СҮЙІКТІ БАСЫЛЫМ БОЛА БЕРСІН!

Қарап отырсам, мектеп оқушыларына арналған «Мөлдір бұлақ» журналының шыға бастағанына биыл аттай 20 жыл болыпты. Баспасөз үшін бұл өзінше бір елеулі уақыт. Жиырма жыл түгілі он жылдың өзінде қаншама ақпарат құралдары ашылып, қаншамасы жабылып жатады. Ал, «Мөлдір бұлақ» міне, осындай кезеңде аяғынан қаз тұрып қалыптасып, еліміздің балаларға арналған ақпарат құралдары арасынан өз орнын алды. Есіме сол, бұдан жиырма жыл бұрынғы жайттар сағынышпен оралады.

 

Жалпы «Мөлдір бұлақ» журналының бастауы қазақ-түрік достығының өзіндік символына айналған «Қазақстан-ZAMAN» газетінің тарихымен тығыз байланысты. Қазір бұл басылым «Qazaqstan dauiri» деп аталады.
2002 жылдың қаңтар айының ортасы, жұма күні болатын. Алматыдағы Орталық мешітте жұма намаздан шығып келе жатсам, кезінде КазГУ-дің журналистика факультетінде өзім дәріс берген студентім Ахмет Аляз кездесіп қалды. Мені іздеп жүр екен. Ол «Қазақстан-ZAMAN» газетінде қызмет істейтінін білетінмін. «Аға, біздің жаңа келген басшымыз Сізбен жүздескісі келеді!» дейді. Сөйтіп «Казмедиа» компаниясының директоры Ерсін Демиржи мырзамен кездесуге ертіп барды. Ол өздері шығаратын «Қазақстан-ZAMAN» газетіне басшылық жасауды ұсынды. Мен «ойланайын» дедім.
Түс ауа әйгілі тарихшы, академик Манаш
Қозыбаев қоңырау шалып өзіне келіп кетуімді өтінді. Сөйтсем, Манаш аға «Қазақстан-ZAMAN» газетінің қазақстандық жағынан құрылтайшысы екен. Ол кісі де газеттің басшылығына келуімді өтінді. Сөйтіп қос құрылтайшының таңдауы маған түсіп, газетке келдім.
Редакция «Арман» кинотеатрының артындағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы қор иелік ететін ғимаратта екен. Отыз жылдан астам журналистік тәжірибесі бар адамға басылымды басқару қиынға түскен жоқ. Қысқа мерзімде газеттің форматы мен мәртебесін өзгертіп, тақырыптық ауқымын кеңейтіп, жаңа кадрлармен толықтырдық. Ахмет Аляз менің орынбасарым болып, газеттің түрік тіліндегі нұсқасын шығарды. Екінші орынбасарым байырғы досым марқұм Рахымбай Ханалы газеттің сыртқы шаруаларымен айналысты. Газетке Абай Мауқараұлы, Төреғали Тәшенов, Жанбақыт Борантаев, Ұлан Еркінбаев, Алмат Жалбағаев, Бағдагүл Тұрысова, Дамира Уанасова сияқты жастарды тарттық. Қал-кәдерімізше журналистік өнерге баулыдық.
Қаңтар айының соңында Ерсин бей ел басшылығымен кездесу кезінде балаларға арналған жаңа басылым ашуға келіскенін айтты. Сол шаруаға кірісіп жатыпты. Алғашқы саны ақпан айында шығуға тиіс. Аяқ астынан маған сол журналға басшылық жасау да қоса жүктелді. Бас тартқан жоқпын. Бұрын «Халық Кеңесі», «Заң газеті» сияқты басылымдардың алғашқы санынан жарық көруіне дейін атсалысқандықтан, журнал жұмысын ұйымдастыру бәлендей қиындық тудырған жоқ. Дизайнын жасау түркиялық талантты Сумейра Авжы деген қызға тапсырылыпты. Қолыма журналдың алғашқы санына баратын екі-үш материал түсті. Әлгілерді редакциялап, жаңа дүниелер жазып, іске кірісіп кеттік.
Журналдың ұстанатын басты бағыты қандай болу керек? Ойластыра келе Ерсін бейге басылым негізінен оқырман үшін пайдалы танымдық, тағылымдық және шәкірттер шығармашылығын дамыту бағытын таңдау керектігін айттым. Ұсыныс қолдау тапты.
Қызық болғанда журналдың дизайнерден басқа қызметкері жоқ еді. Әлгі ұсыныстарымның бәрін газеттегі жалақыммен жалғыз өзім жүзеге асыруыма тура келді. Телевидениеге жұмсалған бес жылдан кейін, баспасөзге қайтып оралуым бойдағы энтузиазмға қанат бітіріп, идеялар тасқындап, ойға ой, күшке күш қосылып жатқан шақ. Өзің сүйген кәсібіңмен айналысу журналистке қашан да шығармашылық қуаныш сыйлайтыны анық. Апта сайын оқырманға жол тартатын газетпен бірге ай сайын журнал да шығып жатты. Еңбегін атап өту керек, дизайнер Сүмейра Авжы журналды безендіруге Түркияның балалар басылымдарының озық тәжірибелерін тиімді қолданды. Әрі сол бағыт журналда күні бүгінге дейін сақталынып келеді.
«Қазақстан-ZAMAN» газетіне бас редактор болып келгенімде Қазақ теледидарындағы қызметім бойынша еңбек демалысына шыққанмын. Сондықтан газетке бас редактор ретінде ақпан айынан ғана қол қоя бастадым. Газетпен бірге журналға да бас редактор ретінде қол қою мен үшін ыңғайсыз болды. «Мөлдір бұлақ» журналы осылай бір жыл бойы бас редакторы көрсетілмей шығып келді. 2003 жылы шілде айында басылымға журналист Раушан Каршалова бас редактор болып тағайындалды. Ол тұста журналдың танымалдығын арттыру, таралымын көбейту қай кездегіден де маңызды болып тұрды. Сондықтан басқа басылымдарға журналды насихаттап мақала жазу, радио-телевидениеге сұхбат беру, мектептерде кездесулер өткізу, алаңдарда акциялық шаралар ұйымдастыру қатар жүріп жатты. Ол кезде балаларға арналған заман талабына сай басылымдар жоқтың қасы болатын. Материалдары сапалы, түрлі түсті журнал оқушылар арасында тез-ақ танымал болды. Ақ тер, көк тер еңбектің арқасында бір-екі жылдың ішінде журнал таралымы 33 мыңға жетті.

Міне, осындай даму мен қалыптасу жолынан өткен басылымның ұжымына журналдың 20 жылдық мепрейтойы құтты болсын деймін. Басылымның бүгінгі бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы інімізге журналдың жасампаздық жолын жалғастыруда тек сәттіліктер ғана тілеймін. «Мөлдір бұлақ» журналы айналасына ізгілік шашқан, оқырмандарына сүйікті
басылым бола берсін!

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Мөлдір бұлақ» журналының алғашқы Бас редакторы,
жазушы-публицист, Қазақстан Педагогикалық Ғылым Академиясының академигі, профессор

ПІКІР ЖАЗУ