Қазақ ғылымы: кеше, бүгін және ертең

«Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік.
Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Хакім Абай «Дүние де өзі мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» дейді. Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Сондықтан еліміздің ғылыми әлеуетін арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Қазақстанда соңғы екі жылда жас ғалымдардың саны артты. 2018 жылы ғалымдар саны 8000-нан астам болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ғылым саласында еңбек ететіндер саны 9200-ге жетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді. Осылайша, жас ғалымдардың ғылыми идеялары мен әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалып жатыр. ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың ғасыры екенін ескерген кез келген мемлекет қазір ғылымға қыруар қаржы бөліп, жастардың ғылымға деген құлшынысын оятуды ертеден-ақ қолға алған болатын.

Ал Қазақстан ғылымының бүгінгі даму деңгейі қандай дегенге келер болсақ, алдымен қазақ ғылымының тарихына көз жүгіртіп өтудің маңызы зор. Қазақ ғылымының сан ғасырлық тарихы бар. Этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінетінін білесіздер. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күнкөрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды. Зиялы қауым арасында, тіпті оқымысты ғалымдар арасында мәдениет және өркениет ұғымдарын шатастырушылық әлі де кездеседі. Осы арада олар шаруашылық жүргізу мәдениетінің, саяси мәдениеттің, экономика мәдениетінің тағы сол сияқты мәдениеттердің болатындығын ескермеді. Осыдан барып, мәселен, көптеген адамдар мәдениетті тек қана өнер туындылары құрайды деп ойлайды да, оны өркениетпен тең қойып, жаңсақ түсініктерге жол береді. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген кеудемсоқтық теория белең алды. Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті.
Қазақтың дәстүрлі мәдениеті, құдайға шүкір, ешкімнен кем емес. Басқасын айтпағанның өзінде, тек қолөнер мәдениетіміз өте тереңнен бастау алады. Скифтің алтынмен апталған, күміспен күптелген дүние мүліктерінен бастап, өзіміздің күні кешеге дейін әке-шешеміз тіккен киіз үй – қолөнердің ең ұлы шыңы. Киіз үйдегі сүйектен, ағаштан, киізден, шиден басқа да табиғи өнімнен жасалған қажетті заттардың бәрінен құрастырылған ғажайыпты ақыл-ойдың нәтижесі, табысы деп қабылдауға болады. Бұл ретте көшпелілер өзінің тұтынатын қолөнер заттарын өнер деңгейіне жеткізген» дейді. Яғни қазақтың тұтынатын тұрмыстық құрал-жабдықтарының өзі өнер деңгейіне жеткеніне көз жеткізуге болады. Тек қана бір киіз үйді жасау үшін қаншама геометриялық дәлдік пен географиялық ойлау қажеттігіне таңқаласың.
Қазақта өнертапқыштар әр заманда да болған. Қазақтың сайын даласында кесенелер мен күмбездер, күннің түсуіне қарай жылынатын сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысы әлі күнге дейін көз тартып, заманалармен бірге жасап келеді. Қазақстан ғылымы кеңес одағы тұсында дамыды деген қасаң түсінік қалыптасқан. Домбыра мен қобыздан, сыбызғы мен саз сырнайдан шығатын әрбір дыбыс физика заңдылықтары ескерілген, акустикасы дәл қойылған, нағыз өнер мен ғылымның қосалқы туындысы. Қазақтың осындай өнертапқыштығына қайран қала отырып, кейде керісінше қазақ ғылымы кеңес кезінде кенжелеп қалды ма деген ой келеді.
Бірақ Қаныш Сәтбаевтай академик ғалымы бар қазақ ғылымы замана қыспағына қарамай, өзінше дамыды. ХХ ғасырда «Қазақ ғылымының атасы» атанған Қаныш Сәтбаев жер қойнауының сиқырлы байлықтарын көрегендікпен аша білді. Жезқазғандағы кен орындарының ашылуы Қ. Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. Қ. Сәтбаев студент кезінде «Алгебра» оқулығын жазды. Ғалымның тұла бойында химикке де, биологқа да, физикке де, медик пен тарихшыға да, филологқа да тән қасиеттер тоғысқан екен. Академик ғалым бір өзі қазақ ғылымын алға сүйрей отырып, ХХ ғасыр қазақ ғалымдарының бір топ шоғырын қалыптастырды.
Ал, ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адам арманы мен қиялындағы кез келген дүниені жасай алатын жағдайға жетті. Бір пульттің көмегімен алып машиналар басқарылады, шамдар жанып, қозғалтқыштар іске қосылады. Алайда, жаңа ғасырда қазақтан жаңа Қаныштар шықпады деген пікірмен келісуге тура келеді. Иә, бүгінде еліміз шетелдік ғалымдардың ғылыми жетістіктерінің тұтынушысына айналды.
Себебі отандық ғылымның қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Тәуелсіздік жылдары ғылымға бөлінген қаржы аз болды ма, әлде жемқорлардың «жемсауынан» аспады ма, отандық ғылым өркениетті елдермен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілемеді, айтулы жетістіктерге қол жете қоймады. Дегенмен, ҚР Білім және ғылым министрлігі қол қусырып, қарап отырған жоқ. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді. Ғылымды дамыту жолында зерттеумен айналысатын ғалымдарға талап та күшейді. Мәселен, әр ғылыми еңбектің әлеуметтік, экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру ұлттық ғылыми-техникалық мақсаттар негізінде жасалады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1%-на жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Үкімет бұдан былай ешкімге қызықсыз, маңызы жоқ зерттеу жұмыстарына қаржы бөле алмайды» деді. Демек, келешекте ғылыми атағы бар, бірақ ғылымға қызықпайтын кездейсоқ ғалымдарға ғылымның есігі жабылатын болады.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетов: – «Бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқандығы қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады»,- деп, бизнестің ғылымға бет бұрғанын жақсылыққа жорып отыр. Министрдің айтуынша, бүгінде ғылыми жобаларға арналған конкурстардың тәртібі де өзгерген. – «Бұрын ғылыми жобаларға конкурстар үш жылда бір рет өткізілетін. Егер ғалым грант ала алмаса, келесі мүмкіндік тек үш жылдан кейін ғана беріледі. Соның салдарынан көптеген білікті ғалымдар ғылым айдынынан алыстап кету мүмкіндігі жоғары болатын. Енді конкурстар жыл сайын өткізіледі»,- деді министр. Осы орайда қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеп оқыту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылымның үлесін арттыру басты назарға алынуы керек-ақ.
Жақында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев жас ғалымдармен және жас ғалымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесуінде, «Қазіргі әлемде университеттің рөлі мен үлесін білім беру функциясы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-инновациялық бағыты қоса анықтайды. Әлемнің көптеген жоғары дамыған озық елдеріндегі университеттің жетістіктері мен инновациялық экономиканың даму көрсеткіштері «үштік спираль» моделін пайдалана отырып, өндіріс орталықтарындағы патенттер мен коммерцияланған технологияларды енгізу болып табылады. Осылайша, мемлекет қоғамға тиімді жағдайлар жасауға бағытталған ғылыми зерттеулерге, университеттерге инвестиция салудан пайда көре алады» деді. Ендеше жас ғалымдардың өсіп-жетілуін мектеп қабырғасынан қалыптастырып, ЖОО-ларда олардың ғылыми жетістігін дамытуға инвестиция салу арқылы өндіріске қосу бағыттарына назар аудару да алдағы күндердің үлесінде…

Тілекгүл Есдәулет

ПІКІР ЖАЗУ