Әкім Тарази 90 жас

«Біріншіден, Әкім Тарази – жазушы әлемінде өте сирек кездесетін тұлға. Бұл кісінің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы деп айтуға болады. Әкім Тарази жалпы қалада болып жатқан дүниелер, яғни урбанизация туралы жазады. Бұл тұрғыдан алып қарасақ, белгілі түрік жазушысы Орхан Памукқа ұқсайды. Ол кісінің философиясы өте терең. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі нағыз реалист. Туындыларын жазған кезде оқырмандарын аямайды. Шерхан Мұртаза айтқандай, «жазушының көзі – көкірегінде». Ә.Тарази – жазушы ретінде де, драматург ретінде де өмірге көкірек көзімен қарайтын қаламгер».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

 

Биыл классик жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық пен Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, профессор Әкім Үртайұлы Таразидің 90 жас мерейтойы Астана қаласында ерекше бір жылы леппен аталып өтті. Әкім атаның мерейтойы түрлі жанрда, түрлі бағытта жаңашылдықпен, талғампаздықпен ұйымдастырылып, елорданың рухани-мәдени әлемін бір серпілтіп тастады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірнеше күнге жалғасқан мерейтой бірқатар мекемелерде – Қазақ ұлттық өнер университетінде «Театр өнері және өнер тану» факультетінің студенттері «Тарази оқулары», Ұлттық академиялық кітапханада «Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция, ал Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Толғауы тоқсан Тарази» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылып, Әкім ата әлемінің, ғасырға жуық сәулелі ғұмырының куәсіндей әдемі әсерімен оқырмандарды қуантты. «Домбыраның қос ішегіндей» үндескен әдебиет, мәдениет, руханият, өнер өлкесінде тамашасымен таңқалдырған мерейтойлық әрбір іс-шара аясында кітап тұсаукесері, фотокөрме, кітап көрмесі және белгілі ғалымдардың шеберлік дәрістері, фильм көрсетілімдері бірінен кейін бірі жиналған көпшіліктің жүрегіне жол тауып, көңіл көкжиегін кеңейтті десек, артық айтпаймыз.
«Толғауы тоқсан Тарази» тақырыбында ұйымдастырылған айтулы кешке ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Сенат және Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ақындар, еліміздің мәдениет қайраткерлері танымал әртістер, зиялы қауым өкілдері және жазушының шәкірттері қатысты.
Шығармашылық кеште Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтой иесіне арналған құттықтау хатты оқып берді. «Халқымыз өзіңізді кемел ойлы, аса көрнекті қаламгер, дарынды драматург, қажырлы еңбегімен, асыл қасиеттерімен абыройға бөленген қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолыңызда отандық әдебиеттің алтын қорына қомақты олжа салып, ұлттық мәдениет пен кино өнерінің кең қанат жаюына сүбелі үлес қостыңыз. Көрікті ойдан нәр алып, кестелі сөзбен өрілген классикалық үлгідегі тартымды туындыларыңызда уақыт өлшемі мен шексіз кеңістікке жаңа тұрғыда зер салатын философиялық ой-толғамдарыңыз өте көп. Қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарыңыздың кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білдіңіз.
Алдағы уақытта да халқымыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» — деп жазылған екен құттықтау хатта.
Сахна төрінде қазақ руханиятының қарымды қаламгерлері сөз сөйлеп, дәстүрлі әншілердің орындауында ән әуелеп шығармашылық кештің шырайын кіргізді.
Президент айтқандай, нағыз реалист жазушының жары «Мәңгілік бала бейне» шығармасымен-ақ ғаламды жалт қаратқан жазушы Роза Мұқанова. Әкім Таразидей толғамы тұңғиық, талғамы ерек қаламгердің шығармашылық лабораториясының бағын баптап, күйін келтіріп, тынысының тарылмауында шаңның тозаңындай болса да жарының жүрегінің жарқылы бары рас. – ««Вот какой мне спутник послан Богом!» (Анна Ахматова).
Халық Әкім Таразиға ерекше ықылас танытты. Сахнадағы көрініс әсер етті ме, Тарази театрдан ұзап бара жатып, көңілі толқыған сезімімен бөлісті. Әсіресе, Манананың қазақ халқынан кешірім сұрағаны көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Қазақ театры «Махамбетті» қоюға жүрексініп тым ерте «көміп» тастап еді, (обал-ай… ) Бұл жолы маңдайы жарқыраған Махамбет сілкініп, от болып жанып, найзағайдай жарқ етті. Ол тіріліп кеткелі қашан?! Бәлкім Тарази «Махамбеттің» осынша уақыт қазақ театрларына еш жол таппай мәңгі «құндақтап» тастағанын ешкімге айтпай, іштен тынған болар, көңілін құлазытқан болар… Бірақ кешегі театр көрермені «Махамбеттің» үзіндісін көргенде-ақ қол соға жөнелді. Маулен Сағатханұлы Махамбет образының кесек келбетіне таңданыс білдірді. Махамбет – заманауи тақырып. Сіз бен Біздің Махамбетіміз. Бәлкім бұ жолы отырған жұртты Махамбеттің асқақ рухы оятты.
Театрға жаңа образ, жаңа қарқын керек! Көрермен үнемі жаңалыққа жадырап қол соққысы келеді. Кешегі сахнадағы Манана мен Махамбет осылайша шерлі тарихтың сырын ағытты.
Жасай бер, КЛАССИК!!!», — деп, жазды Роза Мұқанова «Толғауы тоқсан Тарази»-дан шыққаннан кейінгі әсерін Facebook парақшасында. Қазақтың әдеби әлемінде қазірдің өзінде аттары алтын әріппен жазылып қалған қос қаламгерге ұлттың руханиятын ұлы шығармаларымен байыта беруіне шын жүректен тілектеспіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ