Астанада туризмді дамыту мүмкіндіктері қандай?

Әлемде жер көлемі жағынан 9 орын алатын, шетсіз-шексіз кең байтақ дархан даласы қазба байлықтан кенде емес, пейілі де туған жер топырағына тартқан жомарт қонақжай қазақ халқы жаһандық өркениет көшіне өзінше үлес қосып, тарих толқынында талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп, өзінің дербес, тәуелсіз мемлекетін қалыптастырды. Қыран құстың қанаты талатын асқаралы таулары мен мөлдір бұлақ, өзен-көлдері, сұлу табиғаты көзтартқан атамекенге кімдер көз алартпады. Ұлттық біртұтастығы мен бірегейлігі, тамыры терең тарихы, бағзыдан жеткен мәдени-рухани мұрасы, ескерткіштер мен сайын дала төсіндегі ескі қалалар мен қалашықтары әлем мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде мәңгі жасап келеді. Қазақтың қол өнері, ат өнері, ән өнері, домбыра мен қобыз шанағынан төгілген күйі мен сазды әуені өзінің бояуын жоймай, заманмен үндесіп, ұлтымыздың рухын асқақтатумен келеді. Осынау баға жетпес табиғатымыз, ұлттық мәдениетіміз, білім, спорт, руханият саласындағы озық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-санамызды заманауи жолдармен әлемге таныта алсақ қандай керемет болар еді!.. Иә қазақ халқының ұлттық менталитеті, табиғи болмысы өзіндік бояуымен ерекше.

Қазіргі таңда әлем халқы өзіне ғана тән ерекшеліктерін жаһанға жар сала таныстырумен, мойындатумен дүние жүзін «аузына қаратуды» мақсат етеді. «Өзіңде бармен көзге ұрып…» (Абай Құнанбаев) әлемнің «таңдайын қақтыру» ішкі-сыртқы туризмді дамыту арқылы жүзеге асып отырады. Сондықтан халқымыздың, мемлекетіміздің туристік имиджін қалыптастырудың маңызы зор.


Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, отандық туризмді дамытуда түйткілді мәселелер көп. Мемлекет басшысы биылғы кезекті Жолдауында «Еліміздің туристік әлеуетін де пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жалпы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», — деп атап өтті. Президент туризмді дамытуға отандық шикізатты, тауарлар мен кадрларды басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі құрылып, Ермек Боранбайұлы Маржықпаев министр болып тағайындалды.


Туризм – әлемдік экономикадағы ең ірі, әрі табысы мол, ең жылдам дамып келе жатқан сала. Оның өсу қарқыны басқа салаларға қарағанда екі есе жоғары. Дүние жүзі елдері арасында табысының 90 пайыздан астамын туризмнен түскен қаражат қалыптастыратын мемлекеттер өте көп.
Сол сияқты сарапшылардың болжауынша, Қа-зақстанның да туристік әлеуеті өте жоғары. Мемлекет басшысы еліміздің туристік әлеуетін барынша дамытып, отандық туризм саласында бірегей бренд қалыптастыруға ерекше назар аударып отыр. Жалпы айтқанда соңғы жыл-дары елімізде туризм саласы біршама қарқынды дамып келеді. 2022 жылды қорытындылаған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі (қазір басқаша аталады) Қазақстандағы туризм пандемиядан кейін қалпына келгенін, тіпті көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден асып кеткенін мәлімдеді. Министрліктің мәліметінше, былтыр ішкі туристер саны 25 пайызға өсіп, 8,6 миллион адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден шамамен 2 миллион адамға көп. Яғни, елімізде ішкі туризм қарқынды дамып келеді.


Туризм индустриясы комитетінің мәліметіне сәйкес, қазір еліміз бойынша туризмді дамыту жұмыстары негізгі 10 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Әр өңірде ауқымды жобалар қолға алынған. Саланың дамуы жол, жол бойындағы сервис, тамақтану орындары, қызмет көрсету сияқты салаларымен тығыз байланысты болғандықтан барлығын бірге қолдау маңызды болып отыр. Ұлттық статистика бюросының зерттеуі бойынша қазақстандықтардың көбі еліміздің қалаларын аралап, демалғанды жақсы көреді. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігі еліміз бойынша ішкі туризмнің әлеуеті жоғары аймақтар қатарына Ақтау, Атырау, Шымкент, Астана және Алматы қалалары жататынын анықтаған.


Өздеріңізге белгілі Астана – Отанымыздың бас қаласы, еліміздің жүрегі. Астана – бұл әкімшілік орталық қана емес, сонымен қатар туристерді тарту орталығы. Ел астанасы – елордамызды көріп, тамашалауға республикамыздың түкпір-түкпірінен көптеген туристердің ағылатыны белгілі. Әлемдегі ең жас, ең бейбітшілік сүйгіш Астанамыз жастарды да қарттарды да қатты қызықтырады. Ерке Есіл бойындағы сәні мен салтанаты жарасқан әсем қала жыл санап, көркейіп, көріктене түсуде. Ресми ақпаратқа сәйкес, биылғы жылдың алғашқы төрт айында елордаға 951750 адам келген. Бұл сан қаламыздың 25 жылдық мерейтойында бірнеше есеге артқанын ешкім жоққа шығара алмайды.


Алайда Астананың туристік әлеуетін дамыту бағытында нақты тұжырымдама бекітілген жоқ. Дегенмен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес Астана қаласы мен Ақмола облысында (Щучье-Бурабай курортты аймағы) ішкі туризмді ынталандыру үшін «Kids go Free» бағдарламасымен қатар кэш-бек енгізіледі. Қазір Астана қаласының маңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздегі ең ірі ашық аспан астындағы мұражайы салынып жатыр. Бозоктың ежелгі қалашығынан мұра болып қалған бұл тарихи аумақ Астананың басты туристік ордасы болмақ. Сондай-ақ қалаға жақын маңда орналасқан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне кіретін Қорғалжын қорығын дамытудың да маңызы зор. Ал астананың іргетасы алғаш қаланған елең-алаң шақта көпшіліктің көзайымына айналған «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенін заманауи үлгіде қайта жасақтау да кезек күттірмейтін негізгі мәселенің бірі.
Қазіргі таңда әлем елдері этнотуризмге ерекше назар аударып отыр. Сондықтан елорданың айналасында негізгі міндеті туристерді қазақтардың тұрмысымен, мәдениетімен, сәндік-қолданбалы өнерімен, ат спортымен таныстыру, сондай-ақ Қазақстан аумағында тұратын көптеген ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін көрсету болып табылатын этноауылдарды көптеп құру мәселесі қарастырылып жатыр. Мамандар Астана маңында этноауылдарды дамыту үшін пайдалануға болатын бос аумақ көп дейді. Ал мұндай аумақтардың инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту мәселесі нақты бағдарламаны қажет етеді.


Десек те қалалық әкімдіктің қолдауының арқасында қаланың танымалдығын арттыру және туристік әлеуетін дамыту мақсатында халықаралық қауымдастықтарға, корпорацияларға, ірі байерлерге таныстыру жұмыстары жиі ұйымдастырылады. Мұнда көліктердің, қонақүйлердің, жергілікті демалыс, тарихи және танымал орындардың, астана ажарын айшықтайтын жерлердің қолжетімділігін таныстырудан бастап, бизнес жүргізудің тиімділігі қамтылады. Ашық ақпарат көздері көрсеткендей, осы уақытқа дейін таныстыру турларына туризм саласындағы 20-дан астам шетелдік компания өкілдері қатысып, Астана қаласын халықаралық деңгейде танымал ету үшін өзара ынтымақтастық жөнінде 6 меморандумға қол қойылған. Яғни елордада туризмді дамытудың өзіндік бағыт-бағдары айқын десек, қателеспейміз. Ал жаңадан құрылған ҚР Туризм және спорт министрлігі Президент тапсырмаларына сәйкес елімізде туристік әлеуетті дамыту мақсатында жаңа жоспарлар мен жобаларды жүзеге асырып, қазақ елінің туристтік имиджін қалыптастыруға жаңа серпін беретініне сенім мол.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ