Тоғыз жасар Толағай

Құрметті балалар! Өздерің сүйіп оқитын «Мөлдір бұлақ» атты журналға алғаш рет мақала жазғалы отырмыз. Өйткені, біздің жас шекарашы достарымызға «Мөлдір бұлақтың» тигізер көмегі зор. Тек, әттеген-ай, біз сіздердің сүйікті журналдарыңызбен өте кеш қауышып отыр екенбіз. Әйтсе де, қазақ атам «Ештен кеш жақсы» демекші, бұл олқылықтың орнын алдағы уақытта біздің жас патриот шекарашыларымыз туралы мақалалармен толықтырамыз деп уәде береміз.

 

Шекара мен шекарашы ағаларың туралы білесіңдер ме? Олардың шекара шебіндегі кірпік қақпай, күн мен түнге жалғасқан ауыр қызметі тәуелсіз Қазақстанның тыныштығының кепілі. Ал олардың балалары өздері білім алатын мектепте жұмыс істейтін «Шекарашының жас досы» үйірмесінің белсенді мүшесі. Оқу озаттары. Мектеп қабырғасында ғана емес, аудандық, облыстық, республикалық түрлі жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүргендер. Араларынан әкелерінің жолын жалғастырып, өскенде шекара соқпағын таңдайтындар да аз болмайды.
Бүгінгі мақаламыз да осындай жас пат-риоттардың бірі туралы болмақ.
…Ұлан деген ең жас оғланымызды өткен жылдың қыркүйегінде Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Дархан Айтқалиұлы Ділманов «Шекара қызметінің үздігі» кеуде белгісімен марапаттап, ал шекарашы теңізшілер жас балақайды өздерінің сапына салтанатты түрде қабылдады. Сөйтіп сегіз жасында теңізшінің формасын киіп, «Нұр-Сұлтан» шекаралық кемесімен Каспий теңізіне шыққан Ұлан осы сапарында теңізші ағаларының тулаған толқын үстіндегі қызметтерімен танысып қана қойған жоқ. Теңізшілердің дәстүрімен, теңіздің тұзды суын ішіп, Каспийге құрмет көрсетті…

Осындай марапатқа
қалай қол жеткізді?

Ұлан Төлеухан – шекарашы офицердің отбасында дүниеге келді. Артынан ерген екі қарындасы бар. Бәрінен де айта кетерлігі, 3 «Ә» сынып оқушысы бүгінге дейін үш мектепті ауыстырып үлгерді. Енді міне жақында әкесінің қызмет бабымен, еліміздің ордасына қоныс аударып, өзінің оқуын Нұр-Сұлтан қаласындағы білім шаңырақтарының бірінде жалғастыратын болады. Сөйтіп, бірінші сыныпқа еліміздің оңтүстіктегі Сарыағаш қаласына барған Ұлан кезекті мектептің қабырғасында жаңа достар табады.
Ең қызығы, Ұлан шекарашылардың әскери формасын екі жасында киді. Бұл кезде балақайдың әкесі Ерсін Кайбуллиннің әскери шені капитан болатын. Офицер қазақ елінің көрші өзбек жерімен шектескен шекарасын күзететін. Сондықтан, Ұлан көзін ашқаннан бастап, әкесінің шекарадағы қызметімен жақсы таныс. Тіпті, капитан Ерсін Кайбуллин «Келес» шекара бөлімін басқарып тұрғанында Ұланның әкесіне еріп, шекараның бойын аралаған сәттері аз емес.
Міне, сондықтан да ол әкесінің қызметке неге ерте кетіп, үйге тым кеш оралатынының себебін жақсы біледі. Ал, бұл кезде өзге шекарашылардың балалары секілді біздің Ұлан мен оның екі қарындасы да таңғы ұйқының құшағында жатар еді. Қызметінен кеш оралған әкелері бұл кезде алаңсыз ұйықтап жатқан балаларының беттерінен сүйіп, көрпелерін қымтамай, асқа отырмайтынын Ұлан ұйқылы-ояу болса да сезіп жататын…


Ұлан өзі оқитын №16 орта мектебінде шекарашы теңізшілер тобын ашып, өздерінің қамқорлықтарына алған шекарашы кадеттер сыныбында оқиды. Оқу озаты екенін жоғарыда айттық. Ал оқушылардың арасында өтіп тұратын жарыстар туралы айтатын болсақ…
Қазақ халқының арқалы ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырларын мәнерлеп оқуға арналған республикалық сайыста жүлделі орынды жеңіп алған Ұлан хакім Абайдың 175 жылдығына орай, балалар арасында ұйымдастырылған конкурстың да жеңімпазы атанған.
Өткен жылдың қарашасында жарық көріп, оқырманына жол тартқан «Мемлекеттік шекара» атты кітаптың бір данасын шекарашы теңізшілердің Ұланға атап тұрып сыйға тартқанын тамашалағандардың арасында өздерің де болғандарыңа сенімдіміз. Өйткені Ұлан осындай құрметке лайық.
…«Мен өскенде әкемдей шекарашы боламын!»,- дейтін Ұлан туралы әзірге айтарымыз осы.
Балалар, шекарашы – қастерлі мамандық. Ара-ларыңдағы шекара аймағында туып, «Шекарашының жас досы» үйірмесіне қатысатын құрбы, достарың бұл сөздің мағынасын терең түсінеді.
Ал «Шекарашының жас досы» атты үйірмеге мүше болу – қару-жарақты көзді ашып-жұмғанша бұзып, қайта жинау, шекарашы ағаларына қонаққа барып, Отан қорғаушылардың шекарадағы қызметімен танысу, өздерің секілді жас ұландардың көктем сайын өтетін сайыстарына қатысып, әскери өмірдің алғашқы әліппесімен танысу дегенді білдіреді.
Міне, осылай. Бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері тоғыз жасар толағай болса, өзінің екі жасынан бастап киген әскери формасын қатты қадірлейді. Себебі, шекарашы – туған еліміздің нағыз патриоты!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

ПІКІР ЖАЗУ