Батырлар ерлігі — өнеге
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның негізгі ережелерін іске асыру мен түсіндіру жұмыстары аясында Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы №202 мектеп-гимназияда ақын-жазушы Саят Қамшыгердің «Ұлы дала батырлары» атты жаңа кітабы бойынша кездесу кеші өтті.
8-сынып оқушысы Аяла Қазақбаева кештің жүргізушісі болды. Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің жетекшісі Марфуға Хамзина қонақ болып келген Саят Қамшыгерге жылы лебізін білдіріп, кешті ашып берді.
Кітапты оқыған оқушылар алған әсерлерін айтып, Саят Қамшыгерге көкейдегі сұрақтарын қойды. Кітап авторы «Ұлы Дала батырлары» кітабын қалай жазғанын, әр батырдың ерлігіне шолу жасап айтып беріп, сұрақтарға тұщымды жауап қайтарды. Өз өлеңдерін де оқып, көрермендерді жырмен сусындатты.
Оқушылар атақты Баба Түкті шашты Әзиздің баласы Парпария батыр туралы кітаптан қойылым көрсетті. Қойшы баланы сомдаған Рамазан, Баба Түкті шашты Әзизді ойнаған Әмина, Парпария батыр рөлін бейнелеген Жарқын, Парпарияның әйелін ойнаған Іңкәр көпшіліктің көңілінен шықты. Қыздың рөліндегі Әмина, қалмақтардың рөліндегі Нұрислам, Ілияс, Диас, Бағдат, Самғат қойылымды жандандыра түсті. Ұлттық патриоттық тәрбие берген кітаптағы Парпария батыр туралы қойылым ерекше ұнады.
Оқушылар Саят Қамшыгердің өлеңдерін сахнада жатқа оқыды. Мектеп-гимназия директоры Болат Жанайхан кездесудің қорытынды сөзін сөйлеп, «Ұлы Дала батырлары» кітабы жайлы пікірін білдірді, Саят Қамшыгер қазақ тіліне аударған башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің «Тастамашы, ана!» кітабынан алған әсерімен бөлісті. Саят Қамшыгерді Алғыс хатпен марапаттады.
Елсәуле ӘБІКЕН,
10 «ғ» сынып оқушысы