Айзеренің алғашқы қадамы

Өткен желтоқсан айында Алматы қаласындағы «Есентай молл» кинотеатрында балаларға арналған «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» атты анимациялық мультфильмнің тұсаукесері болып өтті.

Бұл мультфильм Токиодағы халықаралық фестивальдан «Үздік анимация» номинациясы бойынша алтын медальді жеңіп алды. Отандық мультфильмнің авторлары, қоюшы-сценарист әрі суретшісі Үміт Жұбанышева мен режиссер-аниматор Маржан Жұбаныш немересі.
«Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмінің алғашқы тұсаукесері Анкарада өткізіліп, олжамен оралған болатын. Маржан Жұбаныштың айтуы бойынша, аталмыш туындыны сәтті шығару үшін 4 жарым жыл еңбектенген. Мультфильмдегі оқиғалар Үміт Жұбанышеваның өмірінен алынған шынайы оқиғалар желісінде шығарылған.
Мультфильмнің оқиғасы: Жұбаныш атты ақсақалдың бес қызы болады. Ол артынан ізін басып ерер ізбасары болмағанына налып, өмірі көңілі түсіңкі жүреді. Әкесінің қиналғанын көрген кенже қыз «Тынжы», ұлдың орнына ұлша киініп, әкесіне қолғабыс етіп жүреді. Тіпті атқа жүген салып, ертоқым ерттеп, кезі келгенде бәйгелерге қатысып, үнемі қанжығасы майланып қайтады. Бірақ, ұлдың орны әрқашан бөлек болғандықтан, әкесінің көңілі бәрібір тыншымайды. Ол: «Шаңырақтың иесі керек» деп айта береді. Әкесінің мұңайған жүзін көрген Тынжы сәби қиялымен «Шаңырақтың иесін» іздеп, алыс сапарларға жолға шығады. Осылайша жүрген сайын шытырман оқиғаларға тап болады. Жалпы оқиға осылай өрбиді.
Бұл мультфильмдегі «Тынжы» атты кейіпкерді дыбыстаған Алматы қаласындағы №202 мектептің 4 сынып оқушысы Айзере Бақыт. Ол өзінің зеректігін көрсетіп, бала тілімен, балдай тәтті үнімен кейіпкердің образын аша түседі. Ол бізге берген жауабында:
— Бұл менің сахналық кейіпкерді алғашқы дыбыстауым болды. Кейіпкерім арқылы біраз тәжірибе жинадым. Бірақ, болашақта дизайнер мамандығы бойынша оқуға түсуді армандаймын. Өзіміздің қазақи үлгідегі киімдерді шетелдерге таныстырып, Қазақ брендін жасап, оны әлемге танытуды армандап жүрмін, — деді.

Раиса Үмбетбаева

 

ПІКІР ЖАЗУ