Жас қалам

Айзия Қыдырбекқызы, «Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің С.Мәуленов атындағы гимназиясы» ММ 6 «Ә» сынып оқушысы.
Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық сайыста «Жас қаламгер» номинациясы бойынша ІІ орын иегері, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық сайыста авторлық өлең бойынша ІІ орын иегері, Бауыржан Момышұлының туғанына 111 жыл толуына орай өткен республикалық «Бауыржан оқулары» байқауының «Жас қаламгер» номинациясы бойынша ІІ орын иегері, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық «Даланың дара ұстазы» Ыбырай оқуларының жеңімпазы. «Елдік туы – ерлік туы» өлеңдер жинағының авторы.
Жетекшісі – Назгүл Мұратбекқызы Тоқаева.

Даланың дара ұстазы
(Ұлы ұстаз
Ыбырай Алтынсаринге арнау)

Қадір тұтқан данасы, баласы да,
Мен өзіңді баладым дара шыңға.
Туған жерің Қостанай даласында,
Қасиетті Тобылдың жағасында.

Не артық үлкендердің батасынан,
Басынан сипап, қағар арқасынан.
Бала Ыбырай тәлімін алғаш көрді,
Атақты би Балғожа атасынан.

Көп оқыды өлеңнен, жыр-дастаннан
Тез ұғушы ед бір-ақ рет сырласқаннан.
Қатарына білімнен бәйге бермей,
Озатуған замандас-құрдастардан.

Мамандықты таңдадың ең төзімді,
Аудармады атақ та, шен көзіңді.
Жиырма екі жасыңда мектеп ашқан,
Таза бұлақ дер едім мен өзіңді.

Мектеп ашу ойыңмен елеңдедің,
Арманыңды Торғайда шегендедің.
Он төрт қазақ баласын алғаш жинап,
«Кел, балалар, оқылық» деген едің.

Мұндай мақсат келген жоқ бостан ойға,
Жалғасты Ырғыз бенен Қостанайда.
Миллиондаған шәкірт бар сенде қазір,
Оқитын ағаш емес, тас сарайда.

Еңбектеріңді оқысам жылынамын,
Өзге жұрттан мен неге бұғынамын?
Ертегі, өлең, мысал аударумен,
Мойындаттың орыстың ұлыларын.

Шырағын өшірмеген тұмандағы,
Ыбырай мектебінің ұландары.
Ахмет, Міржақып пен Нұржан, Елдес,
Айбарлы Алашымның қырандары!

Әл-Фараби мұра еткен терең хатқа,
Шоқ үрледің үміті сөнген отқа.
Данасың, тәлімгерсің. Лайықтысың,
«Ұстаздардың ұстазы» деген атқа.

Бойға қуат беретін өнгені нәр,
Халқыңның жанын рухың емдеді дәл.
Ата, өзің қырық сегіз жасасаң да,
Қырық сегіз ғасырлық еңбегің бар!

Ұлтың үшін көрмеген көз іліп бір,
Өлмейсің! Тірі екенің сезіліп тұр.
Білімнің алғаш жаққан шырағданын,
Даланың қоңырауы соғылып тұр…

Ахмет атаға хат

Хат жаздым қалам алып, ата, сізге!
Зәру боп отырған соң бата-сөзге.
Ел ертеңшіл дәл қазір өзіңіздей,
Тек бүгіншіл болмайды мына кезде.

Ең әуелі хат жазып анаңызға,
Ақынға, досқа, қазақ даласына.
Ал солардан бір дәру таптыңыз ба?
Ем болар жұртыңыздың жарасына.

Ұлтыңызға талай сөз арнадыңыз,
Қиянатқа ешқашан бармадыңыз.
Бақытты болсын деген халқыңыздың,
Орындалды аңсаған арманыңыз.

Ең әуелі, Тәуелсіз елің азат,
Сырт дұшпаннан қорғанар жерің азат.
Егеменді Қазақстан мемлекетпіз,
Еңселі Елордалы төрі ғажап!

Ұрпағың жаңа елдік құрып жатыр,
Мойнын білім-ғылымға бұрып жатыр.
Үш бөлінген аққу, шортан, шаяндарың,
Үш жүз боп тату-тәтті тұрып жатыр.

Ашылды мұрат еткен жолың анық,
Болғандай күй кешемін қолыңды алып.
Әлем бізді таныды сіз арқылы,
Алаштың армандары орындалып.

Мұражайда азық болар ұрпаққа мың,
Еңбектерің сақтаулы, тұр хаттарың.
Мирас қылып өзің жазған «Әліппемен»
Сусындап келе жатыр ұрпақтарың!

Ұлт мұратын жүйелі асыруға,
Енді «Маса» ызыңдамас басымызға,
Өмір сүріп келеміз бақытты ұрпақ,
Білім менен ғылымның ғасырында!

 

Отаным

Байтақ далам, тауым, суым, орманым,
Туған елім – бәрі менің қорғаным.
Болашаққа зор сеніммен қараймын,
Отан үшін еңбек ету – арманым.

Елім менің жүрегіме гүл еккен,
Талайларды тастүлектей түлеткен.
Бір өзіңе арналады бар әнім,
Бала көңіл, сәбилік шын жүректен.

Барым сен деп, бағалаймын, сүйемін,
Қасиетіңе әрқашан бас иемін.
Бала шағым өзіңменен бақытты,
Болашағың жарқын болсын Киелім!

 

Қазақстан – Алтын Ордам!

Алтын күн қыран қонған аспанына,
Бөрі дулыға кигендер бастарына.
Жетісу, Еділ-Жайық, Тобыл жайлап,
Орда тіккен Алтайдың асқарына.

Сарыарқа, Сыр мен Каспий араларын,
Жалғаған Керей-Жәнібек бабаларым.
Әз жолдарын солардың жалғастырды,
Тәуке мен Абылайдай даналарым.

Басына бақыты мен бағы қонған,
Түркінің биік тұғыр тағы болған.
Ұлы Дала жұртының мұрагері,
Қазақстан – бүгінгі Алтын Ордам!

Тәуелсіздік – 30

Тарихымның көшіне біз ереміз,
Артымызда қалып жатыр терең із.
Тәуелсізбіз, азат елміз, еркінбіз,
Отыз жылға аяқ басып келеміз.

Бабаларым қар төсеніп, жастанған,
Біздің керуен ұзақ көштен басталған.
Отыз жылда еңселі орда ел болдық,
Сарыарқада бой көтеріп астанам!

Лағыңмын, елігіңмін, ботаңмын.
Қыратыңмын, асқаралы жотаңмын.
Кең даланың мен бір түйір тасымын –
Қазақстан дейтін ұлы
Отанның!

ПІКІР ЖАЗУ