Алаш аманаты – ұрпақ жадынан өшпейді

Астана қаласындағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейде «Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат» деген тақырыпта оқушылар арасында қалалық зияткерлік-шығармашылық сайысы өтті. Алаш мұрасын арқау еткен зияткерлік-шығармашылық сайысты Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Зияткерлік-шығармашылық сайысқа Астананың орта білім беретін 18 мектебінің 6-10 сынып оқушылары қатысты. «Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тұрар Сәттарқызының айтуынша, іс-шараның мақсаты – қазақ елінің азаттығы мен еркіндігі жолында саяси-интеллектуалды жолмен күрескен, ұрпаққа мол мұра қалдырған, ұлтын шексіз сүйген Алаш қайраткерлерінің ағартушылық бағыттағы мұраларын өскелең ұрпаққа насихаттау, жас ұрпақты отансүйгіштікке, ана тілін, ұлттық құндылығын құрметтеуге тәрбиелеу. Сонымен қатар іс-шара биыл, яғни 2023 жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан алаш қайраткерлерінің ғибратты ғұмыры және тағылымды тағдырын оқушыларға таныстыру, үлгі-өнеге ету. Атап айтсақ, биыл қазақтың қайраткері ұлы – Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл, медицина саласының білгірі, дәрігер, ғалым, ұстаз – Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл, арқалы ақын, асау жырдың тарпаңы – Мағжан Жұмабайұлының туғанына 130 жыл, ал жасындай жарқырап, «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз» деп жырлаған ақын, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының туғанына 130 жыл толып отыр.
Біле білсек, қазақ елінің ертеңі үшін қилы кезеңде қиын тағдыр кеше жүріп, «тар жол тайғақ кешулі» тар заманда алты алаштың амандығы үшін мүмкін еместі мүмкін еткен, артына өшпес мұра, өнегелі өмір жолын қалдырған алаш ардақтыларының алдындағы перзенттік борышымыз ұшантеңіз. Ең бастысы ұлттың ұлы мұраты жолында жанын берген, өзінде бардың бәрін берген, қайрағы намыс, қайраты қайтпас ұлыларымыздың есімін қазіргіден де биік құрметпен, сағынышпен, қимастықпен бағдаршам ететін кезіміз келді. Қазақ тарихындағы тауқыметті тағдыр иелері — алаш арыстарының қиын-қыспақ заманда, бастарын сауғалауға мұрша болмай, қуғын көре жүріп, қазақ халқы үшін, жасап кеткен жанкешті еңбектерін, ерліктерін жүрегімізбен қабылдап, түйсігімізбен толық түсінсек, ол да үлкен олжа болар еді.
«Алаш мұрасы – ұрпаққа аманат» деп үлкен аманат арқалаған сайыста «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет» атты сахналық қойылым көрсетілді. «Алаш арыстарына хат» деп аталған бөлімде оқушылар монолог оқыды. Оқушылар жоғарыда аттары аталған биылғы мерейтой иелеріне арнап жазған хаттарында тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпағы ретінде болашаққа қатысты өз ұстанымы мен ұсынысын жеткізуге тырысты.
Сайыс қорындысында Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-гимназия топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бірінші орынды Ы.Алтынсарин атындағы BINOM мектеп-лицейі, екінші орынды А.Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектеп-лицейі мен І.Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназия, үшінші орынды №38 мектеп-лицей, №2 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей және №8 мектеп-лицей өзара бөлісті. Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназия «Көрермен көзайымы» сыйлығын иеленді. Оқушыларды зияткерлік-шығармашылық сайысы дайындаған барлық ұстаздар қалалық Тіл басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп және «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Тұрар Сәттарқызының қолы қойылған алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ қатысушыларға «Қыр баласы» қоғамдық қорының демеушілігімен алаш арыстары туралы кітаптар, белгілі суретші Гүлназым Өмірзақ салған картиналар және арнайы экодорбалар сыйға берілді.
«Сенімен Болашақ» РҚБ Астана қалалық филиалының директоры. педагог-тренер, коуч, Шерхан Жұмабекұлы: – Алаш арыстарының шығармашылығы мен еңбек жолын, тағылымды тағдырын насихаттаған керемет іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бүгінгі іс-шара баланы оқуға, ізденуге, ерінбей еңбек етуге баулу, үйрету, қолдау болды десем қателеспеймін. Астанадағы 18 мектептен 130 оқушы зиялыларын, олардың еңбегін жадында нақты сақтайды. Себебі сахнада алаш зиялыларының барлық қырын өз бойларына сіңірді деген сенімдеміз. Шараны ұйымдастырған «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігіне алғыс айтамыз. Сахналық қойылымда бас жүлде алған Ә. Бөкейхан атындағы №76 мектеп-гимназия оқушыларының монолог оқуы, монологтың концепциясын бағалау, талдау арқылы алаш зиялыларының еңбектерін, өмір жолын түйсіне білулері мен Мағжан Жұмабаевтың сүйікті жарын сахналау арқылы қазақтың өмір салтын, әдет-ғұрыпын бабаларымыздың қыз баланы құрметтеуі, аялауы секілді әдебін, ізгілік, инабаттылықты жеткізудегі нәзік лирикалық сипаттауы, көрерменге жеткізе алуы көбірек ұнады,- дейді.
Ал Қазылар алқасының төрағасы, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер: – Күннің сенбі, демалыс екеніне қарамай жиналған қауым, бүгін тарихқа шомылып, алаш кезеңіне сапар, саяхат жасағандай болдық. Қара шаңырақ деген қазақ үшін қасиетті ұғым, киелі түсінік. Сондықтан шараны ұйымдастырудағы «Қара шаңырақ ұжымының еңбегіне алғысымыз шексіз. Мағжаннан қалған «Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от болып жан туып па? Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген ұлы сөз бар. Барша түркінің қара шаңырағы қазақ жері, қазақ елінің иесі сіздердсіздер,- деп, оқушыларға алғысын жеткізіп, бұл іс-шараның еліміздің маңызды мерекесі – Республика күні қарсаңында өтуінде символикалық мән бар екенін айтып өтті.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ