Кішкентай жұлдыз

«Өнерлі бала өрге жүзер» демекші, әр баланың бойында түрлі өнер жатыр. Бірі әуенге, яғни музыкаға қызықса, бірі спорт өнеріне, ал тағы бірі қолөнерге қызығады. Кез келген баланың ішінде тұнып тұрған өнер бар. Сол қасиетті әрі қарай дамытып, қолдап, қолпаштап жіберсе, бала сол өнерімен өрге қарай бет алады деген сөз. Ештеңеден тайсалмайтын, көпшілік алдында өнер көрсетуден қысылмайтын, өзіне нық сенімді балалар осылайша тәрбиеленіп, халық алдынан жарқ етіп шыға келеді.

Біз осы жолы, кішкентайынан жүлделі орындар алып, өз өнерімен биіктерді бағындырып келе жатқан Айдос Сағадатұлы есімді кішкентай жұлдыз тұралы әңгіме қозғамақпыз.
Айдос САҒАДАТҰЛЫ Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жандосов ауылының тумасы. О.Жандосов атындағы мектептің 4 «Ә» сыныбының үздік әрі белсенді оқушысы. Бала Айдостың алғашқы жетістігі хореография жанрынан бастау алады. Өз қызығушылығымен жан-жақты ізденіп, ютуб желісі арқылы би түрлерін үйреніпті.


«Тал-пынғанға нұр жауар» демекші, Айдостың ерекше өнерін байқаған ұстаздары байқауға бақ сынауға қатыстырады. 2019 жылы «Жарқын болашақ» республикалық ғы-лыми әдістемелік журналының ұйымдастыруы-мен өткен «ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗ» атты балалар өнер байқауында «хореография» жанры бойынша өнер көрсетіп, ерекше көзге түскені үшін І-ші дәрежелі дипломмен марапатталып, келесі кезеңге жолдама алады. Екінші кезеңнен де жоғары нәтиже көрсеткен жас бүлдіршін тағы да І-ші орынды иеленеді. Осылайша Айдостың өнерге деген қызығушылығы одан сайын арта түсті. Сахнада би билеп жүріп баланың қазақтың қара домбырасына деген сүйіспеншілігі оянады. Әке-шешесінің қолдауымен домбыра үйірмесіне қатыса бастапты. Алғаш қолына домбыра ұстатқан ұстазы Иманғазиева Клара Әубәкірқызынан білім алады. Отбасында әкесі Көпжанов Сағадат Балғабайұлы да домбыра үйретуді қолға алады. Жан-жақты қолдаудың арқасында жас өнерпаз «САЛ ДОМБЫРА» республикалық жас өнерпаздар арасындағы ұлттық әрі дәстүрлі өнер байқауына қатысып «ҰЛТТЫҚ АСПАПТА ОЙНАУ» жанры бойынша 1-ші орын дәрежесіне ие болды. Сонымен қатар күні кеше өткен республикалық «Шуақты көктем» атты жасөспірімдер фестиваль байқауында Сағадатұлы Айдос 1-ші орын иеленсе, «ҰЛЫ ЖЕҢІС» атты республикалық жасөспірімдер арасындағы патриоттық өнер байқауына қатысып «Аспапта ойнау» жанры бойынша «Бас жүлде» дәрежесіне ие болды.
«Талпынған жетер мұратқа» демекші, талпыныс бар жерде нәтиже бар. Кішкентайынан оқумен бірге өнерді де қатар алып келе жатқан әрбір баланың аңсаған асқақ армандарына жетуіне қолдау көрсете білейік. Үздік нәтиже көрсетіп, талай белестерді бағындырып келе жатқан Айдостай ұлымызға жарқын болашақ, ақ жол тілейміз.

Адина Ерқараева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *