді. Кейін Маймыл бәріне көмектесіп, барлығы жақсы көретін аңға айналды. Бәрі көңілді және бақытты. Ең бастысы тыныштықта өмір сүрді. Бақыт деген – тыныштық екенін аңдар енді сезді.

 Алматы облысы, Іле ауданы, Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектеп
5 «Г» сынып оқушысы
Жетекшісі: Аида Кенесарықызы

ПІКІР ЖАЗУ