Сәкен салған сара жол

Астана қаласындағы Сәкен Сейфуллин мұражайының 35 жылдық мерейтойына орай қаладағы мұражайды әр жылдары басқарған басшыларымен С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназия мектебінің оқушыларының кездесуі болды. «Алғашқы қадам» деп аталған мерейтойлық жиынға мұражайдың алғашқы директоры, қор жасақтау жұмысын шебер ұйымдастырушы Асылбекова Роза Иманғалиқызы, мұражай басшысы болған ақын, Алаш сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, С. Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Рақымжанқызы, білікті мұражай маманы ғылым бөлімінің меңгерушісі Бейсекеева Бағила Сұлтанқызы, мұражай маманы Ыдырысова Нұргүл Тұрарқызы сынды мұражай ісінің білгір-мамандары жиналды.

 

Кездесу тізгінін қолға алған мұражайдың қазіргі директоры Әбсеметов Марат Оралбайұлы алдымен қонақтарды мұражайдың 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, алғысын білдірді.
«Сәкен Сейфуллин мұражайы» — Астанадағы жеке тұлғаға арналған алғашқы әрі жалғыз мұражай. Мұражай ғимараты XIX ғасырдың аяғындағы ағаш сәулет үлгісіндегі сақталып қалған құрылыстардың бірі, 1846 жылы салынған Ақмоланың көпестік топ өкілінің үйі. Кезінде ғимарат сатып алынған тауарлардың есебін жүргізуге арналған кеңсе болған екен. Бүгінге дейін ағаш сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігін сақтап қалған тарихи ғимаратқа бөрене қабырғалары сән беріп, құрылымдық және функционалды элементтері сәулеттік және көркемдік стильдегі тамаша туындының салтанатын асырып тұр. Жоғарғы жақ бөлігі үйшігі бар жабынды шатырдан тұратын бөренелерден құралған. Ғимараттың қасбеттерінде ағаш пиластерлер бар. Ғимараттың терезе мен есік жақтаулары ою-өрнектермен көмкеріліп, ішкі безендірілуіне де сәндік ою-өрнектер сәндік көрік беріп, ғимарат ішін әдемі әсерге бөлеп тұр. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан 1988 жылға дейін ғимарат «Зорька» деген балабақша болыпты. 1988 жылы 20 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің өкімімен осы ғимаратта С.Сейфуллиннің мұражайы ашылды. Қазір мұражай қабырғаларына Сәкен Сейфуллиннің және Сәкен өмір сүрген дәуірдегі суреттер, қолжазбалар, ес-телік мұралар ілінген. Сондай-ақ дәлізге Сәкеннің шағын ескерткіш мүйістері қойылып, көрме ұйымдастырылған.

Кездесу барысында мұражайдың алғашқы директоры, қор жасақтау жұмысын шебер ұйымдастырушы Асылбекова Роза Иманғалиқызы мұражайдың қалай ашылғаны туралы естеліктерін айтты. — Шын мәнінде, аты-атағы аңызға айналған қазақ халқының ардақты да аяулы ұлы Сәкен Сейфуллин мұражайы Алматыда ашылуы керек еді. Мұражай ашу мәселесі 1958 жылы Сәкен ақталғаннан кейін талай мәрте көтерілгенімен, рұқсат берілмеді. Жары Гүлбаһрам апай да көзі тірісінде өз үйінің екі бөлмесіне Сәкенге қатысты жәдігерлерді жинақтап, Алматыда мұражай ашсам деген арманымен басшылыққа қаншама рет ұсыныс айтса да үміті ақталмады. Мұражай тек 1988 жылы 20 ақпанда Целиноград (Ақмола, қазіргі Астана) қаласында ашылды.

Негізінен 1980 жылдардан кейінгі «жылымықтың» арқасында Сәкен мұражайын ашу туралы жиірек айтылып, халық өзінің ақтаңдақ тарихын түгендей бастады. 1985 жылы ақсақалдардың қолдауымен, халықтың сұрауымен Ақмола облыстық ескерткіштерді қорғау қоғамы төрағасының орынбасары Молдахмет Досаев ағамыздың облыс басшыларына жазған хатының арқасында Сәкен мұражайын ашу мәселесі шешімін тапты. Мен ол кезде қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болатынмын. Досаев ағай мұражайға ғимарат мәселесімен келгенде, сол кездегі С.Сейфуллин кітапханасының жанындағы ХІХ ғасырдың көне ағаш үйінде балабақша орналасқан еді. Бір аптаның ішінде соны босатып, Досаев ағай мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Б.Г. Маевскийге табыс еттім. 3 жылдай жөндеу жұмысы жүргізілді. Экспозиция дайындау облыстық музейден әдебиет бөліміне жүктеліп, талаптарға сай алғашқы жұмыстар атқарылып музей ашылды. Мен музейге сәуір айында келіп, 2002 жылға дейін қызмет еттім.
Алғашқы жылдары мұражайға Сәкен Сейфуллинге қатысты жәдігерлерді жинау оңай болған жоқ. Ақынның өмірі, шығармашылығы түгілі атын атаудың өзінен қорқатын сонау алмағайып кезеңде көптеген дүниелердің қолды болғаны өкінішті-ақ. Әйтсе де біраз дүниенің сақталып қалғаны көңілге медет. Сәкенге қатысты деректерді, жәдігерлерді жинау мақсатында Сәкеннің болған, ізі қалған жерлердің бәріне бардық. Қаражат жоқ, телефон істемеген, күзет болмаған күндер болды. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденістің арқасында біраз материалдар жинақтадық, 1989 жылы облыс басшысы болған Қ.А.Таукеновтің көмегімен екінші ғимаратқа қолымыз жетті. Музейді әр жылдары басқарған басшылардың табандылығы мен қажырлы еңбегінің, жауапкершілігі мен ұлт руханиятына деген жанашырлығының арқасында қазір музей қоры толықты, қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Әлі де жаңа деректермен толығып, мүлдем жаңа материалдарға табылып жатыр. Жалпы Сәкеннің өмірі, шығармашылығы, атқарған қызметі, ол өмір сүрген замана тарихы, өмір сүрген ортасы, қолданған бұйымдары, төсек-орын, киген киім секілді басқа да бағыттағы зерттеу, талдау жұмыстары жүргізіліп, тарих қатталып, мұрағат толығып жатыр. Мұның бәрі кеше ғибратты жол салып кеткен барлық Сәкен мұражайы басшылығы мен қызметкерлерінің маңдайтер, табанақы еңбегінің жалғасы жемісі деп білемін. Бізден кейінгі және бүгінгі барлық Сәкен мұражайы айналасында еңбек етіп жүрген жан кешті толқынға алғысым шексіз. Құрметті балалар, сендер де еңбекқор болыңдар! Қазақ «Еңбек етсең емерсің» дейді, ел үшін еңбек етіңдер, жақсы оқыңдар. Уақыттың қадірін біліңдер, уақытты бос өткізбеңдер, -деді Роза Асылбекова.

Өз кезегінде сөз алған Серік Тұрғынбекұлы Сәкен Сейфуллин туралы, өмірі мен шығармашылығы туралы, өзі қызмет еткен жылдардағы мұражай туралы естеліктерін ортаға сала келіп, оқушылардың қолындағы ұялытелефонға қатысты, — Ұялытелефонның бір зияны, қазақтың, халықтың руханиятын, ұлттық құндылығын, жадын жойып жібере ме деп қорқамын. Адам алдымен өзінің ұлттық болмысын, табиғи менталитетін жүрегіне, жанына, жадына сақтауы керек және жаттауы керек. Әйтпесе ұлттық жады ұмытылады, жоғалады. Жады жоғалса, ұлт та өмір сүруін тоқтатады, -деп, оқушыларға ақыл-кеңесін арнады.

Сонымен қатар кездесуге келген басқа да қонақтар, мұражайдың әр жылдардағы жетістіктері жөнінде естеліктерімен бөлісіп, оқушыларға жылы лебіздері мен алғыстарын білдірді. С.Сейфуллиннің нағашы қарындасы Асылгүл Рақымжанқыз: — Айналайын оқушылар, жас жеткіншектер сендер үшін бүгінгі іс-шара есте қаларлық, үлгі-іөнеге боларлық тағылымды бір кездесу екенін айтқым келеді. 35 жыл деген үлкен тарих. Алғаш Сәкен мұражайының ашылғанын телеарнадан естідім де сол кезде екі баламды алып, шашу шашып келген едім. Бәрі есімде Роза апай, Серік аға, Несіпбек аға және басқа да дтректорлар басқарған жылдар есімде, өте керемет жылдар еді. Серік ағаның сендер сияқты оқушылармен кездесу болғанда, «Сәкен сегіз қырлы емес, сексен қырлы» деп айтатыныәлі есімде. Сәкеннің сол ашылып болмаған сексен қырын сендер зерттейсіңдер, сәкентанушы боласыңдар деп ойлаймын.

Марат Оралбайұлының Сәкен туралы тамаша еңбегі бар. Айтайын дегенім, қазір мектеп бағдарламасында «Тұлға тану» деген пән бар ма, министрліктің құлағына алтын сырға, барлық оқу орындарына тұлға тану пәнін немесе үйірмесін кіргізу керек.

Қазақтың кешегі, бүгінгі тарихындағы ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды, сонымен қатар Асылбекова Роза Иманғалиқызы, Серік Тұрғынбекұлы, Марат Оралбайұлы сынды кеңестік тоталитарлық жылдардан кейін де ұлт ісі үшін таршылық болған заманда қызмет еткен тұлғаларды да ұрпаққа насихаттайтын, үлгі-өнеге ететін сабақ оқытылуы керек, -деді.
Әдемі әңгіме, келелі кеңес, тамаша естеліктердің тиегі ағытылған кездесу барысы оқушылардың Сәкен әндерін әуелете шырқап, өлең-жыр шумақтарын оқып, күмбірлеген күймен көмкерілген рухани нәрі мол тамаша бір кешке ұласты.
Кездесу соңында Сәкен Сейфуллин мұражайының директоры Әбсеметов Марат Оралбайұлын сөзге тартқан едік. — Өздеріңіз көргендей, бүгінгі іс-шара мұражайымыздың 35 жылдығына арналды. Алғашқы директорларымызбен кездесіп, тамаша естеліктер мен ән-жыр тыңдап, рухани байып қалдық. Келген қонақтарымызға мың алғыс, көп рақмет.

Мұражай ашылған алғашқы жылдар оңай болған жоқ. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейінгі жылдар, тар заманда Сәкен мұражайы ашылып, сол кездегі Целиноград (Ақмола, қазіргі Астана) қазағының рухы көтерілді деп айтуға болады. Бүгінге дейін мұражай қоры сол кездегі және кейінгі мұражай қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында жинақталды, әлі де жинақталып, зерттеліп, зерделеніп жатыр. Мұражай ғимаратына қазір
177 жыл болған екен.

Бірақ қаланың ортасында кешегі Сәкендердің рухының айнасы. Сәкен өмір сүрген заман — кешегі қазақтың талай талай марқасқалары өмір сүрген заман, Қажымұқан, Балуан Шолақ сынды балуан, сал-серілердің ізі қалған заман. Патша заманындағы Ақмола, совет кезіндегі Целиноград, қазіргі Астана тарихымен үндес мұражай ғимараты — халқымыздың мәдени мұра қатарындағы бағажетпес, құнды жәдігері десек артық айтқанымыз емес. Сондықтан Сәкеннің мұражайы бұл ғимараттың тарихи келбетін одан сайын ажарландырып тұр дейміз.

Сәкен мұрасы, Сәкенге қатысты бұйымдар, жазба естеліктер, өзі жазып қалдырғпн еңбектер әлі де халық арасынан табылып жатыр. Мұның бәрі халқымыздың рухани-мәдени әлеміне қосылып жатқан құнды мұра. Әлі де зерттеліп жатыр, әлі де кітаптар шығып жатыр, әлі де жұмыстар толастамайды, — деді Марат Оралбайұлы.

Иә, Сәкен мұрасы қазір де зерттеліп, зерделеніп өзге тілдерге де аударылып жатыр. Мұражай қызметкерлері де нағыз ғылымды жанына серік еткен, Сәкен мұрасының жан-жақты зерттеліп, мұқият насихатталуына үлесімді қоссам деген нағыз еңбекқор жандар. Солардың бірі де бірегейі жап-жас болса да білімге-ғылымға құштарлығының арқасында Сәкен мұрасын зерттеп, өз еңбек жолының шамшырағына айналдыра білген Алуа Тоқторбаева төте жазумен жазылған «Асау тұлпар» кітабын түрікшеге аударып, оның сөздігін, төте жазудан латыншаға транскрипциясын және түріктерге түсінікті болуы үшін граматикасын жасап шыққан. Түркияда Егей университетінде магистратурада оқып жүріп, жазған Алуаның «Грамматическое исследование казахского языка на основе стихотворений Сакена Сейфуллина «Асау Тулпар», введение-тексты-словарь» атты бұл еңбегі 500 беттен тұратын диссертация болатын.

Арманы асқақ, мақсаты айқын шынашақтай Алуаның бұл еңбегі «Марат Оралбайұлының айтуынша, көп кешікпей кітап болып шығады. Келесі жылы бұйырса, Түркияда Сәкенді насихаттау жөнінде мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырылмақ, Сәкен туралы опера және кино шығару жоспарда бар.

Сәкен мұражайы маңайындағы өзге ғимарат-тардан ерекшеленіп, ағаштан ойып өрілген тамаша өрнегімен, сыртынан қарағанда, қоңырқай ғана сәулетімен көз тарта тым-тырыс қана ақырын тыныстай тіршілік етіп жатқандай көрінгенімен, есігін ашсаңыз, ақжарқын, жаймашуақ пейілді жандармен, қыз-қыз қайнап жатқан қызу еңбекпен, зерттеп-зерделеуден жалықпайтын ізденімпаз жігермен, құпия-сырға толы жәдігерлермен жолығып, кілті табылса да, құлыбы әлі де толық ашылмаған Сәкен «Сыр сандығының» сырлы пернелерінің нәзік үнімен үндескендей әсерде боласың.
Қазақ тарихындағы тауқыметті тағдыр иелері алаш арыстарының қиын-қыспақ заманда, бастарын сауғалауға мұрша болмай, қуғын көре жүріп, қазақ халқы үшін, жасап кеткен жанкешті еңбектерін, ерліктерін біз әлі жүрегімізбен қабылдап, түйсігімізбен толық түсініп болған жоқпыз. Ұлттың ұлы мұраты жолында жанын берген, өзінде бардың бәрін берген, қайрағы намыс, қайраты қайтпас ұлыларымыздың есімін қазіргіден де биік құрметпен, сағынышпен, қимастықпен бағдаршам ететін кезіміз келеді. Қазақ барда қазақтың асыл ұлдарының аты қазіргіден асқақ болып ардақталады деп сенеміз.

Ресей боданында болып, ақырып теңдік сұрау мұң болып тұрған қаратүнек күндерде, киргиз-кайсактар деп аталып, құжаттарда жазылып жатқан зар заман шақтарда, яғни 1923 жылы Сәкен Сейфуллин «Қазақты қазақ деп атайық, қателікті түзейік» деп мақала жазып, ұлтымыздың қазақ атын қайтарды. Әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келе жатқан ана тіліміздің тағдырына алаңдап, «Кеңсе тілі қазақша болмай, ісіміз оңбайды» деп барлық құжаттың қазақ тілінде жүргізілуі туралы мәселе көтерді. Қазақ руханияты мен мемлекеттілігі жолында қайыспай, «Анненковтың азап вагоны» іспетті азапты жолы, «Тар жол, тайғақ кешу» тауқыметті тағдыры ауыр болса да шығармашылық ғұмырбаяны ғибратқа толы Сәкен Сейфуллиннің мұрасы – қазақ халқының өр рухы, ерлік тарихымен үндес, мәңгілік мұра. Сәкен салған сара жол – саналы ойдың сәулесі болып, қазақ халқының рухани әлемін байыта берері сөзсіз. Құпиясы толық ашыла қоймаған, тың деректерге толы Сәкеннің сан қыры әлі де терең зерттеліп, мұқият зерделеніп ұрпақтан ұрпаққа жетуі керек деп, ой түйдік, біз де.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ