Мамандық таңдаудың маңызы
Мамандық таңдау адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі екендігі бәріне мәлім. Өмірде екі таңдаудан қателесуге болмайды дейді ғой. Бірі мамандық таудау болса, екіншісі жар таңдау. Мамандық таңдау болашақ өмірімізге үлкен ықпалын тигізетіндігін де білеміз. Бірақ, мамандықты қалай таңдаймыз? Мамандық таңдауда қателеспеу қаншалықты маңызды? Бұндай сұрақтар әр жасөспірімнің көңіліне терең бойлап, күннен күнге күрделіленіп уайымға салады.
Мен 11-ші сынып оқушысымын. Осы сұрақтарды зерттей келе, «Мамандықты таңдауда бір неше шарттарға сүйену керек» деген тұжырымға келдім. Әуелі, ақылмен ойлап жүрекке сала отырып, санамыздан өткізу. Мысалы, бала кезден қызығып, армандап жүрген мамандық немесе хоббиің болса, сол сүйікті ісіңді жұмысыңа айналдыру жолында оны үйреніп, шеберлігіңді шыңдау арқылы табыс табу, керемет емес пе? Бұл мәселе ата-ананы да алаңдататындықтан, ата-анаңмен ақылдасып, алдынан өту керек. Бірақ, атап өткендей ата-анаң ұсынған мамандықты жаның ұнатып немесе керісінше ұнатпағандығын ескеру керек. Ата-анам айтты екен деп қана мамандық таңдау қате болады. Бірақ, ата-анаңның жасының үлкендігі, өмірлік тәжрибесінің мол екендігі, сенің деңгейіңді де білетінін ескеруге тиіспіз. Сонан соң өз жүрек үніңе құлақ асу жөн.
Екіншіден, таңдаған мамандығыңды – ақылға салу. Бұл мамандықтың жақсы жақтары мен осал жақтарын салыстырып, жалақысына және де қаншалықты сұраныста екендігіне назар аудара отырып, зерттеу қажет. Осының бәрін ескеріп, ойланып шешіміңді нақтылау.
Үшінші және ең соңғы ескеретін жағдай, қайратың, күш жігерің немесе икемің деуге де болады. Нақтылай айтқанда, «Бұл мамандықты алып кете аласың ба? Бұл мамандықтын қиындықтарына көз жұмып, бейнетіне төзіп, жемісін көре аласың ба?»… Осы сұрақтарға да жауап табу маңызды болып келеді. Бұл мамандық ұнайды, жалақысы қолайлы, үлкен сұраныста деп таңдап, уақыт өте келе қолыңнан келмейтінін біліп, олқылығыңды мойындау, көпшілік арасында кеңінен таралған мәселе. Әрине, алдындағы талаптарға қарағанда, бұл мәселенің алдын алу қиындау. Себебі, адам күн сайын өзгеруге ұшырайды. Бірнеше жылдан кейін сенің көзқарасың бүгінгідей бола ма, жоқ па белгісіз. Алайда, икеміңе қарай болжап көруге болады. Басты нәрсе, өз шамаңды толық біліп, ортаға бейімделу өте маңызды.
Қортындылай келсек, мен мамандық таңдаудағы үш мәселені атап өттім. Жүрек, акыл және қайрат. Осылайша өзімнің мамандық таңдау жайындағы мақаламды, Абай Құнанбаев атамыздың «17 қара сөзімен» байланыстырғым келеді. Абай атамыз атап өткен бойыңдағы үш мықты сезімнің мамандық таңдауда ғана емес, кез келген жағдайда маңызы зор. Тек бұл қасиеттерге дұрыс сүйене білу керек.
Абаева Ақбота,
Алматы қаласы, Әуезов ауданы
202 Мектеп-гимназиясының
11 «б» сынып оқушысы