Астанада конкурдан ел чемпионаты өтті

25 қазан Республика күні мерекесіне орай Астана маңындағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде алғаш рет конкурдан ҚР чемпионаты өтті. Ел чемпионатының ашылу салтанатына қатысқан Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев және Республикалық Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат құттықтау лебізін білдіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі.


«Бүгінгі доданың осындай маңызды мерекемен тұспа-тұс келуінің үлкен символдық мәні зор. Жылқы десе, жүгенін ала жүгіретін қазақ үшін ат спортының алар орны ерекше. «Тұяғымен тасты қопарар жорғадай, Арғымақ — Қазақ, бірі үшін бірі жаралған» дейтін бабаларымыз тұлпарды ерекше қадірлеген. Конкур спорты қазақ даласына кенжелеп жетсе де, бізге жат емес. Олай дейтініміз, өз заманында атағы алты құрлыққа жайылған хас тұлпар Абсент биіктігі 170 сантиметр кедергіні қиындықсыз бағындырып, үш мәрте Олимпиада жүлдесін алды. Алғаш ретАстанада өтіп жатқан бәйгеде ең үздіктер қатарына ену үшін екі күн бойы әр түрлі биіктіктегі 8 санат бойынша бағы мен бабы келіскен 50-ге жуық сәйгүліктер шеберліктерін көрсетеді. Бүгінгі Чемпионатқа жекелеген санаттар бойынша Қырғызстаннан келген шабандоздардың қатысатынын атап өткім келеді. Бас қаламызда олимпиадалық ат спортының конкур түрін дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға барлық жағдайлар жасалған.
Халқымыздың күрескер рухы, намысқа суарылған мінездері осындай жанкешті сайыстарда шыңдалады. Ендеше, қатысушыларға бізде тақым қысамыз. Елуге жуық жүйріктің ішінде алдына қара салмас шын жүйрік жеңіске жетсін», — деді қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Каналимов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бәсекелі бәйгеге еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан 80-ге жуық шабандоз қатысты. Олар биіктігі мен күрделігі бойынша 8 түрлі бағытта бақтарын сынады. Республика күніне орайластырылған жарыстың жалпы жүлде қоры 26 миллион теңгені құрады. Екі күнге жалғасқан чемпионаттың мақсаты салауатты өмір салтын берік ұстану. Сонымен қатар, Астана мен барлық өңірлерде ат спортын кеңінен насихаттау және дамыту арқылы перспективалы шабандоздар мен жылқыларды анықтау.


ҚР Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат: — Мұндай жарыстар Астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін Алматы қаласында ғана ұйымдастырылған болатын. Өткен жылы ғана салынған бұл кешен халықаралық талаптарға сай келеді. Екі күндік жарысқа әлемнің үздік төрешілері шақырылды. Олар жылқыны тексеріп қана қоймай, шабандоздың дайындығын да тексерді. Біз үшін үлкен мақтаныш әлемдік деңгейдегі төрешілердің келіп, баға беруі. Осы чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар ұлттық құрамаға қабылданып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады,- деді.
Астана қаласының спортшысы Нұрила Тұрысбекова «Кандинский» атты сәйгүлігімен 140 см бағытта жеңіске жетті. Дәл осы бағытта сынға түскен астаналық спортшысы Азамат Хасенов «Фандорин» атымен күміс медальді қанжығалады. Қола медаль иегері «Диаз VIII» сәйгүлігімен алматылық Ислам Исламов еншіледі. Төртінші және бесінші жүлделі орындарды «U Core De la ville» (Шымкент) атымен Шыңғыс Маликаждар мен «Леди Ди» (Алматы облысы) жорғасымен Ксения Баталова иеленді.


Кедергілердің биіктігі 145 см «Top Score» бағытында Қырғызстаннан келген Камиль Сабитов «Фигаро»атымен бірінші орынды иеленді. Олардың артында Ясмин Ибрагимова «Ирвинг Де Дам» жылқысымен (Алматы облысы) күміс жүлдегер атанды. Ал, үздік үштікті Қырғызстандық Андрей Тряпицин «Флоризель» атымен түйіндеді. Үздік 5-ті Алматы қаласының шабандозы Ислам Исламов «Диаз VIII» атымен, Астаналық Нұрила Тұрысбекова «Кандинский» жорғасымен аяқтады.
Кедергілердің биіктігі 150 см болатын Гран-приде бағытында Қырғызстаннан келген шабандоздардың бағы жанып, алтын және күміс жүлдегер атанды. Қола медальді алматылық Ислам Исламов «Диаз VIII» жылқысымен еншіледі. Гран-придің төртінші және бесінші жүлделі орындарға астаналық спортшы Азамат Хасенов пен Шымкент қаласынан келген Шыңғыс Маликаждар түйіндеді.
Еліміз спортшылары үшін таныс та бейтаныс конкур ойындары болашақта да жалғасын тауып, атсүйер қауымның сүйікті спорттық ойынына айналатынына сенім мол.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ