Оқырманға шуақ шашқан «Мөлдір бұлақ»!

Журналдың ұжымын басылымның 20 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Жиырма жыл, жиырма белес. Журналдың алғашқы оқырмандары бүгінде өмірден өз орнын тапқан жаңа буынға айналды. Олар жас оқырмандарды қалыптастырып келе жатқан ата-ана, қоғамның үздік мүшелері.
«Мөлдір бұлақ» журналының бірінші нөмірі 2002 жылы жарыққа шықты. Алғашқы редакторы Сумейра Авжы еді. Одан кейін басылымды Раушан Каршалова басқарды. Мен 2005 жылдан редакторлық қызметке тағайындалып, он үш жылға жуық уақыт бір орында талмай еңбектендім. «Мөлдір бұлақ» журналының шығармашылық ұжымы өте ұйымшыл, қызметіне шынайы берілген жастар еді, еңбектенуден ерінбейтін. Апта бойы Алматы қаласы мен аудан-ауылдардағы мектептерде, оқырмандармен кездесулерге шығатынбыз. Шығармашылық басқосулар, журналдың насихаты тоқтаусыз жүріліп жататын. Балалар жазушысы, Әділ Балта ағамыз (марқұм), жазушы, «Дарабоз» сыйлығының иегері Кеңес Оразбекұлы журналда ұзақ жыл қызмет атқарып, оқырман қалыптастыруға бар күштерін салды. Басылымға оқырман тартуға ақыл-кеңесін айтып, тыным таппай жүгіретін ардагер Априза Айтбаева апайымыздың орны бір төбе еді.


Журналдың безендірілуі мен көркемделуі тікелей дизайнер – бет қаттаушының қолында. Шамшибану Шамшидинова апайымыздың бұл саладағы еңбегі орасан. Алғашқы нөмірлерін қаттаған Марина, Константин есімді дизайнерлеріміздің де үлесі өз алдына. Одан кейінгі буын ақын, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгер, жас журналистер Адина Еркараева, Тамила Ибрагимова, Гүлім Еркінбек те нағыз өз ісінің шебері екенін көрсете білді. Шолпан Бөбекбаева, Тоғжан Талдыбаева, Айгүл Қанатова, Айнұр Исаевадай жастардың да шығармашылық жолы, еңбекке қадам басқан тұсаукесері «Мөлдір бұлақтан» басталды.


Журналдың алғашқы оқырмандары «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, жазушы, әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай, ақын Айнұр Төлеу, ақын Әлия Іңкарбек, дәрігер Шохмұрад, филолог Фариза, журналист Сымбат Айдархан, бүгінде өзімізбен әріптес Мирас Кесебай, басқа да мамандық иелерінің есімдерін мақтанышпен атаймыз.
Журналдың шығармашылық ұжымы дегенде «Маркетинг» бөлімін басқарған Серік Өміртай, менеджер Қанат Есжанов, жүргізуші Әлімжан Қадыров ағаны да айтпасқа болмайды. Ұжымның жанашырлары Күміс Қалтекей, бухгалтер Айман Исаеваның да орны ерекше жандар.
Қадірлі әріптестер, мерейлі мерекелеріңізге құтты болсын айта отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Жанастан КУЧУКОВА, «Farabi shakirti» журналының бас редакторы.
ҚР Мәдениет қайраткері.
Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының дауреаты.
«Қазақстан Бас редакторлар Клубының мүшесі»

*Фотолар Ж.Кучукованың жеке архивінен алынды.

ПІКІР ЖАЗУ