Өркенді өлке — Маңғыстау

«Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!»
Тап осындай атаумен қарашаның 7-9 күндері аралығында Астана төрінде Маңғыстау облысының мәдени күндері болып өтті. Өңір делегациясын облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев сынды ресми тұлғалар мен ел ағалары, өнер қайраткерлері бастап келіпті. Бірнеше жылдың жүзі болды қиырдағы елді-мекендердің шаруалары өндірген азық-түлік өнімдері мен өнерді аялайтын шалғайдағы майталман қайраткерлердің шығармашылығын көпшілікке насихаттайтын мәдениет күндері Астанамызда дүркіреп тойланып келеді.

 

Бұл жолғы мерекенің әрине орны бөлек. Тағылымы ерек! Маңғыстау облысы Қазақстанның батысында, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Бұл аймақ тарихи орындарға, аңыз – мұраларға өте бай. Бір кездері Ұлы Жібек жолында елмен елді елдестіріп, татулық пен бірлікке, экономикалық өрлеуге бастау болған 362 әулиенің мекені саналған ұлы дала Маңғыстау жері қаншама тарихи кезеңдер мен оқиғалардың куәсі бола білген қастерлі өңір. Сондықтанда Маңғыстау жері – Қазақстан Республикасының ішкі туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Бұны айтпасқа болмайды.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Астанадағы Маңғыстаудың мәдени күндерінің салтанатты түрде ашылуына Сенат, Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің «Мереке думан» шығармасымен ашылды.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов үш күнге жалғасатын шаралардың екі өңірдің рухани үндестігінің жаңғырып, жан-жақты байланысы нығаюының айқын көрінісі екеніне тоқталды алғашқы күні. «Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары, маңғыстаулықтар. Еліміздің бас қаласы елордаға қош келдіңіздер! Биыл киелі түбек Маңғыстау облысына – 50 жыл. Ал Ақтауға 60 жыл толып отыр. Осы мерекемен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Маңғыстау өңірінің мәдени күндері елорда халқына үлкен сый деп санаймыз. Бүгінгі іс-шара – екі өңірдің рухани үндестігі жаңғырып, жан-жақты байланысы нығаюының айқын көрінісі. Киелі Маңғыстау ақындар дүниеге келген қасиетті өңір. Оның топырағы, тауы, шатқалы, теңізі көне тарихтан сыр шертеді. Маңғыстау облысы гүлденіп, өркендей берсін!
ҚР Мәдениет саласының үздіктері, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары, «Жорға» би ансамблі, «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі, Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармониясының өнерпаздары, маңғыстаулық эстрада жұлдыздары, дәстүрлі әншілер өнер көрсетеді. Жалпы Маңғыстаудың елорда төріндегі мәдени күндері аясында 10-ға жуық іс-шара ұйымдастырылмақ. Салт-дәстүріміз ұлықталады, ақындар мен жыршылардың шығармашылығы көпке ұсынылады. Маңғыстаулық театр ұжымы екі қойылымын сахналайды. Көрме-жәрмеңке аясында елорда тұрғындары шұбат пен балықтан дәм татады, сондай-ақ маңғаз өлкенің сұлулығын сурет арқылы тамашалайды» деді журналистерге берген сұхбатында. Мереке үш күнге созылды. Астана халқы мен қонақтары үшін аңыз өріп, жұмбақ жайлаған қасиетті мекеннің мәдени жауһарларымен, бірегей өнер туындыларымен етене танысудың және рухани кездесулерге қатысудың сәті түсті. Үш күнге жалғасқан мәдени-рухани шаралар аясында астаналықтарға арнап театр қойылымдары сахналанып, маңғаз Маңғыстаудың мақамды жыр-дастаны, өңір өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі, сондай-ақ әдеби-сазды кештер мен салтанатты жиындар ұйымдастырылды.


Аймақтың туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған «Марс пейзаждары» фотокөрмесі жиналған қауымды ерекше күйге бөледі. Онда облыстың белгілі фотосуретшілерінің көктем-жаз айларында түсірген туындылары ұсынылған болатын.
«Қашаған, Абыл, Сүгір бабаларымыз шыққан, Әбіш пен Сержан ағамыз, Сабыр мен Светқали ініміз, Тамара мен Айгүл қарындасымыз секілді майталман әдебиет, өнер адамдары шыққан маңғаз Маңғыстауымыздың өнерін тамашаладық. Маңғыстаулық өнер адамдарына рахмет! Өнер сахнасында сәттілік тілеймін», деді Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов ағынан жарылып.
Қуанышты жаңалықтың бірі маңғаз Маңғыстаудың сұлулығы мен құпиясын тану үшін 180 мыңға жуық турист келіпті. Биыл туристердің келу көрсеткіші 138,6 пайызға өскен. Маңғыстау бизнес өкілдерінің жәрмеңкесі де тоқшылықты көзге елестетеді. 25 кәсіпкер түйе сүтінен әзірленген шұбат, балқаймақ, құрт, ірімшік, балық өнімдерін, ұлттық киімдер мен әшекейлер, ағаштан жасалған бұйымдарын ала келген. Сондай-ақ, аймақ өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына қазақтың бірқатар ұлттық дәстүрлерін көрсетті.
Маңғыстау облыстық Мәслихат депутаты Пания Сармурзина сөзіне қарағанда, бұл мәдени күндерді өткізудің мақсаты — Маңғыстау облысының 60 жылдығы мен жаңа қала Ақтау қаласының 50 жылдығы және Алаштың төрі Астана қаласының 25 жылдық мерейтойлары аясында өткізіліп тұр.
Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақовтың айтуынша Елорда төрінде маңғаз мекеннің мәдени жауһарлары жұртшылық назарына ұсынылып, ата-баба салт-дәстүрі дәріптеліп, ұлттық құндылықты ұлықтаған өлке өнерпаздарының өнері паш етілген.
«Мәдениет – дүниенің қан тамыры. Руханиятсыз адам баласы өмір сүре алмайды, қоғам болмайды.


Маңғыстаудың мәдени күндері біраздан бері Сарыарқа төрінде өтпеген еді. Бұл рухани тамырымызға жан бітіретін іс-шара болатын шығар деп ойлаймыз. Оның ішінде «Маһамы мүшһүр Маңғыстау» деген керемет жоба бар. Бірінші рет үлкен сахнада орындалады», — деді ақын Светқали Нұржан.
«Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» атты Маңғыстау облысының Астана қаласында өткен мәдениет күндері Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Мерейлі мекен – Мұнаралы Маңғыстау» атты М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің концерті салтанатты түрде аяқталды.
PS: Маңғыстау облысының Астанадағы мәдени күндері «Ақиық өлке, алғи жыр» әдеби-сазды кешімен жалғасып, «Мерейлі мекен – мұнаралы Маңғыстау» атты үлкен концертпен жабылды.
Маңғыстау мәдени күндері қазыналы түбектің өндірісі де, өнері де өрге жүзуде екендігін көрсеткендей болды. Қорыта айтсақ, маңғыстаулықтар қай салада болса да толымды табыстармен алдыңғы шепте жүретінін аңғарта білді. Бәріне куә болған астаналықтар мен қонақтары да разы.
Иә, бұл өлкенің өз ерекшеліктері бар. Маңғыстау 362 әулиенің құтты қонысы екенін жоғарыда айттық. Оларға өзге өңірлерден табынушылар күн сайын ағылып келіп жатады. Маңғыстау аймағы ежелгі өркениеттің археологиялық, қорықтық, тасқа қашалған суреттер тәрізді ескерткіштерге өте бай. Ежелгі қорымдардағы қойтас, құлпытас, саркофаг, сағдия там, мавзолейлердің сыры кетсе де сыны кете қоймаған мүсіндері көзді қарықтырады. Былайша айтқанда, өлке 25 мың тарихи ескерткіштерден тұратын ашық аспан астындағы мұражай десе де болады. Олардың көбі мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Маңғыстау Үстірт үстінде айрықша жылқы тұқымын өсірумен айналысуда белгілі деуге болады.
Қазақтың дара, дана ұлы Әбіш Кекілбаев айтқандай «Маңғыстау… тарих пен табиғаттың бірге толғаған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес. Бұл даланың жел екеш желі де үш жүз алпыс екі әулие бірге құран оқып, бірге намазға жығылғандай сай-сүйегіңді сырқыратып, күңіреніп тұрғандай. Ұғымталға ұқтырары көп ұлағатты өлке, көсегең көгере бергей!» дегіміз келеді.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

ПІКІР ЖАЗУ