«Мөлдір бұлаққа» қызмет ету – Ел болашағына жанашырлық

Бәрімізге сүйкімді болған құрметті, ардақты да аяулы, жас зиялыларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналын осынау 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Мазмұнды да мәнді, қызықты, пайдалы материалдармен жас оқырмандарды ай сайын жиырма жыл бойы сусындату кез келген басылымның қолынан келе бермейді. Елдің руханиятына олжа салып, бірнеше буын оқырманның қалыптасуына үлес қосып келе жатқан «Мөлдір бұлақ» журналы бүгінге дейін өз қызметін, міндетін қалтқысыз атқарды дей аламын. Оған куә осы журнал редакциясында 8 жыл еңбек еткенімде еліміздің қай өңіріне барсам да алдымнан кезінде басылымның оқырманы болған, бүгінде түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтардың, өз ісінің білгірлерінің кездесуі. Барлығы кішкене кезінен «Мөлдір бұлақпен» дос болғанын, журналды оқып өскенін, ұйымдастырған шығармашылық байқауларына қатысып, жүлдегер болғандықтарын, Алматыда жылда тұрақты түрде өтіп келе жатқан бәйгелердің марапаттауына келгендерін қуана айтады. Ол жігіттер мен қыздардың бүгінде сан түрлі жетістіктерге жетіп келе жатуы да кезінде газет-журнал, кітаппен дос болғандығымен байланысты.


Бүгінгідей материалдық дүние ілгері озып, рухани құндылықтар кейінгі орынға ысырылып тұрған заманда газет-журнал шығару оңай емес. Көп басылымдар оқырмандары азайып, өзін-өзі ақтай алмағаннан жабылып жатыр. «Мөлдір бұлақ» білікті де білімді басшылық пен редакция ұжымының, тілекші адамдар мен мектеп ұстаздары, ата-аналар мен оқушылардың арқасында құламай, ағысқа қарсы жүзіп келе жатыр. Азабы да көп, сауабы да мол осы салада ай сайын уақытында шығып келе жатқан журналды оқырмандар да насихаттап, айта жүргені, өзі жазылғанымен қоймай, айналасының да осы басылымға жазылып, дос болуына атсалысса деген ұсынысым бар.
Жақсылықты, ұрпақ үшін еткен еңбекті қолдау керек. «Мөлдір бұлақтың» кедергісіз мыңдаған шаңыраққа жетіп, ұл-қыздардың сусындауына көмектескен жан Елдің болашағына, ұрпақтың жан-жақты болып өсуіне, дамуға үлес қосады деп сенімді түрде айта аламын!
Редакция басшылығы мен ұжымына мықты денсаулық, қажырлы еңбек, сәттілік, жаңа шығармашылық табыстар тілеймін. Алдағы уақытта да өнімді жұмыс істеп, жетістіктерге жете беріңіздер.
Жас оқырмандарға мықты зейін, өнегелі тәрбие, терең, жан-жақты білім, күш-жігер, мол ізденіс, бақытты өмір тілеймін. Еліміз көркейіп, өсіп-өне берсін!

Саят Қамшыгер, «Мөлдір бұлақ» журналының 2018-2021 жылдардағы бас редакторы,
ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі

ПІКІР ЖАЗУ