Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт

Алматы облысы Панфилов ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында кеңес өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында (22.10. 2021) ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: – «Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ауқымды этносаралық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық аналар кеңесінің құрылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл кеңес еліміздегі бірлік пен татулыққа негіз болып отырған құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар.  Ұрпаққа отбасында дұрыс тәрбие беру – айрықша маңызды міндет. Сондықтан, республикалық аналар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсету қажет. Ассамблея жастармен жүргізілетін жұмысқа баса назар аударуға тиіс.  Әрине, бұл салада тәжірибеміз бар, соны одан әрі дамыта берген жөн»,- деп еліміздің әр түкпіріндегі аналар кеңестері ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа тәрбие берілетін өзіндік мектепке айналғанын атап өткен болатын.


Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанайдың айтуынша, бұған дейін өңірлік кеңестер аталып келген аналар кеңесін республикалық деңгейде құрып, бекіту туралы шешім биыл қабылданған. Қазір республикалық Аналар кеңесі аясында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы қолға алынып жатыр. Жоба аясында аналар кеңестері аналарға ана тілін үйретуді, елге танымал аналарымызды қазақтың «төркіндеу» рәсімі арқылы жастарға насихаттауды, отбасы шаңырақтарын шайқалтпау үшін келін болуды, ене болуды, баланы рухани тәрбиелеуге кеңес беруді қолға алмақ. – «Қоғамда аналарға ұлттық рухани тәрбие беру қажеттілігі бар. Себебі Ана – ұлттың ұяты. Негізгі мақсат – Аналар мектебін қалыптастыру,- дейді Нәзипа Шанай. Иә, «Әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» дейді халық даналығы. Ана – ұлттың тірегі, отбасының ұйытқысы. Заман ығына қарай іскер әйел атанып, аналар кеңесі арқылы талай игілікті істің басында жүрген қазақ қыздарының еңбегі ерен. Асыл ана, ардақты әжелердің үлгілі ісі мен өнегелі тәжірибесін көпшілікке насихаттауда да «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының ауқымы кеңейе түспек.


Жаркент Жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің ғимаратында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ауданның этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қолданбалы өнер бұйымдарынан және ұлттық тағамдардан, музыкалық аспаптардан көрме ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру. Отырыс жұмысына аналар және қоғамдық келісім кеңестерінің төрағалары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, медиаторлар, Панфилов ауданының ішкі саясат бөлімінің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Аналар кеңесінің өкілдері биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Сондай-ақ, медиация кабинетінің меңгерушісі, кәсіби медиатор Бақыт Шыңғаева өз баяндамасында медиация, этномедиация институты туралы егжей-тегжейлі мағлұмат берді. Қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтудағы Медиация – Ассамблея жұмысындағы маңызды бағыттың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ассамблеялық аналар кеңесі «Ана әлдиінен», «Ақ орамал» сынды акциялар ұйымдастыру арқылы да ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін, бейбітшілік пен татулықты насихаттау, ұрпақ тәрбиесінде ұлтымыздың әдет-ғұрыпын түсіндіру бойынша да игілікті істер атқарып келеді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ПІКІР ЖАЗУ