«Абай шығармашылығы – рухани жаңғырудың негізгі көзі»

“Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес”, — деп жерлес ақынымыз Мағжан Жұмабаев Алтын хакім Абай қазақ поэзиясының тәңірі, құдіретті ақыны, қуатты таланты екенін бағалаған. 2021 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау мақсатында білім беру саласына үлкен міндеттер жүктеді. Президент бастамасынан кейін ұлы ақын шығармашылығын ұлықтау жұмыстары болды. 2021 жылдың 20 ақпанында біздің мектебімізге салтанатты түрде «Абай» есімі берілді.


Қазақстанның солтүстік қақпасында орналасқан, Мағжан, Сәбит, Ғабит сынды асылдардың мекені, Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясына «Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы» деген мәртебесін алып, желілік Абай мектептерінің қатарына қосылды. Аз ғана уақыт аралығында біршама жетістіктерге жетіп, желілік мектептер арасында ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға белсенділікпен қатысып келеді.Атап айтар болсам, «Қазақта қара сөзге дес бермедім…» атты Абай Құнанбайұлының қарасөздерін жатқа айту «Көркемсөз оқу» байқауына 11-сынып оқушысы Бекбаулова Алуа қатысып, 3-орынды қанжығалаған болатын.
Сонымен қатар «Жас журналист» республика-лық бейнесюжет байқауына 10-сынып оқушысы Боғдат Бекзат қатысып, 2-орынға ие болса, «Тіл мерейі – ел мерейі » атты республикалық мәнерлеп оқу байқауында мектебіміздің 9-сынып оқушысы Алимжанова Назарқыз 1-орынға ие болды.
2021 жылдың 25 қарашасында Алматы қаласын-да өткен ІІІ республикалық «Ділмәр» шешендік өнер байқауына 11-сынып оқушысы Бекбаулова Алуа қатысып, жүлделі 3-орынға ие болған болатын. Сондай-ақ дәстүрлі 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Абай әлемі» атты ІІ республикалық шығармашылық байқауға мектебімізден 4 оқушы қатысып, төртеуі де 1, 2, 3- жүлделі орындарға ие болды.


Абай желілік мектептері арасында «Бір ғалымды көрсеңіз» Абай ғылыми жоба байқауы өтіп, 10-сынып оқушысы Бекбаулова Алия 3-орын иеленсе, «Абайдың ән мұрасы» байқауында Нұрқан Баубек 6- сынып оқушысы 2-орынды иеленді. «Әуезов әлемі» атты дәстүрлі Республикалық көркемсөз байқауына мектебіміздің 10-сынып оқушысы Бағдат Бекзат қатысып, 3-орынды жеңіп алды.
Алматы қаласында өткен республикалық «Абайтану» олимпиадасында мектеп түлегі Бекбаулова Алия 3- жүлделі орынға ие болды.
Абай желілік мектептері тек оқушылардың ғана шығармашылығын шыңдап қоймай, мұғалімдердің, жас мамандардың да шығармашылығын шыңдап байқаулар ұйымдастырып отырады. «Менің педагогикалық әлемім» атты жас мамандар байқауына мектебіміздің жас маманы Жолкенова Гүлназ Мұсақызы қатысып, бас жүлдені иеленген болатын.
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатының» ұйымдастыруымен өткен «Абай тағылымы» атты республикалық фестивалінде біздің мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері мен жас мамандары «Ұлттық құндылық — ұрын келу» тақырыбындағы бейнесюжетімен 1 жүлделі орынды жеңіп алды.
Мектебімізде дарынды, мақтанарлық оқушыларымыз көп-ақ. Астана қаласы әкімдігінің «Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясында» желілік Абай мектептері арасындағы ІІ Республикалық «Іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауында мектебіміздің 9-сынып оқушылары Есмағамбет Әсия Асқарқызы қатысып, 3-орын иеленді.


Атырау облысы Тілдер мерекесі мен А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйым-дастырылған «Алтын қақпа» зияткерлік сайысы Диплом ІІІ орын 8-сынып оқушысы Рахимжанова Даяна «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты ғылыми конференция 2-орын Жумаканова Нұрай иеленді.
9-11-сынып оқушылары арасында ұйымдас-тырылған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты эссе байқауы 1-орын Жумаканова Нұрай, 2-орын иегері Әлімқызы Айнұр, 3-орын иегері Наушина Асылтас. Алғыс хат иегерлері: Бейсекеева Жасмина, Туебаева Анжели жүлделі болып қайтты.
Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай шығармашыл білім алушылар арасында ұйымдастырылған «Өз заманының заңғары» атты байқауында «Үздік мақала» номинациясы 3-орын Бейсеков Арслан, «Үздік буктрейлер» номинациясы бойынша 1-орын Бейсеков Арслан, Қайыргелді Арнат, Калыкова Аяжан иеленді. Айта берсек өте көп.
Мектебіміздің Абай есімінде болуы біз үшін үлкен қуаныш, үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Алдағы мақсатымыз: ұлы ақын шығармаларын терең де, жан-жақты таныту арқылы елжанды, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, эстетикалық талғамы жоғары, білім, білік, дағдылармен қаруланған, түйген ойларын іс жүзінде өз кәдесіне жарата білетін, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, өркениетті қоғамда өмір сүруге лайықты, терең ойлайтын дара тұлға қалыптастыру.


Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен сансыз ойлары, тамаша шығармалары, жалынды жырларында маржандай төгілдіреді, оның әрбір сөзінен соншама шуақты жарқын лебіз естіледі. Ол леп өткен заманның тынысы болса да, бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды. Өйткені Абай лебі, Абай үні, Абайдың тынысы – бүгінде теңдік алып, дербес ел атанған, басқа елдермен терезесі тең болған, кең байтақ Қазақстанның, қазақ халқының тынысы. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», — деп, ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен де бізбен бірге жасап келеді.
Халқымыздың маңдайына біткен ұлы перзенті, көсемсөз шебері Абай мұрасын насихаттау мақсатында, мән-маңызы мен қадір-қасиетін ұғынуға, тағылымы мен мол мұрасынан тәлім алуға бағытталған неше түрлі іс-шаралар, сайыстар өткізіледі.
Абай есімін ұлықтап, кемеңгер ақынның шығармаларымен таныстыра отырып, оның өлеңдері мен қара сөздерін оқыту арқылы адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа баулу мақсатында «Қазақтың бас ақыны» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізіледі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!» — деуі, келешек ұрпаққа Абайды оқу барысында берілетін өнегелі тәрбие ұшан-теңіз екені айтылады.
Абай әлемі – ұлы қазына. Біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажет руханилықты табамыз, себебі Абай – адамзат ақылшысы. Абай мұрасын кеудесіндегі жүрегі «Мен қазақпын» деп соғатын еліміздің әр азаматы оқып, біліп сезінуге міндетті. Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абай есімі Қазақ мектеп-гимназиясында оқитын әр оқушының бойына патриоттық сезім мен әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыратынына сенімдіміз. Мектептің әр оқушысы, әр ұстазы алдына үлкен мақсат қойып сол мақсатқа жетеді деген ойдамын.
Біздің мектебіміз Ұлы Абай атамыздың атын арқалап жүр-ген білім ордасы. Білім ошағымызда білім мен өнерді қатар алып, дарындылығымен көзге түсетін тәрбиелі оқушыларымызбен мақтанамыз. Көп жылдар ішінде мектебіміз нығайып, мықты мұғалімдер құрамын қалыптастырды, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін тапты, баға жетпес тәжірибе жинақтады! Соның арқасында барлық оқушыларымыз әр түрлі республикалық, облыстық олимпиада, сайыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
М.Жұмабаев айтқандай «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға жақын, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады». Міне, бұл қағида Әлфараби бабамыздың тәрбие мен білімді қатар алып баруға бағыттаған даналығына да сәйкеседі. Сонда ғана ұлт қамын ойлайтын ұрпақты жетілдіре аламыз.

Нұрғожин Шегебай Маруарұлы, мектеп директоры
Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы,
Абай атындағы мамандандырылған қазақ
мектеп-гимназиясы

ПІКІР ЖАЗУ