Басты назарда – шығармашылық қабілетті дамыту

Қандай кезеңде болмасын ел экономикасының дамуы, мемлекеттің нығаюы білімге тікелей байланысты. Білімсіз елде өндірістің де, ауыл шаруашылығының да, ғылымның да дамуы мүмкін емес. Мектеп қабырғасында қаланған білім – болашақтың іргетасы, сондықтан қазіргі уақытта білім алушылардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Алматы қаласындағы іргелі білім ордаларының бірі – Бостандық ауданындағы М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейдің директоры Шажабаева Кульжан Сауытқызымен сұхбаттасудың орайы келді.

– Білім ордасындағы қосымша білім беру, үйірмелердің жұмыстары жайлы айта отырсаңыз.
– Отандық білім беру саласындағы өзгерістерге лицей ұжымы да үлес қосуда. Мектеп ұжымының алдында ғылыми-әдістемелік тараптан түйінді міндеттер тұр. Олардың қатарында оқушылардың қосымша білім алуына жан-жақты жағдай жасау мәселесі ерекше орынға ие. Қазіргі әлеуметтік әрі экономикалық өзгерістер заманында егемендік дербестік талаптарына сәйкес жасөспірімдерге білім мен тәрбие беруде мақсат біреу – ұлттық игіліктер мен адамзаттың мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, әр шәкірттің жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік жасау. Оқу мен тәрбиені нәтижелі ұштастырған педагогикалық ұжымның уақыт талабына сай жүргізіп отырған қосымша білім беру саласындағы жұмысын айрықша атап өтуге болады. Заманауи үйірме – оқушылардың өз білімін жетілдірудің негізгі формасы, балалардың өзі қызығатын салада практикалық жұмыспен айналысатын бірлестік. Сонымен қатар үйірме оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық жұмысқа баулиды және ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудырады. Үйірмелердің міндеті – оқушылардың шығармашылық қабілетін жан-жақты дамыту, ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Мектепте 19 үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында домбыра, вокал, роботехника, радиоспорт, радиобайланыс, астрономия, радиоэлектроника, 3D графика, кино әлеміне саяхат, Web студия, баскетбол, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ т.б. бар. Оқушыларды өз ойлары мен көзқарастарын еркін айтуға баулитын «Болашақ» зияткерлік пікірсайыс клубы жұмыс істейді.
– Соңғы уақыттарда жеткен жетістіктер жайлы жалғастырсақ.


– Алматы қаласы Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырыл-ған лицейде 2021 жыл толағай табыстарға толы жемісті жыл болды. Жаратылыстану-математикалық бағытта білім беретін мектебіміздің оқушылары қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми жоба жарыстары мен зияткерлік байқаулардың, шығармашылық конурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары атанса, лицей мұғалімдері «Алматының жыл мұғалімі», «Үздік педагог» кәсіби байқауларының жүлдесіне ие болды. Мектебіміздің дарынды оқушылары мен ізденіс жолын таңдаған ұстаздар қауымы робототехника мен радиопеленгация бойынша тың жобаларымен топ жарып, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанды. Бұл үйірмеге тәжірибелі ұстаз Арын Нұрсұлу жетекшілік жасайды.


– Үйірмелердің барлығына тоқталуға журналы-мыздың беті жетпес, бірақ қысқаша кейбіріне тоқталып өтсеңіз.
– Лицей оқушыларының ерекше қызығушылығына ие роботехника үйірмесін Абдураимова Рая, Мейірханов Айболат, Рахатов Дастан жүргізеді. Бұл үйірме балалардың логикалық және алгоритмдік ойлауын дамытуға бағытталып, оқушылардың оқуға деген жауапкершілігін тәрбиелейді. Сондай-ақ роботехника үйірмесінде жасөспірімдерге құрастыратын роботтарды жоспарлауға, құруға, бағдарламалауға және тестілеу процесінде механизмдер мен оларды басқару туралы түсініктерін тереңдетуге мүмкіндік береді. Мектеп қабырғасында Рахимов Жанболаттың жетекшілігімен Инновациялық орталық (телестудия) жұмыс істейді. Бұл үйірме – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштауға бағыттайтын бірлестік. Үйірмеде балалар өз ойын еркін жеткізуге, сценарий құруға дағдыланады, камераға түсіруді үйренеді, монтаждауға машықтанады, өздерінің актёрлік шеберліктерін шыңдайды. Ал веб-студия үйірмесінде оқушылар Қуандық Аршынның жетекшілігімен веб-сайттар құруға дағдыланады. Үйірменің бастапқы сабақтарында оқушылар HTML элементтерінің орнын ауыстыруды, HTML тілі көмегімен құрылған элементтерді монитор шекарасымен салыстыруды, элементтерді көлдеңінен және тігінен орналастыруды, HTML тілі арқылы мәзір элементтерін дұрыс құруды, CSS тілінің көмегімен мәзірлерді көлденең және тік бағыттарда орналастыруды, тізім ішіне сілтемелер мен батырмаларды қоюды үйренеді. HTML тіліндегі div элементінің сайт жасаудағы үлесі зор болғандықтан, осы тақырыпқа қатысты практикалық сабақтар орындалады. Электроника негіздері үйірмесінің жетекшісі Қайратұлы Ақылжан, Технология үйірмесінің жетекшісі Айнетулла Нұржан, Радиобайланыс үйірмесінің жетекшісі Куандыкова Алия, Химия лабораториясының жетекшісі Зиябек Қарлыға оқушыларды жетістіктерге жеткізуде.


– Лицейде шахмат үйірмесі жүріп жатқанын байқадым. Шахмат бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Биылғы оқу жылында лицей оқушыларының шахмат үйірмесіне қызығушылығы артты. Амонбаев Сино, Нуратдинов Жандос жүргізетін шахмат үйірмесі алдына оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамыту, кең ауқымды ақпаратты тез қабылдауға, туындаған жағдаятты тез сараптауға және жылдам шешім қабылдауға дағдыландыру мақсат-міндеттерін алға қойды. Үйірме қатысушыларының ішінде «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанғандары да баршылық. Лицейде Қазақстанның Шахмат федерациясы мен Үндістан елшілігінің қолдауымен ХІ Халықаралық «Ганди мемориалы» өтті. Турнирге 16 жасқа дейінгі еліміздің жас шахматшылары, сондай-ақ, Үндістаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан және Өзбестаннан оқушылар келіп қатысып, бақтарын сынады. Бұл турнирдің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Үндістан Республикасы Тәуелсіздігінің 75 жылдығы қарсаңында өтуі – баршамыз үшін үлкен мәртебе. Бұл халықаралық деңгейдегі спорт додасы әлем елдерінен келген талантты жасөспірімдердің кәсіби қабілеттерін ғана шыңдап қоймай, мемлекеттер арасындағы достықтың нығаюына да ықпалын тигізетіндігіне кәміл сенемін.


– «Болашақ» зияткерлік дебат клубы жайлы білгіміз келеді.
– Дәстүрді жаңғырту мақсатында биылғы оқу жылында мектепте «Болашақ» зияткерлік дебат клубы жұмысын бастады. Ойкөкпар – бүгінгі таңда озық ойлы жастар мен жасөсіпірімдер арасында кең тараған пікіралмасу алаңы. Ой ұшқырлығы, зияткерлік, сөзге тапқырлық – заманауи қоғамның талаптары, сондықтан ел тарихы мен әдебиетін зердесіне тоқыған лицей оқушыларының бұл үйірмеге деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Үйірмеде балалар ой жарыстыруға, пікір алмасуға, ойталқыға түсуге машықтанады. Сан алуан тақырыптарда пікірсайысқа түсіп, көпшілік алдында көзқарастарын қорғауға дағдыланады. Клуб мүшелері аудандық және қалалық деңгейдегі бірнеше сайысқа қатысып, жүлдегер атанды. Лицей намысын қорғаған спикерлер қатарында 8-сынып оқушылары Рақымбай Сәуле, Олжаболат Айман, Ақбар Ақбота, Санатқызы Жұлдыз, Ахметжанұлы Әділ, Амиребай Алихан, Серік Абулхаир бар.


– Ән, музыка өнерін дамытуға арналған үйірме бар ма?
– Халқымыз ерте заманнан әндері мен күйлерін асыл мұра ретінде ұрпағына жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап келген. Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңлағы, ең әулеттісі де халық өнері, яғни жылдар өтсе де, мұқалмай сыны қашпай сақталып келе жатқан халық қазынасы – домбыра мен қобыз. Бұл – ұлтымыздың ішкі жан-дүниесінің, арман-мүддесінің, болмысының сырын үнімен жеткізетін мол мұрасы. Оқушыларды өнерге баулу мақсатында лицейде домбыра, вокал үйірмелері жұмыс істейді. Үйірме жұмыстарын музыка пәнінің мұғалімі Оразаев Марат жүргізеді. Үйірмеде оқушылар тек домбыра тартуға, ән айтуға машықтанып қоймай, музыкалық шығармалардың құрылымымен және тарихымен танысады.


Зияткерлік, өнер үйірмелерімен қатар лицейде спорт секциялары жұмыс істейді. Баскетбол, футбол, волейбол, тоғызқұмалақ үйірмелеріне Жетенбаев Дархан, Нуратдинов Жандос, Умбетбаев Қайсар, Кокумбаев Қуат, Әлі Мадияр, Ақанова Ләззат жетекшілік етеді. Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты – баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу, ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға машықтандыру, қозғалыс дағдысын тәрбиелеу болып табылады. Мектеп оқушылары арасында аудандық, қалалық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері бар. Ортағасырлық ғұлама Ж.Баласағұн: «Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда», — деп айтқанындай, білім беру мен тәрбие ісіндегі ерен еңбек тек білімпаздықпен, іскерлікпен келеді. Ендеше, білім беру саласына өлшеусіз үлес қосып отырған М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицей ұжымы алдағы уақытта жемісті ізденіс жұмыстарын жалғастырып, заманауи технологиялық жаңа белестерді бағындыруды жоспарлау үстінде.
– Лицей ұжымына сәттілік тілейміз. Әңгімелесуге уақыт тапқаныңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Саят Қамшыгер

ПІКІР ЖАЗУ