ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

2022 жылғы 24 шілде күні «Сарыжайлау» этнографиялық ауылында «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің ұйымдастыруымен  «Ашамайға мінгізу» дәстүрі көрсетілді. Тәрбие-тағылымы мол бұл іс-шараның басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Қазақта ұл бала тәрбиесіне қатысты бұл дәстүрдің орны ерекше. Ұл бала – шаңырақ иесі, ертең елін қорғайтын азамат. Баланы ашамайға мінгізу дәстүрі оның өмірінде жауапты жаңа кезең басталғанын білдіреді, сондай-ақ қайтпас қайсар,  табанды, өнер-білімге құштар болып өсуіне ықпал етеді.

Этнографиялық шараға «Елорда билер кеңесі» ҚБ өкілдері Өтеген Айшуақов, Оспан Сүлеймен,  Жұмашәріп Шаһадатұлы, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы, «Тарихи ата-жұрт» ҚБ төрағасы Үзбен Құрманбайұлы, Өркен Несіпбекұлы, ұлт құндылығын дәріптеуші Қаламшәріп Шаһадатұлы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақстан дәуірі» ЖШС-ның бас директоры, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызы, қоғам қайраткері, кәсіпкер Қанат Естек қатарлы белгілі тұлғалар қатысты. Қонақтар «Ашамай тойына» құр қол келмепті. Сәуле Мешітбайқызы күннен қуат алатын шам, Асанхан Ысқақ ата көне бесік, Зәкия апа текемет, Қажымұрат ата қамшы, Қанат Естек кітаптарын, Айдын Оқаұлы төр көрпелер сыйға тартты.

Ақсақалдар алғаш рет ат жалын тартып мініп, қолына қамшы ұстаған балаға бата берсе, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Арнайы ақсарбас шалынып, құран оқылды. Дәстүрлі ән орындаушысы Дархан Қамашұлы ән шашуымен мереке көркін қыздырды. Келешегінен көп үміт күттіріп жүрген жалынды жас Нұрислам Асқарұлы атты жетектеп жүрді. Жас балалар қонақтардың қолына су қойып, үлкендердің алғысын алды. Ұрпағымыз ұлттық құндылығымыздан ажырап қалмас үшін өнегесі мол дәстүрлерімізді дәріптейтін  шаралар жалғасын таба бергей!

«Қарашаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі ұжымы  тағылымды шараға қолдау білдірген  барша ағайынға алғыс білдіреді.

Тұрар ШӘКЕН, Нұр-Сұлтан қаласы

ПІКІР ЖАЗУ