Мырзабек Нәсіпханұлы, жазушы-драматург: Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз

Өткен 2023 жылғы желтоқсан тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген, Алматы қаласы Наурызбай аудынындағы Аденова Гүлбағда Есейханқызы басқарып отырған 208 мектеп-гимназиясының, 6 және 11 сыныптары «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз» атты спектакль қойды. Қойылым жетекшісі Мырзабек Нәсіпханұлы. Мектептегі білікті ұстаздар мен сынып жетекшілерінің қолдап, жіті қадағалауында сәтті шыққан жарты сағаттық қойылымда, қазақ хандығы құрылған кезден бастап тәуелсіздікке дейінгі аралықтағы елеулі оқиғалар назарға алынып, көрерменнің жансезімін қозғап, отан сүйгіштікке шақырады. Тәуелсіздіктің қаншалық құнды екенін дәріптейтін қойылым келген қонақтардың да назарын аударды. Тәлімі мен тағылымы терең, балаларға берері көп өскелең ұрпақты өр рухқа жетелейтін қойылымға қатысқан желтоқсаншылар дән риза болып, балаларға сәт сапар тілеп, ақ баталарын беріп ағынан жарылды.

Айдана Байтұрсын

Бірінші көрініс
Керей хан және жағалай отырған сұлтандар мен билер. Сахнаның төрт бұрышында найза ұстаған төрт жасауыл. Бұл төрт жасауыл тәуелсіздік тұсына дейінгі көріністерде кірпік қақпай күзетте тұрады.
Керей:
– Уа, ардақты ағайын! Бүгін біз көптен күткен Ұлы ұлыстың, Қазақ хандығының шаңырағын көтердік!
Жағалай отырған билер:
– Құтты болсын! Іргесі бекем болсын!
Керей:
– Қазақ құрамындағы ұлыстардың барлығы ежелден хандық құрып, өзін өзі басқарған тайпалық одақтар еді! Әбілхайыр ханның туы астына біріккенменен ол бұхараға күн көрсетпеді. Ешкімге бағынбаған елді құлша айдап, қойдай өргізіп айтқанына жүргізбекші!
Отырған билер:
– Біз оған көнбейміз! Еркімізді ешкімге де бермейміз!
Керей:
– Міне сол үшін біз бір тудың астына жиналдық! Ендеше, бірлігімізді бұзбау үшін, осы елді бірге қорғау үшін, бір мақсаттан азбау үшін анттасып алайық!
Отырған билер:
– Ант етеміз! Ант етеміз! Ант бұзғандарды құдай атсын!
Керей:
– Алаш деп атқа қонғанда бірің қалмай бір төбеде жиналатын болыңдар!
Отырған билер:
– Антты бұзбаймыз! Айтқан сөзден таймаймыз!
Керей:
– Бірлігі бекем елді жау алмайды! Бүгіннен бастап Қазақ хандығы құрылды! Алаш туы айбынды болсын!
Отырған билер:
– Айбыны асқақ болсын!
Керей:
– (Төрт сарбазға қарап) Мынау байтақ даланың төрт тарабы, қара қазан сары бала, елі үшін туған ерлер сендерге аманат!
Төрт сарбаз бірге:
– Ұлы даламызды кірпік қақпай күзетуге ант етеміз, ант етеміз, ант етеміз!
Керей:
– Бір ауыздан келісіп, бір бітімге келсек, мынау жиналған жұртқа тойымызды бастайық! Қане жүріңіздер!
Хан мен Билер сахнадан шығып кетеді.

Екінші көрініс
Еңсегей бойлы Ер Есімнің тұсындағы сатқындық
Сахнаға Есім хан шығады.
Есім:
– Ел бүлдірген, опасызды алып келіңдер! (Екі сарбаз бір адамды желкелеп алып шығады. Есім хан Тұрсынға сәл үнсіз қарап тұрып…)
Есім хан:
– Уа, Тұрсын, сенің көкейіңді тескен хандық билік қазақтың түбіне жетуге шақ қалғанын білесің бе?
Тұрсын:
– Сатқындардың салдарынан жолым болмай қалды! Болмаса сен отырған алтын тақта мен отырар едім!..
Есім:
– Жоқ, сенің жолың болмай қалған жоқ. Араның ашылды. Ақыры ел бүлдірген сатқындықтың салдарынан, сені, Керей ханның алдында айтқан ант атты.
Тұрсын:
– Антты мен берген жоқпын, аталарым берген! Менің онда шаруам қанша?
Есім:
– Ха, ха, ха! Осы ақылыңмен ел билемекшісің бе? Бабаларымыз бірлігіміз бұзылмасын деп ұрпағының ұрпағына дейін ант берген! Кімнің ұрпағы елін сатып, бірлікке сызат түсірсе, соны ант атады. Енді жазаңды күте бер Тұрсын хан! (Хан деген сөзді бөліп соза, кекете айтады.)
Тұрсын:
– Мына байтақ даланы, қалың елді бір емес бірнеше хан басқарсада жетеді! Барлығын уысында ұстағысы келетін сенікі де ашкөздік.
Есім:
– Қазақ даласын бөліске салуға, елін екіге жаруға ешкімгеде жол жоқ! Елімнің берекесін алғандар жауапсыз қалмайды. Алып кетіңдер!..
Сарбаздар Тұрсынды алып кетеді. Артынан Есім хан да шығып кетеді.

Үшінші көрініс
Ақтабан шұбырынды
Сахнаға әлсіреп шабындыдан қалған елдер шығады. Кейбіреулер сахнадан шұбап өтіп жатыр. Шаршап-шалдығып жатқандар, Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасынан үзінді оқиды. Бөліп-бөліп бірнеше адам айтып шығады.
Қара таудың басынан көш келеді,
Қара жорға шайқалып бос келеді.
Қара түнді жамылып қара қазақ,
Қара күнді басынан кешкен еді.
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
Қара таудың басынан көш келеді!
Қара жұртта бықсыған шала қалған,
Аналардан ес кеткен балалардан.
Талда таппай қармауға жағалаудан,
Ақыл қашқан адыра бабалардан!
(Сөз соңы үзіле шығады.)


Азамат:
– (Сахнаға Азамат жүгіріп шығады.) Оу, ағайын бұл ақтабан шұбырынды да артта қалар! Көтеріңдер еңселеріңді! Біз жауға бас иу үшін емес, қарсы тұру үшін жаратылған халықпыз! Қазақ қолы күш біріктіріп жатыр екен! Біз жеңеміз!..
Жатқандар бір мезетте орындарынан атып тұрады. Барлығы бірге:
– Біз жеңеміз! Жеңіс, жеңіс, жеңіс!..
Азамат:
– Қане атамекен жер үшін аянбаңдар! Алға!…(Барлығы сахна сыртына шығып кетеді)
Төртінші көрініс
1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі
Екі бала шығып ойнап отыр. Артынын Мұрат шығып балаларға қарап сөйлеп тұр.
Мұрат:
– Шүкір заман оңалды ғой?! Талай нәубетті замандар өтті. Қазақ оқығандары бізді туралыққа бастап келеді. (Осы кезде Талап жүгіріп шығады)
Талап:
– Мұрат патша өкіметі қазақтан әскер жинап жатыр дейді!
Мұрат:
– Не үшін?
Талап:
– Не үшін болушы еді соғысқа. Өз жерлерін қорғату үшін.
Мұрат:
– Қойшы, әркім өз жерін өзі қорғасын! Мен бармаймын. Бірақ, қазақ жеріне аяқ басса аянбаймын!
Талап:
– Өздері ақ, қызыл болып бөлініп алыпты дейді.
Мұрат:
– Осы бөлінгендердің ішінде бүлік жатады. Солар құртады елді.
Талап:
– Енді не істейміз?
Мұрат:
– Көрінгенге құл болмай қарсы шығамыз!
Талап:
– Қаш, келе жатыр!
Мұрат:
– Кім келе жатыр?
Талап:
– Қызылдар келе жатыр. Біздің қарсы күш топтап жатқанымызды естіген секілді?!..
Мұрат:
– Қап, ес жиғызып үлгертпеді-ау!.. (Ойнап отырған екі баланы қолдарынан сүйрей сахна сыртына жүгіріп шығады. «Тарс» еткен мылтық үні естіледі)

Бесінші көрініс (1986 жылғы желтоқсан)
Сахнада қыздар жатақханасы. Бір топ жас сөйлесіп отыр.
Әсем:
– Әсел дауысың жақсы ғой, бір ән салшы!

Әсел:
– Жарайды, бір ән айтып берейін. (Самалтау әнін шырқайды. Қайырмасына отырған қыздар қосыла кетеді)
Әсем:
– О, бұл 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінде шыққан ән ғой!
Әсел:
– Иә, соғысқа көнбеген қазақтың бәрін қырып ақыры тыл жұмыстарына әскер алған екен. Сондағы қазақтың зары.
Гүлден:
– Онан кейін 1928 жылы және 1932-1933 жылдардағы аштықта жүз қазақтың жетпісі қырылған екен, амал қанша!..
Сәуле:
– Сонда да қазақтың рухын ешкім жасыта алған жоқ. Бүгін Дінмұхамет Қонаевтың орнына Колбин деген біреу келіпті.
Жанар:
– Не дайді, тағы? Қазақша біле ме екен өзі?..
Сәуле:
– Қайдан білсін. Тіпті қазақтың кім екенінде білмейтін секілді.
Гүлнар:
– Онда бұл елді қалай басқармақшы? Жоқ, біз бұндай жетекке жүре алмаймыз.
Гүлмира:
– Тұрыңдар қыздар! Біз алаңға шығып қарсылығымызды білдірейік! Талап етейік! (Осы кезде сырттан Күлшат жүгіріп келеді)
Күлшат:
– Қыздар, қыздар ана жақта бүкіл студенттер жиналып алаңға шығып жатыр екен!.. Бізде барып қосылайық!
Жамал:
– Жүріңдер, бәріміз бірге шығайық! (Барлығы шыға жөнеледі. Осы кезде сахна шетінде кеңес одағы туының макеті тұрады. Қыздар бірі жығылып, бірі тұрып, жығылғандарын сүйеп сол туға барып итеріп құлатып кетеді)

Алтыншы көрініс (1991 жылғы тәуелсіздік)
Үш қыз сахнаға шығады. Әңгімелесіп келе жатыр. Дауыстары барған сайын күшейе түседі. Ербол орындықта газет оқып отыр.
Көркем:
– Мынау заманның оңайы кетіп, қиыны қалған ба?
Анар:
– Не боп қалды?
Көркем:
– Не болмады деп сұра! Кешегі алаңға шыққан жастар жоқтаусыз кетті. Аямады ғой, аямады!.. Ал, қазақтың тарихын зерттеп, рухын іздегендердің бәрінің оңып жүргені жоқ. Арттарында бір-бір көлеңке. Алаш арыстарының атын ауызға ала алмаймыз. Кенесарыны айтсаң қылмыс.
Шолпан:
– Көркем, сен тағы да желтоқсанды еске алдың-ау?!
Көркем:
– Қанша уақыт өтсе де, есімнен шығар емес.
Анар:
– Алаңда ақиқат болмады. Қанша арманымыз желге ұшты. Өстіп жүріп ұлт ретінде жоғаламыз ба деп, қорқамын?!
Шолпан:
– Сол, желтоқсан көтерілісі «Кеңес» деген тас қамалдың іргесін сөккендей болды ғой.
Көркем:
– Одан не өзгерді? Бізді әлі күнге қылмысты ретінде қарайды?!
Осы кезде Ербол орнынан атып тұрады. Қыздар селк ете түседі
Ербол:
– Шүйінші, қыздар, шүйінші!.. Біз тәуелсіз ел болдық!..
Үшеуі жүгіріп келіп газетті қарайды. Қуанысып газетті ала, жүгіре жөнеледі.
Ербол:
– Қыздар, газет…
(Сөзінің аяғын жұтып қояды) Барыңдар, шүйіншілеп жар салыңдар! Енді өлмейсің қазақ!.. Талай нәубетте жоғалмаған қазақ енді ешқашан жоғалмайды!.. Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз! Қауым елден шүйінші сұрайын!..
Жүгіре басып шығып кетеді. Осы кезде төрт солдат көрермендер жақтан саппен келе жатады! Тура найза ұстаған сарбаздардың төртеуі төртеуіне қарсы кеп тоқтайды. Осы кезде найза ұстаған төрт сарбаз бірге:
Сарбаздар:
– Біз Керей ханның аманатын сендерге тапсырдық. Берген антымызға адал болдық. Енді мына ел, байтақ жер сендерге аманат!..
Солдаттар:
– Ел мен жер бізге аманат!!
Төрт сарбаздың орнына келіп тұрады. Төрт сарбаз сахна сыртына бет түзейді. Музыка қойылып, осы кезде сахна сыртынан көк туды ұстап үш солдат еңселерін тік ұстап жігерлене басып келеді. Барлық актерлер соңында «Елім менің» әнімен сахнаға шығады. Бәрі бірге ән салады.
(шымылдық)

 

 

 

 

ПІКІР ЖАЗУ