ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙ БЕРСІН!

Уақыт шіркінде тоқтау бар ма? Журналистің шығармашылық ғұмырында өзі істеген әр басылымның өзіндік орны болады емес пе?! Менің де өмірімде «Мөлдір бұлақ» журналының ізі бөлек. 2003 жылы шілде айында «Казмедиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары «Мөлдір бұлақ» журналының редакциясына жұмысқа шақырды. Ұсынып отырған қызметі шеф-редакторлық екен. Балалар басылымында қызмет ету көкейіме қона кетті. Сөйтіп жұмысқа кірісіп кеттік. «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев журналға жалпы басшылық жасайды екен.

 

Өзім де мектеп қабырғасында жүргенде «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналына хат-хабар жазып тұратынмын. Физика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Мағзұмова апай туралы алғашқы мақалам жарияланғандағы қуанышымды айтсаңызшы!.. Мектеп жаңалықтары туралы Қазақ радиосының балалар бағдарламасына да атсалысатынмын. 9-сыныпта оқып жүргенімде Алматыдағы Көкбазардың қарсысында орналасқан «Ұлан» газетінің редакциясына алғаш рет бас сұқтым. Онда отырған кісі өзін Жолдасбек Дуанабаев деп таныстырды. Ол кісі жазған-сызғандарыма жылы лебіз білдірді. Қанаттанып, «шіркін, осы жерде қызмет істесем ғой» деп армандағаным есімде. «Шын арман орындалады» дейді ғой. Кейін «Ұлан» газетін Бейбіт Сапарәлі басқарған кезде жұмысқа алынып, тура сол бөлмеде отыру нәсіп болды. Бұл жайттарды еске алғаным балалар басылымының жұмысымен бұрыннан таныс екендігімді білдіру.


Сонымен қызу жұмысқа кірістік те кеттік. Журналдың техникалық қызметімен Түркиядан келген Сүмейра Авжы деген қыз айналысады екен. Ептеген қазақшасы бар. Екеуміз тез тіл табысып, достасып кеттік. Креативті ойлайтын, өз жұмысын жетік білетін жақсы маман әрі адал жан болып шықты. Жұмысқа берілгендігіміз сондай түннің бір уағына дейін отыратынбыз. Марат ағамыз ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп, көмегін аямайтын. Өзі де «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» деген айдармен әр санға тартымды материалдар жазып отыратын. Кейін осы материалдар жинақталып Мәкеңнің «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары» атты кітабы дүниеге келді.
Оқушылар өмірінен білеміз ғой, шәкірттер шығармашылық бейімділіктерін көрсетуге құмар. Осыны ескеріп, журналда шәкірттердің жазған-сызған мақалаларын, салған суреттерін, өз құрбы-құрдастары туралы материалдарын, өнерпаз замандастары туралы пікірлерін көбірек беруге ұмтылатынбыз. Сөйтіп журналдың жас тілшілер клубын ұйымдастырдық. Жұмысымыз қазандай қайнап жататын. Үнемі оқырмандармен кездесулер ұйымдастырып, түрлі шығармашылық бәйгелер жарияладық. Таланты мен талабы бар жастардың қаламының ұшталуына барынша қол ұшымызды беруге тырыстық.
Журналдағы бір жылғы қызметімнен кейін бас редакторлық қызметке ауыстырылдым. Басылымда танымдық материалдарға көбірек орын беруге талпыныс жасадық. Өйткені мұндай материалдар оқушылардың дүние танымын кеңейтуге, өзіндік көзқарастарын қалыптастыруға көмектесетін әрі журналды қызықты ететін. Ұлттық тәрбиеге, әдет-ғұрыптарымызды насихаттауға ұмтылдық. Әрине, оқушылар шығармашылығына баса назар аударылды. Осылай журналда үш жыл қызмет істедім. Басылым «Алтын Жұлдыз» сыйлығына ие болды. Таралымы 33 мыңға жетті. Журнал кәсіби тұрғыдан менің де шыңдалуыма әсер етті.
Кейін «Той әлемі», одан соң «Қазақстан патриоты» журналдарын басқарған кезімде сол тәжірибе көп көмегін тигізді. Журналдағы қызмет менің тағдырыма да әсер етті. 2003 жылы журналистік өмірімдегі ұстазым Марат Тоқашбаев сезімін білдіріп, содан екеуміз шаңырақ көтердік. Әріптестеріміз сол кезде қабырға газетіне «Қазақстан-ZAMAN» «Мөлдір бұлаққа» үйленді» деп материал жариялағаны да есте. Бір жылдан соң Жанерке деген қызымыз дүниеге келді. Құдайға шүкір, қазір 11-сыныпта оқып жүр. Қызметіме де, өміріме де өзгерістер сыйлаған «Мөлдір бұлақ» журналына дән ризамын. Мен үшін қастерлі басылымның жұлдызы жарқырай берсін!

Раушан КАРШАЛОВА,
«Мөлдір бұлақ» журналының
2002-2005 жылдардағы бас редакторы,
«Ақпарат саласының үздігі»,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ЖАЗУ