Ұлы тұлғалар ұмытылмайды

Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» атты жобаның қорытынды салтанатты жиыны өтті. Жоба Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Қырғыз этномәдени бірлестігінің» Жастар қанаты, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Ішкі саясат басқармасы және елордалық колледж студенттерінің қолдауымен ұйымдастырылған.

 

Cалтанатты жиынға ҚХА хатшылық меңгерушісінің орынбасары Л. Прокопенко, Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов, Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының жетекшісі Сәкен Зиябекұлы, Қазтұтыну одағы Жоғарғы сауда-экономикалық колледж директоры Мырзабек Кужімов, «Қызмет көрсету және туризм» колледжінің тарих пәні мұғалімі Салтанат Жұмабаева және Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери колледж өкілі Жәнібек Опанов және басқа да студент жастар қатысты. Жоба аясында астананың 30 көшесіне есімі берілген тұлғаның өмірі мен қызметі, елге сіңірген еңбегі, сонымен қатар тұлғалар есімімен аталған көшелерде орналасқан мекемелер мен ғимараттардың тарихы туралы колледж студенттері, (ассамблеяның жастар қанаты мүшелері) әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, видео роликтер арқылы тұрғындардың өзі өмір сүріп жатқан қаласы жайлы білуіне көп еңбек сіңірді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құрметіне жоспарланған бұл игілікті шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялылар шақырылып, Достық үйінің студиясында тұрғындарға елорда көшелерін мән-мағынаға толтырып тұрған тұлғалар жөнінде ақпараттық-танымдық мағлұматтар берді. Салтанатты жиын барысында жиналған көпшілік назарына студент жастардың жасаған жұмыстарының түсірілімі көрсетілді. Жиын модераторы Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаилов: – Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» жобасы арқылы студент жастардың ел тарихына қызығушылығын арттыруды, және жас ұрпақ бойына патриотизм мен Отан қорғау, Отанды сүю сынды азаматтық қасиеттер мен тұлғаға құрмет көрсету, оларды еске алу, көшелерге неге адамдардың есімі беріледі деген сияқты адами құндылықтарды сіңіруді көздеген едік. Студент жастарымыз жоба аясында біз ойлағаннан да ерекше идеяларды жүзеге асырып, өздері танып-біліп қана қоймай, қала жайлы, қаламыздың әр көшесі мен мекемелері, ғимараттары жайлы тұрғындардың да назарына тамаша видео роликтер арқылы мағыналы тарихи мағлұматтар ұсынды, – деді.


«Жас келсе, іске» дейді халқымыз. Ел егемендігін алған 30 жылда мемлекетіміздің жарқын болашағы – азат ойлы жастарымыз өсіп, білімі мен парасатын халық игілігіне арнап, қоғамға араласа бастады. «Отызда орда бұзар» деп те жатады қазақ. Тәуелсіздігімізбен құрдас өрендеріміз отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Ел сенімін ақтар жастарға халқымыз әрдайым зор жауапкершілік жүктеп, «Ақыл жастан, асыл тастан» деп қабілет қарымына жігер беріп жатады. Ұрпағының тәрбиелі, білімді және  білікті болуына айрықша мән беріп, «Білімді мыңды, білекті бірді жығар» деп те өсиет еткен.
Талантты, дарынды жастардың атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, жоба жөнінде ҚХА хатшылық меңгерушісінің орынбасары Л. Прокопенко: – Алдымен егемен еліміздің 30 жылдық мерейтойымен барлықтарыңызды құттықтаймын. Жобаға бастамашы болып, ұйымдастырған Қырғыз этномәдени бірлестігіне, Шавкат Исмаиловқа алғыс білдіремін. Ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған ассамблея бүгінде өзінің тарихи миссиясын адал атқарды. Еліміздің ынтымақ-бірлігіне, этностар арасындағы түсіністік пен ымыраластыққа, келісім мен достыққа қызмет етті. Астаналық ҚХА-сы еліміздің басқа өңірлеріндегі ассамблея ұйымдарына үлгі-өнеге болып келеді. Сондай-ақ жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеудегі тәжірибесінен басқалардың үйренері көп. Елорда жастарының бұл жұмысын республикамыздың басқа да ассамблея бірлестіктері жалғастыруы керек. Жастардың бұл еңбегі ақпараттық-танымдық тұрғыда жаңа тәсіл, жаңа әдіс. Әлеуметтік желілер арқылы жастар рухани-мәдени насихат жүргізді. Жобаға қатысқан «Қызмет көрсету және туризм» колледжінің және Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің, Қазтұтыну одағы Жоғарғы сауда-экономикалық колледжінің студенттеріне алғыс айтамын. Біз қазір ассамблея жастарының бірінші сессиясын өткізуге дайындалып жатырмыз. Жақында бұрынғы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының орнына республикалық «Ассамблея жастары Жастар қанаты» ұйымын құрдық. Келесі жылы қаңтардың аяғы, ақпанның басы кездерінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ҚХА-ның кезекті 30-сессиясын толық жастар тақырыбына арнап, ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мен сол жиынға осы залда отырған барлық жастарды шақырамын. Сіздер 30 жылдық мерейтойға тамаша тарту жасадыңыздар. Алғыс айтамын, — деді.


Биыл жыл басынан бері егеменді еліміздің 30 жылдық мерейтойына орай «30 қайырымды іс», «30 жыл 30 есім», «үздік 30 ауыл» секілді тағы да басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың ішінде руханият пен мәдениет, тарихи танымдық мақсат-міндетінің ерекшелігімен «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» жобасының салмағы басым. Жыл басынан бері елордада Тілдерді дамыту және архив істері басқармасының жетекшісі Сәкен Зиябекұлының бастамасымен, ұсынысымен мектептердің, көшелердің, даңғылдардың аттары ауысып, ұлтымыздың ұлы тұлғалары — алаш арыстары сынды ұлт зиялыларының есімдері беріліп, аруақтарға зор құрмет көрсетіліп келеді. Тілдерді дамыту және архив істері басқармасы мұрындық болған игі шараны қаланың студент жастарының қолдап, ары қарай еңбектенуінің нәтижесінде халыққа, жастарға, келешек ұрпаққа пайдалы жоба көпшілікті тәнті етіп отыр. Сәкен Зиябекұлының айтуынша, осыдан 2-3 ай бұрын елордадағы Қырғыз этномәдени орталығының басшысы Шавкат Исмаилов астана көшелері мен даңғылдарына аты берілген тарихи тұлғаларды халыққа таныстыру мақсатында әлеуметтік желілерде тікелей трансляция жүргізу жөнінде ұсыныс айтқан. Басқарманың қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» атты жастар жобасы басталған.
– Ең әуелі баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Тәуелсіздік біз үшін өте қастерлі ұғым. Қаншама ғасырлар бойы аңсаған арман орындалып, 1991 жылы жеке дербес мемлекет ретінде тәуелсіздігімізді жарияладық. Осынау 30 жылда жаңа елордамыз пайда болды. Мемлекетімізді әлемдік деңгейге шығарған қаншама игі жұмыстар жасалды. Осы игілікті істердің басында түрлі сала өкілдері жұмылып қызмет етті. Солардың ішінде ҚХА да бар. Қазір бір шаңырақ астында татулық-достықтың үлгісі болып отырмыз. Ассамблея тарапынан тәуелсіздікке тарту ретінде жасалған көптеген игі шаралардың бірі – «Егеменді еліміздің 30 танымал тұлғасы» жобасы. Тарихымызда қаншама ірі тұлғалар бар. Есімдерін көшелерге, даңғылдарға беріп жатырмыз. Ел есіндегі тұлғаларды дәріптеуде бұл жоба әлеуметтік желілерде жақсы таралды, насихатталды.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында 1100-ден астам көше мен даңғыл бар. Олардың көпшілігі ұлы тұлғалардың аттарымен аталған. Тәуелсіздіктің 30 жылына символдық тұрғыда Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлихан Бөкейхан, Дінмұхаммед Қонаев, Абылайхан, Кенесары, Қажымұқан сынды ірі 30 тарихи тұлға таңдап алынды. Қала даңғылдары мен көшелері жайлы видео түсіріліп, аптасына үш рет әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды. Жобаны толық аяқтап шығуға жалпы 347 жас атсалысты. Жастардың тарихи тұлғаларымыз жайлы ізденуі, кітапханаларға баруы, оны бейнетаспаға түсіріп, қала көшелерін аралаудағы риясыз көңілі мен белсенділігіне риза болдық. Бұйырса тағы да жалғастырамыз деген ойдамын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл» бірлесіп талай жұмыс істеуге болады деп ойлаймын,- деді Сәкен Зиябекұлы.
Жобаны үйлестіріп, бейне роликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде насихатталуына зор еңбек сіңірген, жастарды ұйымдастырып, игі іске жұмылдыра білген жоба жетекшісі Дариға Саттарова жобаның мақсат-міндетін айта келе, өз замандастарын алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етуге, білімді, білікті маман болуға шақырды.
– Астанамыз сәт санап өсіп, көркейіп келеді. Қарқынды құрылыс жұмыстары, инфрақұрылымдарды қалыптастыру, қала халқының өсуі Нұр-Сұлтан қаласын әлемнің тез өсіп келе жатқан қалалар қатарына қосылуына мүмкіндік туғызды. Жаңа аудандар, жаңа көшелер пайда болуда. Мұндай жаңа аумақтарды, көшелерді мәңгі есте сақтауға лайық ұлы тұлғалардың атымен атау дәстүрге айналған. Жоба барысында жастар ақпарат жинау үшін қаладағы мұрағаттарға, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасына бардық. Жобаға қатысушылар жетекші продюсерлердің, режиссерлардың, журналистер мен операторлардың қысқа мерзімді шеберлік сыныптарынан сабақ алдық. Біздің трансляциялар Facebook, Instagram, Telegram, TikTok желілерінде жүргізілді. Әлеуметтік желілерде арнайы топтарымыз бар. Алдағы уақытта да ел игілігіне қажет жұмыстарға белсене атсалысатын боламыз,- деді Дариға Саттарова.
Жиын барысында Қазтұтыну одағы Жоғарғы сауда-экономикалық колледж директоры Мырзабек Кужімов, «Қызмет көрсету және туризм» колледжінің тарих пәні мұғалімі Салтанат Жұмабаева және Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери колледж өкілі Жәнібек Опанов және басқа да жобаға қатысушы студент жастар сөз сөйледі. Жиын соңында жасампаз, патриот жастар Нұр-Cұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Ораловтың атынан алғыс хаттар және сыйлықтармен марапатталды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

 

ПІКІР ЖАЗУ