Балаларға базарлық

Құрметті жас оқырмандар! Назарларыңа Алматы облысында тұратын ақын ағаларың, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қалмаханбет Мұқаметқалидың балаларға арналған екі өлеңін ұсынып отырмыз.

БАҒДАРШАМ МЕН
БАЛАҚАЙ

Шыншыл әрі қырағы,
Шаршамайтын күшті өзі.
Бәрін көріп тұрады,
Бағдаршамның үш көзі.

Мықтылығы бекер ме,
Мақтап берсек балаға әр.
Үлкен жолдан өтерде,
Үнемі оған қарап ал!

Етіп құрмет әр жанға,
Ережені сақтай біл!
Қызыл шамы жанғанда,
Қозғалыс та тоқтайды.

Ізгілікті танысаң,
Ізденіс пен білімде.
Қосылғанда сары шам,
Қамдана бер жүруге!

Ақылға ақыл қосып жүр,
Ашып кітап оқы да.
Жарқ еткенде жасыл нұр,
Жолдан жылдам өтіп ал!

Шыншыл әрі қырағы,
Шаршамайтын күшті өзі.
Бәрін көріп тұрады
Бағдаршамның үш көзі…

Таңдау менен тануда
Тыйым барын және ойла.
Арманыңның жолында
Абайлап жүр, жарай ма?!

 

ҰЯЛАДЫ КҮНІГЕ…

Көп демеңдер сұрағы…
Кім дұрыс дер, кім қате?
Бізбен көрші тұрады,
Бойы қысқа бір тәте.

Бояу-бояу түрімен,
Бара ма екен алысқа?
Сол тәте ылғи ұлымен
Сөйлеседі орысша.

Толғанады күнімен,
«Толик» дейді сүйіп ап…
Томпаң қағып жүгірер,
Төлегенге қиын-ақ.

Жөндем сөз де білмейді,
Жүйрік орыс тіліне…
«Ұ» орнына «У» дейді,
Ұялады күніге…

Бұртияды ол кейде,
Боталайды көздері.
Мен түгілі Сергей де
Мазақтаған кездері…

Ойыңа анық тоқып ал,
Озаңы кім, озат кім?
Сергей биыл оқымақ,
Сыныбында қазақтың!

Ал Төлеген дым ұқпай,
Аулада өзі қала ма?
… Ана тілін ұмытқан
Анасына обал, ә…

ПІКІР ЖАЗУ