Мейірімділік жүректен

Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. «Әдемілік түріңнен көрінеді, қайырымдылық ісіңнен көрінеді» дейді, халқымыз. Қайырымдылық айлығы аясында балалардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыра отырып, достық, жолдастық, сыйластық, өзара көмек сияқты адами қасиеттерді ұғындыру мақсатында Орал қалалалық кітапханалар жүйесінің балалар бөлімі «Мейірімділік жүректен» әдеби әуенді кеш өкізді.

Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандарымен қатар «Балауса», «Атамұра» аула клубтарының тәрбиеленушілері қатысып, кешті ән-күймен әрледі. Шарада адам бойындағы жақсы қасиеттері мен игі істері жайлы әңгіме болып, оқырмандардың пікірлері де тыңдалды.
Балаларға Ыбырай Алтынсариннің «Мейірімді бала», «Жомарт», әңгімелері оқылып, «Өнегелі ертегілер», «Әжемнің ертегілері», «Ақыл алдырмайды» атты ертегілерімен қатар балаларға жақсы мінез-құлық дамытуға көмектесетін «My Shape Book» сериясы бойынша шыққан «Жауапкершілікті сезіну», «Достарды қалай таңдаймын», «Адамдарға қалай көмектесуге болады», «Қызғаныштан қалай құтыламын» кітаптары таныстырылды.
Сергіту сәтінде балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында тақырыпқа сай сұрақтар қойылып, сөзжұмбақ жасырылды, сондай-ақ балалар «Кім және не мейірімді?» деген сұраққа жауап айтып, мейірімділік ағашына жемістерін ілді. Шара соңында «Жүректен жүрекке» шеңберін құрап, бір-бірінің есімдеріне сай жылы сөздер айтып, тілектерін жолдады.

Айнагүл Айсағалиева, бөлім меңгерушісі,
Орал қаласы

ПІКІР ЖАЗУ